Аймақтар • 29 Қазан, 2019

125 жыл тәртіп күзетінде жүрген әулет

280 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оралдық Рахметовтер әулетінің ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніне биыл 125 жылдан асты. Әулет басы Хасан Рахметов ішкі істер органдарындағы қадамын сонау сұрапыл 1944 жылы бастапты. Кейін қос ұлы, үш немересі де оқалы киім киіп, Отанға қызмет етуге кірісті...

125 жыл тәртіп күзетінде жүрген әулет

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ мақа­лы. Саналы ғұмырын беймаза тірлік­ке, қиын да жауапты іске арнаған әулеттің өткен өмір жолында өнеге көп.

Ата

Хасан Хамитұлы 1927 жылы дүниеге келген. Кәмелетке толар-толмас 17 жасында ішкі істер қатарына қабылданған ол 1980 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін кіші сержанттан милиция подполковнигіне дейін өсіпті. Тәртіп күзетінде өткен 36 жыл ғұмырында небір қиын да қауіпті сәттер басынан өтті.

Соғыстан кейінгі қиын жыл­дар­ға қарамастан Хасан Рахметов кәсіби біліктілігін жетілдіруге күш салған. 1952 жылы отбасы жағ­дайы қиын бола тұра Харьков қаласындағы Ішкі істер халық комиссариаты жедел құрамын даярлайтын арнаулы мектепті іштей оқып бітірді. Кейін Мәскеу Жоғары милиция мектебін заң­гер мамандығы бойынша тә­мам­дады. Тайпақ милиция бөлі­мін­де жедел уәкіл лауазымынан басталған қызметі Зеленов, Те­рек­ті аудандық ішкі істер бө­лі­мі бастығының орынбасары, Тасқала, Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімі бастығы секілді аса жауапты міндеттермен жалғасты.

Әрине Хасан Хамитұлының ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Ол «Совет милициясының үздігі» төсбелгісімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Пре­зи­диу­мының, Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен, жалпы 18 мәрте мем­ле­кеттік және ведомстволық наг­радамен марапатталған. 1969 жылы Орал облыстық атқа­ру комитеті төрағасының қолы­нан өз есімі жазылған «Полет» қолсағатын алды. Бір қызығы, осынау сыйлықтар, атадан қал­ған асыл жәдігерлер – офицер планшеті, құбылнама, ысқы­рық т.с.с. бүгінде Хасан Хамит­ұлы­ның ұрпақтарының қолында, отба­сылық музейде мұқият сақ­тау­лы тұр.

Ұлы Отан соғысының тыл майдангері, ішкі істер орган­да­рының ардагері, милиция под­полковнигі Рахметов Хасан Хамитұлы 2003 жылы өмірден өтті. Бүгінде ақсақалдың ұзақ жыл қызмет еткен Теректі аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. Жұбайы Мәдина Хабиқызы екеуі өсіріп-өндірген қос ұлы – Болат пен Талғат әке жолын жалғастырып, тәртіп пен тыныштық күзетінде еңбек етті...

 Ұлдар

«Ата көрген оқ жонар» дегендей, Хасан Хамитұлының ізін үлкен ұлы Болат Рахметов басты. 1981 жылы әскер қатарынан оралған соң-ақ ішкі істер қатарына кірген Болат Хасан­ұлы еңбек жолын жол-патруль­дік қызметінің инспекторы болып бастапты. 1989 жылы Қарағандыдағы КСРО ІІМ Жоғары мектебін бітіріп, қылмыстық іздестіру саласында қызмет етті. Қатардағы жедел уәкіл, милиция сержанты болып басталған қызмет баспал­дағы Теректі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, РУ-170/2 еңбекпен түзеу мекемесі бастығының орын­басары лауазымына, әділет под­пол­ковнигі шеніне жетті. Еңбек еткен жылдары талай-талай қиын да күрделі қылмыстарды әш­ке­релеп, кәсіби біліктілігін көрсетіпті. Бүгінде ішкі істер саласында жүрген талай маман Болат Хасанұлын өзіне ұстаз тұтады. «Совет милициясының үздігі» төсбелгісімен наг­рад­тал­ған Б.Рахметов 1986 жылы Мәскеуде өткен «Ізгі ниет ойын­дары» кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Әзер­бай­жан-армян елдері арасында болған Таулы Қарабақ қақты­ғы­сын­­да бейбіт халықты қорғау­ға қатысты. Асыл азамат, кәсіби маман 2018 жылы 56 жасында кенеттен қайтыс болды.

