Президент • 28 Қазан, 2019

Қазақстан-Беларусь: Іскерлік байланыс дамып келеді

441 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконы жылы шыраймен қарсы алды. Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында шынайы достық байланыс орнатқан екі елдің іскерлік әріптестігіне, экономикалық, гуманитарлық және халықаралық қарым-қатынастарына тың серпін берген маңызды қадамдар түседі.

Қазақстан-Беларусь:  Іскерлік байланыс дамып келеді

 Ынтымақтастыққа серпін берген сапар

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар екі ел арасындағы өзара стратегиялық әріптестік пен экономикалық іс-қи­мылдардың дамуына соны сер­пін беретінін, Беларусь Респуб­ликасы тәуелсіздігінің негізін қалаған көрнекті мемлекет қай­раткері Александр Лукашенкоға Қазақстанда шынайы құрметпен қарайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мей­мандостық көрсеткені үшін ри­зашылығын білдірген Александр Лукашенко екі ел арасында қалыптасқан тарихи достық қарым-қатынасқа назар аударып, мұндай берік байланыс бірін-бірі толықтырып отыратын экономикамызда жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

Бұдан кейін екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Тараптар күн тәрті­бін­дегі екіжақты ауқымды мәсе­ле­лерді талқылады. Негізгі әңгіме сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту бағытында өрбіді. Сонымен қатар мемлекет­тер басшылары саяси, мәдени-гума­нитарлық салалар мен халық­ара­лық құрылымдар аясын­дағы өзара іс-қимылдарды қарас­тыр­ды.

Беларусь делегациясына ілти­пат білдірген Қазақстан Пре­зи­денті екі елді достық пен ынты­мақтастықтың дәстүрлі арқауы байланыстыратынын айтты.

– Александр Лукашенко бас­тап келген делегацияның осы сапары – өзара ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауға жақ­сы мүмкіндік. Біз елдеріміз ара­сын­дағы сауда-саттық көлемін ұлғай­туға, гуманитарлық салада­ғы байланыстарды нығайтуға, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты белсенді түрде жалғастыруға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келіс­сөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екі мем­лекет арасындағы ынтымақ­тас­тықты тереңдету үшін жасалған маңызды қадам саналатынын жеткізді.

Александр Лукашенко бела­русь-қазақ қарым-қатынасының деңгейі екі елдің стратегиялық мүдделеріне толық сай келетінін айтты.

– Бұл – болашаққа маңызды жоспарлар жасауға мүмкіндік беретін ұзақ жылдар бойғы тыным­сыз еңбектің нәтижесі. Минс­кі мен Нұр-Сұлтан арасын­да барлық деңгейдегі ықпал­дас­тық­тың оң тәжірибесі қалып­тас­қан, – деді Беларусь Прези­денті.

 Сауда-экономикалық байла­ныстарға тоқталған Александр Лукашенко Қазақ­стан­ды негізгі сауда серіктесі санайты­нын айтты. Ол соңғы үш жылда екі ел­дің өзара тауар айналымы екі есеге ар­тып, 1 миллиард долларға жуық­тағанын мысалға келтірді. Бұған қоса Қазақ­стан­ның Беларусь Рес­публикасына шыға­ратын импорты 45 пайызға өскенін мәлім етті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өзара серік­тестікті одан әрі жандандыратын және халықаралық аренадағы іс-әре­кеттерді үйлестіретін Бір­лескен мәлімдемеге қол қойды.

 Қазақстан – Азияға ашылған қақпа

Екіжақты шағын және кеңей­тілген келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Алдымен екі елдің минис­тр­лер ка­би­неттері өкілдері бір­қатар құжатқа қол қойды. Олар – Қазақстан Республи­ка­сы­­ның Үкіметі мен Беларусь Респуб­ли­касының Үкіметі ара­сындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Бела­русь Респуб­ликасының Тергеу комитеті арасын­дағы ынты­мақ­тастық туралы келісім; Қазақ­стан Республикасы Ұлттық қауіп­сіздік комитеті және Бела­русь Респуб­ли­касының Прези­денті жанындағы Же­дел-талдау орталығы арасындағы жедел-техникалық саладағы ынты­мақтас­тық және өзара іс-қимыл жасау туралы келісім; Қазақстан Республикасы мен Бела­русь Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған ынт­ымақ­тастық жоспары; Қазақ­стан Респуб­ликасының Әділет министрлігі мен Бела­русь Республикасының Мемле­­кеттік мүлік комитеті арасын­дағы жыл­жы­майтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мәсе­лелері бойынша келісім; Қазақ­стан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрлігі мен Беларусь Рес­публикасының Ұлт­тық ғылым академиясы ара­сындағы Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.

