Экология • 25 Қазан, 2019

Солтүстік Қазақстанда 900-ге жуық заңсыз қоқыс алаңы бар

777 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында  рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау фактілері көбеймесе, азаяр емес. Оны экология департаментінің мамандары да растап отыр.

Солтүстік Қазақстанда 900-ге жуық заңсыз қоқыс алаңы бар

Өңір бойынша  күл-қоқыс төгетін 17 полигон,  252 жер учаскесі белгіленмен, адамдар  кез келген орынды қоқыс алаңына айналдырып жіберген секілді. Жыл басынан бері облыс орталығынан ғана үш мың тоннадан астам заңсыз қоқыс шығарылған.  Петропавл шаhарында  80 заңсыз орынның  6-уы ғана тазартылған. Әсіресе, шеткері аймақтарда бұл  жұмыс баяу жүргізілуде.

«Экологияны жақсарту мақсатымен министрлік өкілдері «Ғарыш сапары» АҚ-мен келісім-шарт жасасты.  Бұдан былай ғарыш арқылы қоқыс үйінділері жатқан жерлер анықталып,  суреттері мен орналасқан орындары тиісті органдарға  жіберіліп отырады. Мәселен, биыл өңірде арнайы гео-порталдың көмегімен 884 қоқыс орны анықталса, оның 80-і облыс орталығында орналасқан», дейді  облыстық  экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Бектасов. Қоқыс қалдықтарынан тазарту жұмыстарын нашар жүргізгені үшін инспекторлар мен 7 ауылдық әкімдерге айыппұл салыныпты.

«Ғарыш сапары» АҚ көмегімен жасалған гео-порталдан Петропавлдан  50 шаршы шақырым радиус аралығында бей-берекет төгілген қоқыс үйінділерін байқау қиын емес.  Оның мысалдары Қызылжар, Аққайын, Мамлют, М.Жұмабаев, Тайынша, Есіл аудандарында жиі кездеседі.

Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жол-көлік, автлмобиль бөлімінің сектор меңгерушісі Дулат Шәріпов та Жұмысшы, Заречный  кенттері мен Бензострой шағынаудан тұрғындары коммуналдық шаруашылықтармен келісімге отырмағандықтан, арнайы қоқыс контейнерлері  орнатылмағанын  жасырмайды. Пластик, полиэтилен қалдықтарының қоршаған ортаға, адам денсаулығына зияны орасан екенін біле тұра  самауқаулықтан арылар емес.

 

Солтүстік Қазақстан облысы