Аймақтар • 28 Қазан, 2019

Еңбегі адал ерекше елді мекен

489 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бірыңғай чешен ұлты қоныстанған Красная Поляна ауылында 43 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Жұмыссыздық мүлде жоқ, ажырасу да тіркелмеген. Сексеннен астам Күміс және Алтын алқа иегерлері перзенттерін аялап өсіріп жатыр.

Еңбегі адал ерекше елді мекен

Босағасына береке байланып, ошағына ырыс ұялаған ауылдың қотанына кіре бер­геннен-ақ жұмыртқадай жұтын­ған ақшаңқан үйлердің маңынан, жол бойынан ұқыпты қолдың табын анық байқайсыз. Көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Үйлер тегіс ақталып, сырланған. Үй­ді айтасыз, мал қоралары да біз көр­геннен бөтен, еңселі, биік. Құтты шағын отбасының игілігі емес, шаруасы шалқыған қожалықтың мал фермасы іспетті. Олар да ақшаңқан реңде.

Бірлігі бекем Бірлік ауылдық округіне Красная Поляна, Арбу­зенко, Петровка елді мекендері енеді. Бір ғажабы, осы үш ауылда да ақсақалдар алқасының шешімімен ішімдікке тыйым салынған екен. Ойын-той, мереке күндері дейсіз бе, татып алмайды. Оңды оқиғаның тарихы осыдан он бес жылдай бұрын басталған. Мереке күндердің бірінде ішімдікке сылқия тойып алған екі чешен жігіті төбелес шығарса керек. Оқыс оқиға бейбіт ауыл тұрғындарының жаға­сын ұстатқан. Осынау бас­сыздықтан елге ие болып отыр­ған ақсақалдары қатты шошыныпты. Ішімдік ішкеннің сыңайы осылай болатын болса, түптің түбінде қайда апарып соғады деп қапаланса керек. Дерттен ада болудың жолын іздестіреді. Өзара ақылдаса келіп, округке қарайтын үш ауылдағы сауда жасайтын кәсіпкерлерді тегіс шақырып алып, бұдан былай ішімдік сатпау жөнінде келісімге келіпті. Содан бері ешқайсысы татып алмайды. Есесіне жұмыс десе қоғадай жапырылып жатыр. Еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін шамасы келгенінше тырбанып тірлік етеді. 14 мың гектар жерге дәнді дақыл се­біледі, ауыл тұрғындары 2731 бас ірі қара, 5300-ге жуық қой-еш­кі, 500-ден астам жылқы ба­ғып отыр. 43 шаруа қожалығы мен 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Тұрғындардың дені осы ұжымдарда еңбек етеді. Өз шаруасын күйттегендер де аз емес. Ауылдық округтің әкімі Ансар Ибаевтың айтуына қа­ра­ғанда, әр отбасы 10-15-тен сауын сиыр ұстайды. Тұрғындардың сүтін сатып алып, сүт зауытына жеткізу де ойластырылған. Петраковка ауылында сүт қабыл­дайтын орын ашылыпты. Күн сайын екі тоннадан астам сүт жи­налады. Таңғы сауын мен кешкі сауынды қосып, Көкшетау қаласындағы сүт зауытына тапсырады. Тұрғындардан сүттің әр литрі 80 теңгеден қабылдануда. Тәп-тәуір табыс.

Мал төлін бордақылап, шамамен әрқайсысының тірідей салмағын 4 центнерден асырып барып тапсырады екен. Қара малдың еті Нұр-Сұлтан қала­сындағы сауда орындарына жеткізіледі. Жыл сайын округ тұрғындары 1000-1200 бас ірі қара өткізіп, тәп-тәуір табыс тауып отыр.

Тірліктерінің түтіні түзу ұшуға мемлекеттік бағдарламалар да септігін тигізген. Соңғы үш жылда ауыл тұрғындары «Сы­баға», «Алтын асық» тәрізді бағ­дарламалар арқылы 346 миллион теңге қаражат алыпты. Ауыл тұрғындарының 99 пайызы – чешен ұлтының өкілдері. Дінге берік, дәстүрге адал халық нанын адалынан тауып жеп отыр. Елге де шара­паты аз емес. Осындағы бір ғана Магомед Абуев жетек­шілік ететін «Первая мая» шаруа­шы­лығы 3140 гектар жерге бидай егеді. Жері құнарлы өңірде шы­ғымы да жақсы. Былтыр ауылды абаттандыруға, жергілікті мектептерге көмек көрсетуге 26 миллион теңге бөлсе, ағымдағы жылы 40 миллион теңге қаражат бөліпті. Арбузенко ауылында балалардың шағын орталығын салды. Красная Поляна ауылында жас мамандарға арналған екі тұрғын үй бой көтерген. 8 миллион теңгеге спорт алаңын салып берген. Қарттар айлығына орай ауылдың егде тұрғындарына 100 қап ұн таратқан. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердің ағымдағы жөндеуіне жарты миллион теңге қаражат бөлген. Он бес шақырым жолды жөндеген. Қыста осы шаруашылық қарын тазартып тұрады. Қазір аумағы атшаптырым спорт залын салып жатыр.

Округ әкімінің айтуына қа­рағанда, ауылдан ешкім көшкен емес. Бауыр басып қалған топырағын тастап басқа жерден бақыт іздеп қайтсін. Жұмыс бар, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалған. Бұл ауылдарда бірде-бір ажырасу болмаған екен. Шаңырақ көтерген жастар ыдыс-аяқ сылдырлай қалса, ақсақалдар алқасының билігіне жүгінеді. Хусейн Дадаев басқаратын ақ­са­қалдар алқасы жарылғанды бүтіндеп, бөлінгенді біріктіріп, ынтымақты сүттей ұйытып отыр. Соңғы бес жылда 154 бала дү­ниеге келіпті. Ауылда сексеннен ас­там Күміс және Алтын алқа иегерлері бар екен. Бір ғажабы, ешқайсысы ешкімге алақан жайып отырған жоқ.

– Ауыл тұрғындарымен кездесу өткен кезде ақсақалдар алқасы түсіндіріп айтты, – дейді округ әкімі Ансар Ибаев, – мен де тілім жеткенше бұл көмектің уақытша екенін, шынтуайтында әркімнің өз еңбегіне жалыну керектігін жетелеріне жеткіздім. Сондықтан да көп балалы аналар ешқайда жалтақтап отырған жоқ. Өздері тауық асырап, мал бағады. Ержетіп, отау құрған балалары көмектеседі. Негізінде біз мемлекеттен не аламыз деп алаңдамай, қайта мемлекетке не береміз деп тырбануымыз керек.

Әкімнің негізгі мамандығы тарихшы екен. Арғы-бергі тарихты қолмен қойғандай жіктеп айтып отыр. Өз ұлтының тарихын да тым тәуір біледі. Қазақстаннан дәм бұйырған кезді де.

– Сол бір зұлмат жылдары чешен халқын кәдімгі мал таситын вагондарға салып жер аударған ғой, – дейді ауылдық округ әкімі, – көрмеген қорлық қалмаған. Әрбір стансаға тоқ­таған сайын өлген адамдарды серейтіп-серейтіп сүйреп тастайтын деп қариялар айтатын. Сұрауы жоқ, іздеушісі жоқ міскіндер ғой. Жол бойы жартысынан көбі-ақ ажал тапса керек. Қазақстанға аман жеткендерінің кеудесінде шығар-шықпас жаны бар. Жергілікті жұрттың да аузынан ақ май ағып отырмаған. Бұлар да қоңторғай, жүдеу. Әйт­се де мейірім көп, қанағаты мол, жанашырлығы басым. Арып-ашып, жүдеп-жадап келген жат жұртты кеудесінен итермей, құшағына алған. Петровка ауылында жасы 86-ға келген әжей бар. Әлі күнге дейін сиыр сауады. Сауған сүтін күн сайын ауылдың балаларына, көрші-қолаңына тегін таратады. Былтыр аудан әкімдігінен келгендер таңғалып себебін сұраған. Сонда әжей садақа депті. «Қазақ халқы үшін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшін, пәле-жаладан аман болу үшін садақа таратамын. Өйткені біз осы жердің игілігін көріп, түтін түтетіп отырмыз. Әр чешеннің отбасы бай-бақуатты тұрса, ол ең алдымен ел иесі мен жер иесіне қарыздар».

Арғы аталардың, ажал құш­қандардан аман қалғандардың аманаты екен. Әлгі әжей естелік айтқанда, етегің жасқа толады деседі. Он екіде бір гүлі ашыл­маған бейкүнә қыз әбден қарны ашқан соң даладағы қой-ешкінің арасына жасырынып барып, емшегін емген. Таңдайымда сол сүттің дәмі әлі жүр дейді екен, жарықтық. Кейінгіге үлгі үшін, өнеге үшін айтқан ғой.

Кейінгілер де бұрынғының сөзін далаға тастаған емес. Бұ­ларда үлкеннің сөзі бұзылмас заң іспетті. Қуаты жеткенше жасап жатқан қайырымдылықтары өз алдына, өздері тұрып жатқан аймақтың тарихын да зерттеуде. Қазақтың салт-дәстүрін әбден меңгерген. Жергілікті мектепте қазақ тілі пән ретінде оқытылады. Ал чешен тілі факультативтік деңгейде.

Бір ғажабы, ауыл аралап жү­ріп бір ит көрмедік. Бұралқы түгіл, байлаулысын да. Сөйтсек бұл ауылда иіскеген жері арам деп ит ұстамайды екен.

– Оны қайтеміз, – дейді ауыл тұрғындары, – бізде ұрлық жоқ. Бар дүниең есік алдында жатса да ешкім сұғанақтық танытпайды.

Халал ауылдың қарекеті осын­дай.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы