Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін шаттанып шыққан біздің жігіттер санаулы секундтар аралығында қатарынан екі мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Әлихан Әсетов (23 минут) пен Роман Старченко (24 минут).
Алайда айдын иелері де қарап қалған жоқ. Екінші кезең аяқталғанға дейін олар таразы басын теңестіріп үлгерді. Бұл ретте Артур Каюмов (31 минут) пен Степан Санников (36 минут) дәлдік танытты. Үшінші кезеңде де осы тең есеп сақталды. Ал овертаймда Рушан Рафиков жеңіс голын соқты. Осылайша бұл матч 3:2 есебімен «Локомотивтің» пайдасына шешілді.