Конгресс өткізудегі мақсат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айында «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында сөз сөйлеп, Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы хан есімін ұлықтау туралы айтқан болатын. Осындағы Президент тапсырмасын жүзеге асыру және іргелі империя Алтын Орданың 750 жылдығына орай ұлыс тарихын талқылау, насихаттау, тарих ғылымы мен білім берудің өзекті мәселелерін талдау, мұражайлар мен мұрағаттар жұмысын жаңа деңгейге көтеру, ұлттық тарих бойынша орта мектеп пен ЖОО оқулықтарының жағдайын жақсарту екен.
Жоғарыда мақсаты айқындалған шараны нәтижелі атқарып шығу үшін ғылыми форум: Ұлы Дала тарихындағы Жошы тұлғасы; Жошы ұлысы және түркілік әлем; Алтын Орда және Қазақ хандығының тарихи сабақтастығы; Ұлытау – ұлт тарихының өзегі; Отандық тарих ғылымы мен біліміндегі өзекті мәселелер атты бес тақырып бойынша жұмыс жоспарын бағыттапты.
Маңызды жиынды ашып, келелі кеңестің беташар сөзін бағыштаған Тарихшылардың ұлттық конгресі басқарма төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов мырза, қазіргі таңда отандық тарихнаманы зерттеудің жаңа қалыптағы әдістемесін негіздеп, тарих қатпарын ашу арқылы жаңа идеяларды және бүгінгі қоғамда туындап отырған тың пайымдарды мемлекеттік компоненттер контексімен қортындылау мүмкіндігі туып тұр. Қоғамда тарихқа деген серпіліс тарихшы мамандарға белсенділік әперді. Еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік жүйесі жаңарып, зияткерлік қоғамның жасампаз тұлғасын қалыптастырып, ұлттық тарихтың тың белестерін зерттеуде тарихи сабақтастықтың болуы заңдылық, дей отырып, атап өтілген мақсатты іске асыру үшін барлық тарихшылар бір атаның баласындай жұмыла жүк көтеруі қажет деген жүрекжарды ұсынысын жеткізді.
Осылай басталған конгресс-кеңес әрі қарай баяндамашылардың сөз саптауына жалғасты. Атап айтсақ, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған «Алтын Орда тарихы: тақырыптың жаңаша зерделенуі», академик Болат Көмеков «Дала өркениеті және мемлекеттілік», әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу ғылыми орталығының директоры, танымал тарихшы Талас Омарбеков «Қазақ тарихы: жаңа зерттеулер кеңістігіндегі Жошы ұлысының тарихы», түрколог-ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы «Жошы-Қыпшақ ұлысы» т.б. ғалымдар аталған тақырыптар бойынша көсіле сөйлеп, кесек-кесек пайымдары мен кемел ойларын ортаға тастаса, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Жошының ұрпағы Сұлтанмәмет сұлтанға қатысты архивтік деректерді көпшілікке таныстырды.
Маңызды басқосу барысы баяндамалар тыңдап, ой талқылаудың сыртында, соңғы жылдары атқарылған ғылыми экспедиция, отандық тарих қазынасына жаңадан қосылып жатқан кітап-журналдың таныстырылымына ұласты. Соның бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Мемлекет тарихы институты ұйымдастырған «Қазақ хандарының жолдарымен» атты ғылыми экспедициясы. Жорыққа қатысуышлар еліміз бойынша 4500 шақырым жол жүріп, көптеген бейнеқұжаттар мен суреттер жинаған екен. Тағы бір жаңалық – конгресс аясында күллі түркі әлеміне ортақ «Turkic Studies Jornal» атты халықаралық журналдың жарық көруі. Шығармашылық ұжым жетекшісі ғалым Ш.Ыбыраевтың пайымынша, журнал үш тілде мақала жариялайды, тарих, этнография, фольклор, әдебиет т.б. тақырыптар қамтылады һәм рецензиялар мен шолулар болады. Авторлары – әлемге әйгілі түркологтар. Болашақта басылымды скопус (scopus) жүйесіне тіркеу жайы қарастырылмақ.
Көпшілік таныстырылымына ұсынылған келесі туынды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей директоры Нұрсан Әлімбайдың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты ғылыми энциклопедия. Бұл бес томдық алғаш рет 2014 жылы жарық көрген-тін. Ал мына таныстырылымдағы нұсқасы жаңадан толықтырылған түрі екен. Яғни, бес томдық алғашқысынан 424 бетке көбейіп, тыңнан 688 мақала қосылса, 682 мақала жаңа мәліметпен толығып, 527 мақала екінші қайта редакцияланыпты. Сол сияқты бес томдықтағы 5846 мақалада ежелгі көшпенділер арасында қалыптасып, қолданыста болған 10 мыңнан астам таза қазақы тарихи-этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулар зерттелген. Бұл энциклопедияға түркі халықтары әлеміндегі алғашқы зор туынды деген баға берілді.
Сонымен қатар жиын үстінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бастамасымен қолға алынып жатқан «Қазақстан тарихы» энциклопедиясының бірінші томы және қытай ғалымы Су Бэйхайдың қазақ тарихына қатысты жазған «Қазақтың жалпы тарихы» атты төрт томдықтың 1,2,3-ші томдары таныстырылды. Соңғы туындының жоба жетекшісі тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлының сөзінен түйгеніміз: бұл туындылар қытайлық ғалымның көзқарасы тұрғысынан жазылғандықтан мұнда шығыстық танымның әдістемесі сіңірілген. Құндылығы да осында. Екіншіден, бұл кітаптарда ежелгі үйсін, сақ, ғұннан тартып, орта ғасырдағы түркі тайпалары: найман, керей, уақ, жалайыр, одан кейінгі қазақ хандығы дәуіріне тән оқиғалар желісі баяндалады. Әсіресе ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласын отарлаған Ресей әрекетін қатты сынайды. Бұл туындылардың барлығы шын мәнінде ұлт қазынасына қосылған құнды еңбектер екені анық.
Жиын соңында конгреске қатысушылар алда атқарар жұмыстардың жоспарын нақтылап, маңызды қарар қабылдады.