Журналистер алдында сөйлеген Мем­лекет басшысы Қазақстан мен Бела­русь арасындағы табысты әрі тиімді ынты­мақтастықтың негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лука­шенко қалағанын атап өтіп, Беларусь көшбасшысының бұл сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жалғасы саналатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лука­шенконың ТМД кеңістігіндегі ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі екеніне тоқталып, соңғы жарты жылдың ішінде онымен үшінші рет ресми кездесіп отыр­ғанын және бұл екі тараптың да ынты­мақтастықты өзара тереңдетуге және дамытуға деген ұмтылысын көрсе­те­тініне назар аударды.

Мемлекет басшысы тараптардың екі­жақты келіссөздер қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың бірқатар маңызды бағыттарына, ең алдымен, сауда-экономика саласына қатысты ортақ пікірге келгенін айтты.

– Былтыр өзара сауда көлемі шамамен 800 миллион доллар болды. Бұл – жақсы үрдіс, бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті тауар айналы­мын және жеткізілетін тауарлар санын ұлғайту үшін екі ел үкіметтері арасында Арнайы ұзақмерзімді жоспарды әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады және Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев брифингке қатысушылардың назарын Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара өнеркәсіптік іс-қимылдарды күшейту туралы келісімге аударды.

– Қазіргі уақытта Қазақстанда Бела­русь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 8 бір­лескен кәсіпорын ірі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы техникасын шығарумен айналысады, – деді Мем­ле­кет басшысы.

Мемлекеттердің географиялық ерек­шеліктеріне тоқталған Қасым-Жо­март Тоқаев екі елдің өзара қарым-қаты­нас­­тарында маңызды рөл атқаратын кө­лік-транзиттік іс-қимылдары жөнінде айтты.

– Егер Қазақстан Азияға ашылған қақпа болса, Беларусь Еуропаға салынған көпір. Сондықтан елдеріміздің «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасының бір бөлігі болуы бекер емес. Оның жүзе­ге асырылуы сауда-экономикалық байла­ныс­тарымызға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен көлік-логистикалық компа­ниясының жұмысын оң бағала­ды. Қазақстан мен Беларусь бұл кәсіпорын­ның акцио­нерлері саналады. Прези­дент­тің айтуынша, компанияның соңғы үш жыл ішіндегі қызметінің нәтижесінде Қазақстан мен Беларусь арқылы Қытай – Еуропа – Қы­тай бағыты бойынша контейнерлік темір жол тасымалы шамамен 6,5 есеге артқан.

Мемлекет басшысы Назарбаев Уни­вер­ситеттің, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің, Минскідегі жоғары технологиялар паркінің табыс­ты қызметін үлгі ете отырып, IT сала­сын­дағы өзара ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ қаржы саласына қа­тысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында ықпалдастық орнатуды ұсынды.

– Қазақстан екі мемлекеттің өңірлер ара­сын­дағы экономикалық байланыстар­ды дамытуға ниетті. Бұл үшін Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізудің перспек­тиваларын қарастыру мәселесі ұсы­нылды. Бүгінде Қазақстан мен Бела­русь мұндай тәжірибені өзге мемлекеттер­мен ықпалдастықта жүзеге асырып отыр­ғандықтан, өңірлер деңгейінде де ынты­мақтастығымыз табысты болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, ғылым және білім саласындағы ынты­мақтастықты одан әрі дамыту маңызды деп санайтынын айтты.

Президент келіссөздер барысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жыл­дығын атап өту мәселесі де кө­те­рілгенін айтты.

– Сол сұрапыл жылдары барлық кеңес халқы сияқты қазақ-белорус халық­тары да неміс басқыншыларына тізе қосып қарсы шықты. Басқыншылар әске­рінің алғашқы соққысын қабылдаған Беларусь ең ауыр шығынға ұшырады. Біз әкелеріміздің ерен ерлігін ұмы­туға хақымыз жоқ. Қаза тапқан жауын­гер­лердің рухына тағзым етуге міндеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын жеткізді.

