Аймақтар • 29 Қазан, 2019

Ет кластері құрылады

267 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бурабай баурайында еліміздің солтүстігінде ет өндірісі кластерін құруға арналған «Дамудың жаңа аймағы: Макинск» атты бизнес-форум өтті.

Ет кластері құрылады

Жиынға қатысқан Ақмола облысы­ның әкімі Ермек Маржықпаев Макинск қаласының қарқынды дамып келе жат­қанын, өңірдегі инвесторларға барынша қолдау көрсетілетінін айтты. «Макинск қаласында құс фабрикасын салу туралы шешім қабылданғаннан кейін өңір дамудың жаңа сатысына шықты. Орталық Азиядағы ірі құс фабрикасы жыл сайын мол құс етін өндіру арқылы өңірге 46 млрд теңге инвестиция құюға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 900-ге жуық жұмыс орны ашылып, аймақтағы әлеуметтің айлық жалақысы 30-35%-ға артты», деді Е.Маржықпаев.

Сондай-ақ облыс әкімі елдегі астық пен ет өнімінің төрттен бір бөлігі еліміз­дің солтүстігінде өндірілетінін атап өтті. «Өңірдегі тауар өндірушілер тек аймақ­тың қажетін өтеп қана қоймай, жақын өңір­лерді де қамтып отыр. Мәселен ет, сүт, жұмыртқа, ұн, картоп сынды өнім­дерді елордаға жиі жеткізіп тұрамыз», деді ол.

Бұдан әрі өңірде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғаны айтылды. Әкімнің айтуынша, бүгінде облыста 43 ет өндіретін компания құрылып жатыр. Биыл Аустралиядан, Чеxиядан және Ресейден 6 мың мүйізді ірі қара әкелінген. Сондай-ақ өңірде 5 мың тонна шошқа етін өндіретін ірі экспорттық жоба жүзеге асырылуда. Өңірдегі 4 ірі құс фабрикасы жыл сайын 800 млн дана жұмыртқа өндіреді. Олардың өніміне тек Қазақстан ғана емес, көршілес елдерден де сұраныс артып отыр. Мәселен, танымал «Қазгер-Құс» компаниясы Ауғанстан, Тәжікстан сынды көптеген елге өнімін тасымалдайды.

Жиынға қатысқан Сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары Ермек Көшер­баев, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұл­­тан Назарбаевтың Сыртқы істер ми­нистр­­лігіне экспорттың әлеуетін артты­ру­­ды міндеттегенін айта келе, елорда ай­мағында азық-түлік белдеуін құру жұ­мыс­тары өз деңгейінде орындалып жат­­қанын айтты. «Бүгінде Ақмола облысы құс етінің импортын толық қамтама­сыз етіп отыр. Қазақстан жылына 3 мың тонна құс етін пайдаланады. Бұл дегеніміз сырттан кіретін тауар импортын азайтады деген сөз», деді вице-министр.

Сондай-ақ Е.Көшербаев инвестиция тартуда барлық мемлекеттiк органдар мен бизнес саласы жұмыла жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. «Инвестиция тарту жɵнiнде Сыртқы iстер министрлiгi, ұлттық компаниялар жəне ɵзге де мемлекеттiк органдар үлкен жұмыс ат­қарып жатыр. Біз 2018 жылы 24 млрд доллар кɵлемiнде инвестиция тарттық. Оны 5 жыл iшiнде 34 млрд долларға жеткiзуiмiз керек. Сол деңгейге жеткенде оны декомпозициялауымыз қажет. Қазiр осы мəселеге қатысты құзырлы мекемелермен бiрлесiп жұмыс iстеп жатырмыз», дедi вице-министр.

Солтүстік Қазақстанда ет кластерін құру идеясын «Aitas KZ» АҚ ұсынған. Оған 2018 жылы іске қосылған «Макинск құс фабрикасы» ЖШС негіз болуға тиіс. Бұл құс фабрикасы биылдың өзінде 50 мың тонна ет өндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ алдағы 3-4 жылда өндіріс көлемін 150 мың тоннаға жеткізбек.

Форум барысында бірлесіп жұмыс істеу мақсатында «Aitas KZ» АҚ Ақмола облысы әкімдігімен және Түркияның «Cukurova» компаниясымен 5 жылға арналған меморандумға қол қойды. «Бұл меморандум біз үшін ең үлкен жетіс­тік. Алдағы 3 жылда Макинск қала­­сы­на 150 млн доллар инвестиция құ­йып, ет өндірісін 120 мың тоннаға дейін ұл­ғай­тамыз деген жоспар бар. Меморан­дум­­да тек бизнес қана емес, сондай-ақ онда әлеуметтік маңызды мәселелер де қарас­тырылған. Яғни шағын және орта бизнес­ке, білім, мәдениет салаларына қолдау көрсетіледі, жаңа жұмыс орны ашылады. 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашамыз деп жоспарлап отырмыз», деді «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев.

Өз кезегінде сөз алған Түркияның «Cukurova» компаниялар тобының бас директоры Иса Доганлы жобаны жүзеге асыру 4 кезеңнен тұратынын атап өтті. «Алдағы 5 жылда Макинск қала­сы­мен бірлесіп жұмыс істеуге келіс­тік. Бұл жоба 4 кезеңнен тұрады. Алғаш­қы кезеңде біз гофрокартон жеткізу­ді қамтамасыз етеміз. Кейінірек Қазақ­стан­ға гофрокартон жасайтын арнайы машиналар әкелінеді. 5 жылдан кейін 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жобаның құны 40 млн долларды құрайды», деді ол.

И.Доганлының айтуынша, Қазақстан қазір құс өнімдері импортын толық қам­тамасыз етіп отыр. Ал экспортқа шы­ғару үшін сапалы қаптама қажет. Мемо­рандум осы мәселенің күрмеуін шеше­ді. Келісімшарт негізінде Макинскіде ал­дағы уақытта гофрокартон жасалып, дайын өнімдер экспортқа шығарылатын болады.