Мун Чже Ин үкіметінің қадамы мен мақсаты – шағын және орта бизнестің жартысын «ақылды» зауыттарға айналдыру арқылы шағын және орта бизнеске арналған жобаларды іске асыру.
Үкімет шағын бизнеске арналған инновациялық технологиялар стратегиясын жариялады. 2022 жылға дейін үкімет 30 000 «ақылды» зауыт пен 10 «ақылды» өнеркәсіптік кешен құруды, өндірісте қауіпсіз жұмыс орындарын ашуды, өндірістегі жазатайым оқиғалардың санын 30%-ға азайтуды және 100 000 «ақылды» зауыт мамандарын тартуды ұсынғаны бар.
«Ақылды» зауыт, бұл – өнімді өндіру процесінде алдыңғы қатарлы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) енгізу арқылы автоматты түрде басқарылатын өндірістік жүйе. Бұл нақты уақыт режімінде жеке өндіріс үшін маңызды құрал болып саналады, сонымен бірге өнімділікті арттырады және өнімде болатын ақаулық деңгейін төмендетуге көзделген жоба.
Айталық, корейлердің өзі шағын және орта бизнестің өнімділігін арттыруға біршама мән бермей келдік деп отыр. Қазіргі таңда оны қайта қолға алуды көздеуде. Өйткені заман мен уақыт талабы шағын және орта бизнестің дамуының маңыздылығын байқатты. Тек қана ірі чэбольдар (қаржы-өндірістік кластер) мен ірі компаниялар экономиканы сақтап қала алмайды. Расында, егер олар құлдыраса, шағын және орта бизнес олардың орнын басып, дамитын келесі сатыдағы резервтегі дайын компаниялар болу керек.
Біріншіден, корейлер жұмыс уақытын қысқартумен жұмыс істейтін компанияларды және «түпкі сала» немесе өнімділікті арттыру күтілетін стратегиялық салаларды қолдауға шешім қабылдап, нақты компаниялардың жұмысын жетілдірмек. Мұндай елдегі шағын және орта бизнес үшін зияткерлік өндірістік шешімдерді енгізу заманауи қажеттілік қана емес, өсу мен өркендеудің бір түрі, моделі мен жолы болмақ. Иә, шын мәнінде қазір шағын және орта бизнесті дамыту бір Қазақстанның ғана емес, әлемнің бас қатырып отырған мәселесі.
Үкімет «ақылды» зауыттар өндірісіне 2 триллион вон көлеміндегі инвестицияны, Шағын және орта бизнесті дамыту корпорациясын қолдауға және «ақылды» зауыттарды салу мен жабдықтауға 300 миллиард воннан тұратын арнайы қор құруға шешім қабылдады.
Бұл сонымен бірге аймақтық қолдау моделін құру арқылы жергілікті өзін өзі басқарудың қатысуын арттырады. Мұны шағын және орта бизнесті қолдау үшін үкімет пен жергілікті өзін өзі басқару органдарының басын қосатын форма деп айтсақ болады. Осындай істер біздің Қазақстан Үкіметі мен аймақтардың әкімдіктеріне керек-ақ. Алайда шығыстық мұндай үлгіні зерттеп-зерделеу үшін көп жағдайда тиянақты жұмыс атқарылуы керек.
Корейлердің мұндай ісі сонымен қатар ірі компанияларды белсенді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар компаниялар келесі жылы «ақылды көмекші» ретінде ірі компаниялардан зейнетке шыққан 100 «ақылды» зауыт технологиялары бойынша мамандарды шақырып, оларды ШОБ-қа жіберуді жоспарлап отыр. Олар шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен зауыттың «ақылды» құрылысы және техникалық қолдау, кейінгі менеджмент және ноу-хау мәселелері бойынша кеңес алады. Ескі кадрды тиімді пайдалану дегеніңіз осы. Ал біз «ескі кадр зейнеткерлікке тезірек шықсын, олар қажып-қалжырады, олардың ақыл-кеңесі кімге керек» деп жатамыз. Содан барып жас кадрлардың дайындығының кемшілігінен және тәжірибелі кадрлардың ақыл-кеңесін алмаушылықтан кейде зиян шегіп жататынымыз аз емес. Бұл да біз үшін сабақ алатын дүние.
Сонымен қатар 2019 жылы компаниялар өндірістік деректерді жинап, талдай алатын және жеткізушілерге 1,1 трлн вон болатын ғылыми-зерттеу және бюджеттің 20%-ын қамтамасыз ететін үлкен деректер орталығы мен платформаны салуды жоспарлаған. Бұл да өндірістік даму кезінде өте маңызды шара. Кез келген өндірістік деректер мен көрсеткіштер шағын және орта бизнестің аяқ алысынан хабар береді. Өнімдерінің еселенуін бақылатады. Сөйтіп 2022 жылға қарай «ақылды» зауыттардың 50000 қызметкерін өсіру мақсаты 100 мыңға дейін жеткізілмек. Міне, Оңтүстік Корея елінің шағын және орта бизнесінде осындай өзгерістер болып жатыр.
Бір қызығы, үкіметтің ауқымды әрекеті – 30 мың «ақылды» зауытты қалай құрады деп біраз шетелдік мамандар ойланып қалғаны бар. Кейбір елде «жүз» деп көсіле сөйлеп, соңынан коррупцияға белшеден батып, құмға құйған судай, ақша да жоқ, жоба да жоқ болып, басталған іс орта жолда қалып жатады. Ал Оңтүстік Кореяда 30 мың «ақылды» зауыт пен 10 мың «ақылды» индустриалды кешенді құруды мақсат еткенін, соны қазір тап-тұйнақтай, шашау шығармай жүзеге асырып жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Демек бұл ел тағы да бір күш-қайратын жинап, даму үшін тырысып, талпынып көрмек. Шыны керек, Оңтүстік Корея бұрынғыдай дүркіреп дамуын аңсап отыр. Байқасаңыз, мұны өндірістік индустриялық 4-ші революцияға деген дайындық па деп қаласың. Екі ірі дағдарысты бастан кешірсе де, қайтпас қайсар елдің шағын және орта бизнеске деген тағы бір бет бұрысы дамушы елдерге үлкен сабақ болмақ.
Осындай жобаларды Үкімет болып жүзеге асырарда бұған министрлік пен шағын-орта бизнес өкілдері, бірқатар мамандар қатыстырылады. Жалпы, осы жоспарда жазатайым болатын түрлі өндірістегі оқиғаларды 30 пайызға азайтуды көздегені корейлердің шағын және орта бизнес саласында әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетеді. Корей елінде өндірістік түрлі оқиғалар болып тұратыны белгілі. Біздің елде өндірістік түрлі жазатайым оқиғалардың болуы мен оның алды алу туралы мәселе, өндірістік зардаптарды азайту көп талқылана бермейді.
Мойындауымыз керек, Оңтүстік Корея экономикасы мен бизнесін, шағын және орта кәсіпті дамытуда бізден алда келе жатыр. Олар әрдайым дұрыс бағытты ұстанып келеді. Осы жоғарыда аталған жоспарлары бойынша былтыр корей үкіметі жұмыс орнын көбірек құруды көздеді. Өйткені бұл елде жастар арасында жұмыссыздық жаппай белең алып кеткендіктен, қазір соны қысқарту үшін жанталасып жұмыс істеуде. Әсіресе жастар жағы... Табыссыз, үйсіз-күйсіз. Жұмыссыздық екі бүйірден қысып барады.
Десек те, Оңтүстік Корея үкіметінің шағын және орта бизнесті, өндіріс пен өнеркәсіпті дамытуға деген ниеті мен қадамдарынан көпшілік дамушы елдер, соның ішінде Қазақстан да үлгі алуы қажет. Корейлер жоқты бар еткен, қазба байлығы жоқ болса да, ақылдың және еңбектің күшімен табысқа жеткен ел. Бұл ел кез келген зауыттың сапасын арттырып, айтқан жоспарды толық орындауға бел шешіп кіреседі.
Қорыта айтқанда, басқа елдердің экономикалық бағыт-бағдары біз үшін жай ғана мысал болып қала бермей, олардың жақсы жобаларын қолданысқа енгізіп, тиімді жүзеге асыруымыз қажет.
Дастан Ақаш,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Оңтүстік Корея,
Сеул қаласы