Хасан Хамитұлының тағы бір ұлы Талғат Рахметов те 1985 жылы Қарағандыдағы КСРО ІІМ Жоғары мектебін үздік бітіріп, еңбек жолын Теректі аудандық ішкі істер бөлімінде бастаған екен. Кейін тағдыр жолы Талғат Хасанұлын әкесінің ізімен Жәнібек ауданына апарды. Осы жерде аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, бөлім бастығы болды. Кейін Бөрлі, Зеленов аудандық, Орал қалалық ішкі істер бөлімдерін басқарды. Облыстық басқармада штаб бастығының орынбасары, криминалдық полиция басқар­ма­сы басшысының орынбасары, ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы болды. Соңғы он жыл қатарынан БҚО ішкі істер департаменті бас­тығының орынбасары болып абы­ройлы қызмет етті.

Талғат Рахметов жас кезінен-ақ ғылымға ынтық болған екен. 1984 жылы жоғары мектеп курсанты кезінде «Студент және ғылыми-техникалық прогресс» бүкілодақтық олимпиадасына қатысып, қазақ командасының намысын қорғады. Свердлов қаласында өткен сол сайыста Талғат Хасанұлының командасы криминалистика бойынша жүлделі орынға ие болған еді. Теория мен практиканы, ғылым мен қызметті қатар алып жүрген Талғат Рахметов 2004 жылы Алматы қаласында Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер ми­нистр­­лігі академиясының магистратурасын үздік тәмамдап, 2010 жылы заң ғылымдарының кандидаты атанды.

Талғат Хасанұлы ішкі істер саласында 36 жыл қызмет етіп, 2017 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Еңбек жолында 16 мемлекеттік медаль­мен марапатталған азамат «Қа­зақ­стан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңір­­ген қызметкері» атанды. Бүгінде Талғат Хасанұлы өмір­лік тәжірибесін, білімі мен білі­гін кейінгі толқынға, жас буын мамандарға таратып жүр. Орал қаласындағы ҚазИИТУ жоға­ры оқу орнының магистратура бөлімін басқаратын ғалым бола­шақ заңгерлердің ұлағатты ұстазы.

Бір қызығы, Хасан Хамит­ұлы­ның екі ұлы Болат пен Талғат қызмет бабында өз әкесі атқар­ған лауазымда болып, «Ат тұяғын тай басар» деген мәтелді ақиқатқа айналдырды. Мәселен, Хасан Хамитұлы 1967-1980 жылдары Теректі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болса, Болат Хасанұлы дәл осы қызметті 1995-1997 жылдары атқарды. Хасан Хамитұлы 1963-1967 жылдары Жәнібек аудандық ішкі істер бөліміне басшылық етсе, 1993-1995 жылдары дәл осы орында Талғат Хасанұлы еңбек етті. Әрине, бұл үлкен мәртебе!

 Немерелер

Әлқисса, бүгінде Рахметовтер әулетінің үшінші буыны – Хасан Хамитұлының үш немересі Қазақстан полициясы қатарында еңбек етіп жүр. Полиция майо­ры Қайрат Талғатұлы, полиция аға лейтенанттары Ержан Талғатұлы мен Қанат Болатұлы – үшеуі де Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясын бітіріп, БҚО Полиция де­пар­­та­менті криминалдық полиция басқармасының түрлі бөлім­де­рін­де қызмет етеді.

– Жас Рахметовтердің полиция қатарындағы жалпы еңбек өтілі 30 жылға жақын. Ал жалпы Рахметовтер әулетінің үш буынындағы еңбек стажын қос­сақ, 125 жылдан асады, – дейді Батыс Қазақстан облысы ІІД бас­пасөз қызметкері Асылай Ғұба­шева.

Әрине, үшінші буын Рах­ме­товтердің үлгілі істері тура­лы айтатын әңгіме алда деп ойлай­мыз. Ата өсиетін, әке өне­ге­сін көкірегіне түйіп өскен, «полиция қызметкері» деген қиын да жауапты қызметті сана­лы түрде таңдап алған немере­лер Қазақстандағы тәртіп пен тыныштықтың, құқық пен бостандықтың күзетінде күн-түн демей еңбек етіп жүр.

 

Батыс Қазақстан облысы