Кино • 28 Қазан, 2019

Қазақ киносының төрт түйіні

352 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ киносының пұшпағынан ұстап айырылмай жүргеніме де біраз жыл. Пұшпағынан айырылмаспын-ау, оны енді илеу керек емес пе? Илетпеді ғой... C.Параджанов деген қолтаңбасы ерек, тамаша режиссер өткен өмірден. Сол жарықтық өмірінің соңғы сәттерінде көзі жасаурап отырып айтқаны бар еді: «Менің «байлауда» өткен (ол кісінің фильмдері полкада жатып қала беретін), айдауда өткен (ол кісі түрлі жаламен бес жылға сотталған еді) он бес жылымды енді еш нәрсе толтыра алмайды» деп. Біз енді Параджановқа теңесе алмаспыз. Десе де он жылдай «Қазақфильмнің» есігінен сығалай алмай кеткен жылдар... Шіркін-ай... рахаттана жұмыс істейтін жылдар еді...
Енді, сол, қолымыз бос болған соң, ойланамыз... «Қазақфильм» жөнінде. Қазақ киносының қазіргі қалып-сойы турасында. Сөз етпек негізгі дүниелерді “қазақ киносының төрт қасіреті” деп те атауға болар еді, бірақ биік пафос қашан да ұран күйінде қалады. Сол себепті, жалаулатпай-ақ қоялық. Жай ғана түйін болсын.

Қазақ киносының төрт түйіні

Бірінші түйін: ұлттық бояудан безіну

 Кино әдебиеттен алыстап кетті. Туған әдебиеттен алыстап кеткен соң бо­йынан нәр, түрінен әр кетті. Дос-ағам Сәбит Құрманбеков айтқан еді: «Сонау тоқсаныншы жылдардың орта шенінде «Абай» фильмі қолға алынды. Мені қоюшы суретші қылып шақырған еді. Барсам, басталмақ фильм авторларының алдында «Абай жолы» емес, «Путь Абая» жатыр, қатты күйіндім», деп. Сол. Туған әдебиетін оқымайтын, оқыған күнде де орысша нұсқасын парақтайтын адамнан қандай ұлттық дүние күтуге болады? Ол режиссер туған халқының жанына, ішкі дүниесінің қатпарына бойлай ала ма? Бойлай алмайды, әрине. Атқа мінгізіп, қымыз ішкізіп, алқа-қотан кеңес құрғызып, зырғып өте шы­ғады. Оны көрген көрермен байқұс әрі-сәрі болады. Былай қарап тұрса, дұ­рыс сияқты... атқа мінді... қымыз ішті... сү­йек мұжыды... домбыра тартты... Бірақ жүрек түбінде бәрібір бір қын­жы­лыс зіл боп тартып, алаңкөңіл күйге түсер еді. Себебі түсінікті, жандарын байыз таптырмай тулаған – туған хал­қы­ның шынайы бейнесін көре алмаған ішкі түйсіктері-тін. Әлдебіреулердің пайымдауындағы таптауырын болған, жаттанды сұлбасын ғана тамашалаған-тын... Шіркін, сол режиссер Биағаңның – Бейімбет Майлиннің «Айт күндерін» оқыса... Әр үйде аштан бұралып жатса да айт мейрамын атағысы келген жалбыр тұмақ, жыртық шекпен қазағымның қасіретін түйсінсе... Шіркін, сол режиссер Биағамның «Шариғат үкімін» оқыса... Жасаған күнәсін адамға тән моральдық тұрғыдан емес, шариғаттан ақтау іздеген дүмше молда мен сан түрлі момынның әрекеттеріне қанығып, түрлі ұлттық характерге құрық салса... Шіркін, сол автор Жүсіпбекті оқыса... Сонда мынадай біркелкі, жылтыр, дараланбаған бейне, өз түсінігінің түбінде тас болып қатып қалған, штампқа оранған монументальді образдар қаптап кетер ме еді? «Қазақ әдебиеті – ұлт жанының оқулығы» деп қашанғы қайталаймыз?

