Қоғам • 29 Қазан, 2019

Ұлы дала тарихының форумы

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде «Ұлы дала тарихы: көне дәуірден қазіргі заманға дейін» атты Еуразиялық форум өтіп, оған еліміздегі Әзербайжан және Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшілері, тарихшы ғалымдар, танымал түрколог-номадолог мамандар, сондай-ақ абайтану, фарабитану саласының жетекші ғылыми қызметкерлері қатысты.  

Ұлы дала тарихының форумы

 

Форумды ашып сөз сөйлеген Еуразия ұлттық университетінің рек­торы, академик Ерлан Сыдықов, ең алдымен маңызды жиынға қатысушыларға өз атынан алғыс білдіре отырып: «Аталмыш форумды өткізу жақсы дәстүрге айналды. Мұндағы мақсат – Ұлы дала тарихы мен мәдениетін ғылы­ми-зерттеулерге негіз ету және Еура­зия кеңістігін сан ғасырлар бойы мекендеген халықтар жыл­нама­сын куәландырып, өрке­ниет­тер үйлесімін қазіргі заманауи көз­қарас­пен зерделеп, келесі ұрпақ­қа жеткізу. Осы орайда тарихты білу – әркімнің парызы, соның ішінде жастарға міндет. Ал тарихи танымға деген қызығушылықты қалыптастыру – қоғамның борышы. Бүгінгі форум осы мақсатқа бар күш-жігерін жұмсайтынына сенімдімін», деді салмақты ойын сабақтап.

Келесі кезекте сөз алған құр­метті қонақ, еліміздегі Әзер­бай­жан мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов, бүгінгі форумды өткізіп отырған Еуразия ұлттық университеті­ мен өз елі арасындағы қарым-қаты­нас­тың маңыздылығын атай келе, 2010 жылдан бастап аталған оқу орнында Гейдар Әлиев атында аудитория жұмыс істеп тұрғанына, бо­ла­шақта осындай бірлескен мә­дени шараға қатысудың маңызы зор екеніне тоқталып: «Форум тақырыбы түркі жұртына қатысты болғандықтан біз шет қала алмаймыз, өйткені бауырлас халықпыз. Мәдени құндылықтарымыз ор­тақ. Қазақстан ғалымдары түркі мұрасын зерделеуде зор еңбек етіп жатыр. Әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы күллі түркі­тек­тес­тер үшін ерекше маңызға ие. Бұл бағдарламалық мақала жас буын­ның танымына жол салады және еларалық интеграция үшін маңызы зор», деді дипломат.

Одан кейін мінбеге көтеріл­ген Қырғызстанның Қазақстан Респуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Құлубаев, бүгінгі форум жұмысы әлем өрк­ениетіне елеулі үлес қосқан түркі мәдениеті мен тарихын тану жолында жақсы тұғыр­нама болатынына сенім білдіріп: «Жаһандану дәуірінде Ұлы дала мұрасын зерттеу өте маңызды, әсіресе жас ұрпақ үшін Еура­зия кеңістігіндегі мәдениетаралық қарым-қатынастар үйлесімділігін білуі шарт. Қырғыз елі «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына үлкен қызығушылық танытып қана қоймай, бұл бағытта ілкімді жұ­мыс­­тарды қолға алуда», деді.

Жиынға қатысушылар жо­ғары­дағыдай маңызды баянда­маларды тыңдаумен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы мен Ұлттық архив мекемесі ұйым­дас­тырған көрмені тамашалаумен бірге Л.Н.Гумилев мемо­риалдық мұражай-кабинетіне экскурсия жасады.

Форум соңында маман ға­лымдар өзара пікір алма­сып, қазір­гі таңдағы кейбір өзекті мәсе­лелерді талқылады. Соны­мен қа­тар келер жылы атап өтілетін әл-Фара­бидің 1150, Абай Құнан­бай­ұлының 175 жылдығы қарсаңында, Ұлы дала, исламтану, абайтану және фарабитану проблемаларына қатысты ғылыми-зерттеулер перс­пективасын айқындайтын қарар қабылдады.