Спорт • 25 Қазан, 2019

Дзюдо: Ғұсман Қырғызбаев Әбу-Дабиде топ жарды

443 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біріккен Арабтар Әмірлігінің (БАӘ) астанасы Әбу-Дабиде өтіп жатқан Гранд-Слэм жарысының алғашқы күні артта қалды.

Дзюдо: Ғұсман Қырғызбаев Әбу-Дабиде топ жарды

Айтулы додада ерлердің ең жеңіл салмағында белдескен қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев бас жүлдені иеленді. Бастапқы бәсекелерде Оңтүстік Корея, Әзірбайжан және Бразилияның өкілдерін ұтқан ол жартылай финалда ресейлік Яго Абуладзеден айласын асырды. Ал финалда қандасымыз франциялық Валид Киярды қапы қалдырды. Дәл сол салмақта бақ сынаған еліміздің ең белді дзюдошысы Елдос Сметов қола медаль үшін тартыста Яго Абуладзеге есе жіберіп, бесінші орында қалып қойды.

Өкінішке қарай, өзге жерлестерімізге жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмады. 66 кило салмақтағы Елдос Жұмаханов екінші айналымда жеңіліс тапса, Ерлан Серікжанов жұбаныш бәсекесінде сәтсіздікке ұшырады. Қос қандасымызды да жүлдеден айырған испаниялық Альберто Гайтеро Мартин.

Әйелдер арасындағы бәсекеде Анна Казюлина (52 кило) мен Севара Нышанбаева да (57 кило) алғашқы айналымдардан аса алған жоқ.