Кейінгі ауызға ілініп, шетелден қос-қостап жүлде арқалап келіп жатқан кино жасаушы жастарда А.Тарковскийдің, С.Параджановтың фильмдеріне тән визуалдық тіл, Т.Абуладзенің, Аки Кау­рис­мякидің, фильмдеріне тән сати­ралық, карикатуралық форма, экзистенциализм, метафизикалық пайым ізденістері едәуір көрініс тапқанымен, ұлттық ракурс жоқ. Ұлттық ракурс болмаған соң оны қазақ киносы деп сеніммен айта аламыз ба?

 Екінші түйіні: шетелмен бірлескен жобалар

 Шетелден ортаңқол режиссерді аттай қалап әкеліп, еліміздің баға жет­пес тұлғасының бейнесін жасауды («Әмі­ре» фильмін еске алыңыз) қолымыз қал­тырамай тапсыратынымыз қалай? Бұл не, эксперимент пе? Оған ұлт тұлғасын шалғанымыз не? Фильмде қазақтың сипатынан, тұлғаның түрінен, ұлттың таным-түсінігінен нышан да жоқ, бұл да ұлттық фильм бе? Ертеректе парламент қабырғасында қаралып, осы күнге дейін қолданыста болған «Өнер туралы заңның» «Кино туралы» бөлімінде «Ұлттық фильм» деген анықтама мынандай сипатта берілген: егер жасалмақ кино өніміндегі қазақстандық шығармашылық топтың үлес салмағы 70 пайызды көрсетсе, ол ұлттық фильм мәртебесіне ие. Көріп тұр­ғандарыңыздай, мұнда мазмұн мен мәні, менталитет ерекшеліктері туралы жалғыз ауыз сөз жоқ. Мына қырық күн думандатып, сексен күн кернейлетіп дүниеге келген қазіргі «Кино туралы заңдағы» «Ұлттық киноның анықтамасы» да алғашқыдан алыс кетпеген. Буалдыр. Мысалға «Жоғарғы көркемдік дәрежедегі, халықтың рухани қажеттілігін қанағаттандыратын» деп келеді де, «шетел киноөндірушілерімен бірлескен фильм де арнайы келісімдерге байланысты ұлттық деп мойындала алады» деген райда шегенделген. «Жасалмақ киноның продюсері жергілікті болса, осы жердің азаматы болса» болды «ұлттық кино» мәртебесіне ие деген сыңайда байлам жасалған. Бұл мүлдем дұрыс емес. Ұлттық фильмді «жасаушылардың үшеу, төртеуі қазақстандық болғаны», «қайда дүниеге келгені» – ұлттық фильмнің маңызын, бейнесін айқындамайды. Ұлт­тық фильм – елдің таным-түсінігі мен ұлттың жаны өрнектелген кезде, ұлттық шынайы кейіпкерлер сомдалғанда, ұлттық көркем көзқарас сүзгісісінен өткен кезде ғана – ұлттық фильм деп мойындалуы керек!

Шетелмен бірлескен жобалар «Қазақ­фильмде» «Әміреге» дейін де талай түсірілді. Сан миллиондаған қаржы желге ұшты. Ал халықтың жүрегіне қонған бірі жоқ.

 Үшінші түйіні: биографиялық фильмдерге (байопик) ұрынушылық

 Америкада Ч.Чаплиннің даңқы жер жарып тұрған кезеңдері оның қимылын салатын өнерден, яғни, «чаплиниада» өнерінен тұрақты түрде жарыс өтіп тұрады екен. Сол сынаққа көп өнерлі жұртпен бірге Чаплин жарықтықтың өзі де қатысыпты. Нәтижесінде үшінші орын алған. Өз бейнесін жасаудан өзі үшінші орын алыпты! Яғни, өнерде белгілі бір тұлғаның бейнесін жасасаң, оны оригиналдан асырып түсіру керек! Өйткені тұлғаның жұртқа мәлім бедерін жасарда айқын болуы үшін бояуды қалың жағарың анық! Болмаса, «қолың көтермес шоқпарды беліңе байлама».