– Бүгінде Қазақстан мен Беларусьтің әлемдегі ахуалдың дамуына қатысты көзқарастары ортақ және оны бірдей ба­ғалайды. Сондай-ақ екі ел БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және Еуразия­лық экономикалық одақ сияқты түрлі ха­лықаралық құрылымдар аясында конс­труктивті ынтымақтастық орнатқан. Бе­ларусь елі Дүниежүзілік сауда ұйымына кір­ген кезде біздің көрсеткен қолдауымыз өзара тиімді іс-қимылдардың дәлелі болып саналады, – деді Қазақстан Прези­денті. Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың сапары өзара сенім мен түсіністік рухын­да өткенін айтып, қол жеткізілген уағда­лас­тықтар мен қабылданған шешімдер екі ел халықтарының игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

 Беларусь – Еуропаға салынған көпір

Ал өз кезегінде Беларусь Республи­ка­сының Президенті Александр Лукашенко Қазақстанмен ынтымақтастықтың өз елі үшін басым бағыттары туралы әңгімеледі.

– Басым бағыт ретінде өнеркәсіп кооперациясын одан әрі дамыту белгі­лен­ді. Біз кең таралған және дамыған қара­пайым саудадан кооперациялық қарым-қатынастарға өтеміз. Бүгінде мұн­да комбайн, трактор, жүк көлігі, тірке­ме және аспалы ауыл шаруашылығы тех­ни­касы сияқты Беларусь техникаларын құрастыру бойынша бірлескен кәсіп­орындар табысты жұмыс істеуде. Біз ком­байндар өндірісінің көлемін ұлғайту туралы келістік, сондай-ақ Қазақстанда Минск трактор зауытының техникасын шығару бойынша одан әрі жұмыс стратегиясын анықтадық, – деді Александр Лукашенко.

Ол елдің өнеркәсіп кооперациясымен қатар ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, жол құрылысы, жоғары технологиялар, ғарышты бейбіт игеру сияқты экономиканың басқа салаларында тиімді ынтымақтастықты арттыру үшін қажетті әлеуетке ие екенін атап өтті.

– Дәстүрлі түрде бізді Қазақстанда өндірілетін металдар, астық, мақта талшығы, мұнай өнімдері қызықтырады. Өздеріңіз білетіндей, Беларусь мұнай жеткізуді әртараптандыру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Сондықтан біз Қазақстаннан бұл шикізатты импорттауға мүдделіміз. Біз жақын арада қазақстандық мұнай транзитін Ресей аумағындағы құбыржол арқылы жүзеге асыру үшін Ресеймен консультациялар өткіземіз деп келістік. Мен бір байламға келеміз деп ойлаймын, – деді Беларусь Президенті.

Сондай-ақ ол жоғары технологиялар саласын дамытуды ескере отырып, екіжақты инвестициялық өзара іс-қимыл үшін жақсы мүмкіндіктер ашылғанын, келешегі бар компаниялар мен стартаптарды дамытумен айналысатын бірлескен венчурлік қор құру туралы мәселені пысықтауға келіскендерін мәлімдеді.

Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевты Беларуське 2020 жылы ресми сапармен келуге шақырды. Ол бұл сапар бүгінгі Нұр-Сұлтанда қол қойылған келісімдердің орындалуын қадағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Қазақстан бізге стратегиялық, одақтастық және бауырластық қарым-қатынас жасайтындай шынайы дос екенін уақыт дәлелдеген. Қазақстан халқына Беларусьпен тығыз байланыс орнатып, дұрыс жасадыңыздар дегім келеді. Біз – сөзге берік халықпыз, ешқашан ешкімді жерге қаратпадық және сіздердің де сенімдеріңізді ақтаймыз. Еуропа орталығында бір үйіміз бар деп біле жүріңіздер, – деді Президент.

Келіссөздерді қорытындылай келе, Александр Лукашенко Қазақстан тарапына сындарлы көзқарас пен екі елдің игілігі үшін барлық күш-жігерді салуға әзірлігіне алғысын білдірді.