Қоғам • 29 Қазан, 2019

Салқар даланың сырнайлы үні

542 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік орталық музейде Қазақстанның атақты суретшісі, мүсінші Бақытжан Әбішевтің «Дала үні» атты мемориалдық көрмесі ашылды.

Салқар даланың сырнайлы үні

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, белгілі мүсінші Бақытжан Әбішев­тің шығармашылығы мәдени қоғам мен көрермендерге жақсы таныс. Қазақ халқының тарихы, ұлтымыздың көрнекті қайраткерлерінің тағдыры мүсіншіге етене жақын. Суретші оны өзінің басты тақырыбы ретінде санайды. Ол ұзақ жыл тарихи тұлғалар мен ұлттық батырлардың бейнелерін қалпына келтіруге үлкен үлес қосып келеді.

Суретші Бақытжан Әбішевтің ел көңілінен шыққан мүсіндік тақы­рыптары  мен сюжеттері қазақ тарихы мен халық өмірі және салт-дәстүрімен тығыз байланысты келе­ді. Автордың өз шығармаларын жасау­да әртүрлі композициялық және көркем пластикалық мәнерлі құрал­дар мен әдістерді пайдаланатынын айту ләзім. Мүсіншінің жүрегіне жақын, жылылыққа толы «Ананың портреті» шынайы өмірден негіз алға­нын бағамдар едіңіз. Кеңдік пен пластикалық қуатқа толы «Күйші» бейнесі, халқын ерлік істерге үндеген «Ұран» ескерткіші жас ұрпақты ерлікке, ұлылыққа шақырғандай болады. Ал қазақ батырларының күші мен ептілігі «Ұмай», «Томирис», «Беташар», «Бүркітші», «Батыр» бейнелерінен жақ­сы көрініс береді.

Мүсіншіні 1970 жылдан бас­тап сту­денттік, республикалық, ха­лық­аралық көрмелердің тұрақты қатысушысы, көрнекті монументалдық жұмыстардың авторы ретінде білеміз. Ол қазақ хал­қының батырларына арнап қойылған көп­теген ғажайып ескерткіштің авторы. Б.Әбішев Ал­маты қаласында Жам­былға, То­қаш Бокинге, Ақтөбеде Әлия Молда­ғұловаға, Бұқар жырауға, Мәш­һүр-Жүсіп Көпейұлына, Баян­ауылда С.Торайғыровқа, Қарағанды қала­­сында Сәкен Сейфуллинге қойыл­ған ескерт­кіштерді мүсіндесе, сонымен қатар Алматыдағы Әл-Фараби, Махамбет, Күләш Байсейітова, жазушы Әди Шәріпов, Нұр-Сұлтан қала­сындағы Ататүрік, Жаяу Мұса тұрпаттарын бейнелеген. Станок жанрының жаңқа­ланған жұмыстары қазақстандық және шетелдік музейлерде ерекше ба­ғаланады. Бүгінде мүсінші, сурет­ші Б.Әбішевтің «Олимпиадашы» атты өзгеше еңбегі  Швейцарияның Лозанна қаласындағы олимпиадалық комитеттің штаб-пәтерінде тұрғанын көп адам біле бермеуі мүмкін. Оның  соңғы жылдары істеген ірі туындысы – ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен Махамбет Өтемісұлының 200 жыл­дығына арналған  «Исатай мен Махамбет» монументалды кешені деуге болады.

Мүсінші шығармалары тас пен қола дәуірінің ой сезімін шығарма­шы­­лық жасампаздықтың ұлы ек­пінінде біріктіре отырып, мәңгілікке ша­қырады. Салқар даланың сырнайлы үніндей әдемі бір әуен келетіндей дер­сіз. Әлденені аңсап сағынасыз.

 

АЛМАТЫ