«Егеменнің» 90, 95 жылдық мерейлерін атап өтіп, оған әріптестеріммен бірге қатыстым. Басылымның сегіз қабатты жаңа ғимаратына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп, барша ұжым мүшелерін 90 жылдықпен қызу құттықтағанын ұмытпаймыз. Енді міне, ел газетінің жасы 100-ге келеді. Бір ғасыр. Осы жылдары оның әр саны сайын қазақ халқының тағдырына, тілі мен дініне, жері мен суына, келешегіне байланысты қадау-қадау күрделі мәселелердің көтерілгені аян. Қай кезде болмасын басылым Президент тапсырмасымен тиянағы келтірілген табысты істерге байыпты көзқарас ұстануымен, Елбасының сындарлы саясатын халыққа қалтқысыз жеткізуімен биік әрі құнды. Қазіргі кезде «Қазақстан-2050» стратегиясын, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауынан туындағы ұлылықтар газет бетінде жарқырай түсті.
Басылым тізгінін халқымыздың маңдайы жарқыраған марғасқа ұлдары ұстады. Олардың қатарында Қазақ деген қасиетті ұлттың арқалы азаматтары Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев және тәуелсіздігіміздің алғашқы тарихи сәттері мен жақсылығын Тұңғыш Президентпен бірге Жер шарын айналған, бүгінде халық қалаулысы Сауытбек Абдрахманов та бар. Бүгінгі толқын сол бастамаларды жаңаша қырынан жарқырата түскені де қуантады. Газеттің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бастаған ұжым елдік пен бірліктің үні болған «Егеменнің» әр санын қазақ халқына ең жақын туған жер, туған Отан екенін мойындататын дүниелерді беріп келеді. Осылайша әр санын қолға алған сайын оқырманға, ұрпаққа ой салатын мақалалар мен зерттеулерді қызыға оқимын. Демек көк байрақтың астына топтасқан Алаш сөзінің құдіреті биіктеп, ертеңгі күніміздің көкжиегін кеңейтетіні кәміл. Бізге басқа не керек?!
Бас басылымды оқырмандар «Ел газеті» деп атап кеткен. Орынды берілген баға. Жүз жылдық тарихында «Егемен Қазақстан» халқымен бірге тыныстады. Жетістігін паш етті. Кемшілікке елімен бірге қабырғасы қайысты. Осының бәрін газет ұжымының жұдырықтай жүрек сүзгілерінен өткізгені қандай ғанибет.
Аптасына бес мәрте оқырманмен қауышатын басылымға ойы мен қаламы жүйрік кәсіби журналистер ғана шыдас береді. Алғаш дәм-тұз бұйырып, Алматы облысындағы меншікті тілші қызметіне кіріскенде өз басымнан оны мен де өткердім. Және осы ұжымдағы жұмыстың қауырт әрі жауапкершілігі жоғарылығына қарамастан достық пейіл, үлкеннің ұлағаты, кішінің құрметі орнымен екендігі көзге ұрып тұрды. Сондықтан болар, жеті жылға жуық қызметім көзді ашып-жұмғанша тез өтіп кеткендей болады.
Жұмысқа қабылданғаннан кейін көбіне газет басшысының орынбасары болған, марқұм Ержұман Смайыл, бас редактор Жанболат Аупбаевпен, жауапты хатшы Жанат Елшібековпен жиі хабарласып, атқарылатын, жазылатын мәселелер жайлы тапсырма аламыз. Жарықтық Ерағаның (Ержұман) әңгімесі қысқа әрі нұсқа болатын. Шіркін, еліміздегі бар жаңалықты компьютерше басында ұстайтын еді ғой. Бәрін шағып, не жазасың, ауқымы қандай екенін алдыңа жайып салатын. Жанболат пен Жанат та нақтылықты ұнатады. Міне, осылайша «егемендіктердің» қамқорлығын көрдім. Сенім білдіргеннен кейін қалай ғана қанаттанбайсың? Алматы бөлімшесін басқаратын қазақтың қабырғалы ақыны Қорғанбек Аманжол «Күмісжан Байжан, Бақтияр Тайжан, газеттің бетін бермейді, келді бұлар қайдан?» деп әзіл шығарды. Еңбегімізді үкілеген осындай әріптестік ниет-пейіл жарасым табатын.
Қанша жерден өзім білем, осы жетістікке өз қабілет-қарымыммен жеттім дегенмен жібек жіптей болса да әріптестердің қамқорлығы, жанашырлығы сезілді. Әрине оны ұмыту мүмкін емес. Астанаға барған сайын ұжымның осындай ниеті мен пейіліне бөлендім. Газеттің қадірменді қариясы, қаламы жүрдек әріптесім Қазақстанның Құрметті журналисі Қайсар Әлім «Күмісжанның қолын байлап қойса да жаза береді» дегенін аз-кем еңбегіме берілген ағалық, әріптестік тілегі деп қабылдадым. Әріптестерім Жұмагүл Солты, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Айнаш Есалы, Бақыт Балғарина тағы басқалары отбасындағы аяулы ана, әже болумен қатар жауапкершілігі зіл батпан ауыр кәсіптеріне адал болып, қазақ қызы деген атқа лайық бейнеттерінің зейнетін көріп, ғұмыр кешуде.
Газеттің тарихы тым тереңде. Ол – Қазақ елінің, қазақ ұлтының тарихы.
«Егеменнің» сарғайған беттерінде талай ұлылардың терең ойы мен ұшқыр пікірінің, елі мен жеріне деген перзенттік махаббатының атойлап жатқаны шындық. Солардың қатарында менің де қолтаңбамның қалғанын есіме алсам, тағдырыма риза боламын.
Қалам қарымына сүйенген журналистің бақыты мен бағы жазған-сызғаны. Ол – ұшқыр хабар, тұщымды репортаж, жақсы мақала, терең зерттеу, очерк, тағысын-тағылар. Уақытыңды соған арнайсың. Қандай мереке, жиындарда болсын, өзіңді, ойыңды сергек ұстайсың. Былай айтсақ, бәйгеге қосатын сәйгүліктей бабыңда жүргендейсің.
Еңбектің зейнетін көру де бір бақыт. Бірақ қаламың ақ қағазды аңсап тұрады. Сосын үстел басына отырасың. Мына өмірге, тағдырыңа деген адамдық пейілің осылай арнасынан асып жатады. Соған мың шүкір.
Күмісжан БАЙЖАН,
«Егеменнің» ардагері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы