Сіргелі Тілеуке (Қарабатыр) батыр 1694 жылы Қаратаудың күнгей беткейіндегі Қостұрадан бастау алатын Бөген өзенінің бойында дүниеге келген. Батыр туралы дерек көп. Бастауы Бұқар жыраудың жырларынан табылады. Одан беріде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» тарихи романында көрініс береді. Аталған автордың «Абылай ханның соңғы батыры» атты повесінде де Сіргелі Тілеуке батыр жайында біршама айтылады.
Міне, осы баһадүрге кіндігінен тараған ұрпақтары Қызылкөпір елді мекені жанынан алып ескерткіш тұрғызыпты. Сөз реті келгенде айта кетейік, ескерткіштің тұғыры – 10 метр. Ал ескерткіштің өзі 5 метрді құрайды. Сонадайдан айбарланып көрінетін еңселі ескерткіш кімнің бойына болсын жауынгерлік рух сыйлайды.
Ескерткіштің ашылуына орай мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев кіріспе сөз сөйлеп, салтанатты жиынды ашық деп жариялады. Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Сіргелі Тілеуке батырдың ұрпағы Анарбек Орман баяндама жасады. Облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімінің сәлемін жеткізді.
Дүбірлі жиынға республикамыздың түкпір-түкпірінен қонақтар көп жиналды. Солардың арасында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, тағы басқалардың рухани сабақтастық, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарих тереңінен тағылым тарту, бабалар аманатына адал болу туралы толғамдары жиналғандарға үлкен ой салғаны анық.
Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң тойшыл қауым дала сахнасы алдына жиналды. Мұнда Сіргелі Тілеуке батырдың жауынгерлік жорық жолдарынан театрландырылған көрініс қойылып, соңы концертке ұласты. Жалпы, бұл күні Желтимес жазығы дүбірге бөленіп жатты. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Жағалай тігілген ақшаңқан киіз үйлердегі дастарқан басында батыр баба рухына Құран бағыштап, бата жасаған жұртшылық салтанатты сәттің жан тебірентерлік тұстары мол болғанын айтып тарасты...
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Түркістан облысы