Қазақстан • 28 Қазан, 2019

Лотерея бизнесіне қосымша құн салығы қалай әсер етеді?

514 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Лотерея бизнесіне әлеуметтік алымдардан бөлек қосымша құн салығы салынды. Салық ауыртпалығының артуына байланысты дамып келе жатқан нарық едәуір бәсеңдеді. Қазақстандағы лотерея бизнесі үшін салық ауыртпалығын төмендету – нарықты дамытудың басты мәселесі болып табылады. Қызметтің бұл түріне қосылған құн салығын (ҚҚС) салу 2018 жылы екі жылдық қызмет барысында енді дамып келе жатқан «Сәтті Жұлдыз» АҚ бірыңғай лотерея операторына соққы болды.

Лотерея бизнесіне қосымша құн салығы қалай әсер етеді?

«Бүгінде біз Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елде­рінде бірыңғай лотерея құру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бізге ЕАЭО елдерінен және әлемнің басқа елдерінен бір айырмашылық кедергі келтіруде. Бұл – біздің қызметіміздің құрылымында ешқандай қосылған құнның болмауына қарамастан, елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап лотереялық қызметке ҚҚС салынуы. Біздің саламызға ҚҚС енгізу қисынсыз. Ел Президенті салық саясатына дамыған елдердің озық тәжірибелерін енгізу қажеттілігі туралы айтқанын атап өткім келе­ді. Біз бәрін керісінше істеу­деміз», дейді «Сәтті Жұлдыз» АҚ президенті Александр Тен.

ҚҚС ұлттық оператордың барлық сатуына, соның ішінде айналымның 70%-ын құрайтын жүлде қорына салынады, ал бұл «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңға қайшы келеді. Оның үлесін арттыра отырып, «Сәтті Жұлдыз» АҚ іске асыру динамикасын жақсартуды жос­парлап отыр. Айта кететін жайт, заңнама бойынша жүлде қорының деңгейі 50%-ды құрауы мүмкін.

Бұл ретте үлкен қаржылық ауырт­палықпен қатар, бірың­ғай оператордың елдегі спортты қол­дау міндеттемесі бар. Компания қызмет ету кезеңінде өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, спортты дамытуға 286 миллион теңгеден астам қаражат аударды. Заңға сәйкес, сатылым және жүлде қоры арасындағы айырмашылықтың 10%-ы спортты дамыту үшін аударылу керек. Алайда, «Сәтті Жұлдыз» АҚ ойынның жалпы кірісінің 15%-ын аудару туралы бастама көтерген. 2018 жылдың шілдесіне дейін аударымдарды алушы Қазақстан Республикасының Спортты дамыту қоры болды, кейін барлық мақсатты қаражат Ұлттық Олимпиада комитетіне жіберілетін болды.

«Біз лотереялық қызметке ҚҚС енгізу туралы шешім қабыл­данбаған кезде елдегі спортты дамытуға бағытталған шеге­рімдер бойынша көтеріңкі міндеттемелерді қабылдадық. Яғни, сол кезде қалыптасқан халықаралық тәжірибеге, соның ішінде Еуразиялық одақ елдеріне сәйкес келетін жағдайлар әрекет етті. Иә, шетелдегі лотерея компаниялары қандай да бір акцизді, немесе шегерімдерді төлейді. Біз спортқа қаржы саламыз», деді Александр Тен. 

Лотереяларды таратуға ма­ман­дандырылған серіктестік желілер де фискалдық жүктемені көтереді. Дистрибьюторлар оларға алымдарды патенттік ре­жімде төлеу мүмкіндігін беруді сұрауда. Бүгінгі таңда олар үшін мөлшерлеме 3% деңгейінде белгіленген, дейді «Қазақстан Лоте­рея одағының» атқарушы директоры Александр Мухин. Бұл жағдай осы саладағы ШОБ-тің дамуына кедергі келтіреді, дейді ол. Бүгінде онда 3 мыңнан астам кәсіпкер жұмыс істейді.

Жаңартылған Салық кодексін­дегі қателікті Парла­ментте де мойындады. Заң шығарушы орган лотерея қызметіне қатысты түзетулер пакетін қарастыруда. Мәжіліс депутаттарының бас­тамасы бойынша лотерея компаниялары үшін ҚҚС-ты алып тас­тау ұсынылады. Бүгінгі таңда құжат Үкіметте тұжырымын ал­­ды. Бұдан кейін осы мәселені Парламенттің екі палатасында пленарлық отырыста талқылау болады. Атап айтқанда, күн тәр­тібінде келесі түзетулер бар: тара­тушыларға салық салу па­тентін немесе жеңілдетілген режімін қолдану мүмкіндігіне түзетулер енгізу; лотерея үшін ҚҚС-ты алып тастау; басқа лотереяларды жарнамалауға және жарнамада «лотерея» сөзін қолдануға тыйым салу, сондай-ақ осы бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл салу; лотереяларды түріне қарай бөлудің негізгі өлшемдерін заңға енгізу, сондай-ақ лотереялардың жекелеген түрлерін заңнан туындаған актілер деңгейінде реттейтін ережелерді енгізу.

Айта кестек, соңғы бірнеше жыл ішінде лотерея нарығында көптеген өзгерістер орын алды, соның ішінде 2016 жылғы 9 сәуірде «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңының қабылдануы және 2017 жылдың ақпанында бірыңғай лотерея операторының таңдалуын айтуға болады. Бәйгеге қатысқан 9 компания ішінен оператор болып «Сәтті Жұлдыз» АҚ сайланды. 2018 жылдан бастап осы салада айтарлықтай өсу байқалады. Осы уақытта компания айналымы 10 881 621 000 теңгені құрады. 2018 жылы көрсеткіш 2,6 миллиард теңгені құрап, 2016 жылғы лотерея саласындағы жалпы жылдық айналымнан асып кетті. 2019 жылдың тоғыз айында лотерея саласындағы айналым 4 миллиард теңгеге жетті.