Қазақ киносында ұлттық пайым, ұлттық бояу қалыптаспай биографиялық фильмдерден аяқ тарта тұрған дұрыс. Ұлт ардақтыларын экранға көшіргенде оның ұлттық болмысын, ішкі жан дүние бұлқынысын, қасіретін бере алмағаннан кейін, ардақтыларымызды жұлмалап, қорлаудың қажеті қанша?

Біз тіпті, портреттік ұқсастықтың өзін сырып тастадық. Осы портреттік ұқсастығын жою арқылы ұрпақтың санасынан тұлғаларымыздың шын бейнесін жойып жатырмыз. Тұлғаның ішкі дүниесі мен болмысын көркемдік межесінен талқылауды ысырып қоялық, А.Сокуровтың көсемдер туралы жа­саған үш: «Молох» (Гитлердің өмірі айшық­талған), «Солнце» (император Хирохито туралы), «Телец» (Лениннің соңғы күндері) дүниелерінде басты кейіп­керлерінің өзіне түр-келбет жағынан ұқсамағаны бар ма? Ричард Аттен­бороның «Ганди» фильмін алайық, М.Фор­манның «Амадейін» (Мотцарт) алайық, қайсы тұлғаның бейнесін режиссер портреттік ұқсастықтан ала қашып, өзінше жұлмалады? Егіз тамшыдай ғой бәрі? Бізге бәрібір ме әлде?

Кітап парақтамайтын жас ұрпақ ертең Әміре Қашаубаев деп Санжар Мәдиевтің, Бауыржан Момышұлы деп Еркебұлан Дайыровтың бұрынырақтағы суретін, Балуан Шолақ деп қазіргі кездегі суретін жалаулатып ұстап жүрмесіне кім кепіл?

Енді «Қазақфильмде» Мұқағали туралы фильм жасалғалы жатыр екен. Бұл енді тіпті қиын. Мұқағали кеше ғана қасымызда болған тұлға. Дәуір ауыс­қан жоқ. Оның шын бейнесі әр қазақтың жүрегінде шынайы қалпында қалыптасып, қатталып қойған. Әлі көнер­ген жоқ. Оны қалай жаңғыртпақпыз? Жаңғырту керек пе? Көрермен сене ме? Қабылдамасы анық. Әркімнің жанында жатқан аяулы бейнені үркітпей, әзірге аман сақтағанымыз дұрыс еді әсілі.Тағы қайталауға мәжбүрміз: қазір визуалдық өнер алдыға шыққан заман. Ұрпақ кітапты сирек оқиды. Ұлыларымызды біржақты, шалағай бейнесін жасау арқылы аласартып, жас ұрпақты көкірегінен олардың там-тұмдап жеткен шын бейнесін жұлып алып тастап жатырмыз.

 Төртінші, негізгі түйіні: басшылық

 Иә, бұл – негізгі мәселе. Мен «Қазақфильмде» біраз жыл сценарлық-редакциялық алқа мүшесі болып жұмыс істедім. Алғаш еңбектенген жылдарым Сергей Әзімовтың басшылығының тұсы еді. Негізі сценарлық алқа мүшелерінен тұратын Көркемдік кеңестегі сцена­рийлерді талқылау отырысына Әзімовтың өзі төрағалық ететін. Кеңес мүшелерінің оң пікірлері басшының назарына алынып, елеулі қорытынды, болмаса, өзгеріс, шешім жасалатын. Одан кейінгі Анар Қашағанованың тұсында да солай болды. Ал аталған кісілердің басшылығынан кейін... бұл игі дәстүр сетінеп жүре берді.

Қазіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ханымның парасатына сенім артамыз. Елеулі игі істер де көріне бастады. «Ұлттық киноны қолдау қоры» арқылы биыл 18 жобаға қаржы бөлініпті. Үлкен жетістік. Енді сол дүниелер ұлттың шын рухани игілігіне қызмет етсін деп, көңілде де, рухани өмірде де шиеленген түйін болмасын деп тілейміз.

 

Данияр САЛАМАТ,

драматург, кинорежиссер