Өзбекстан әлдеқашан бастаған
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» стра-тегиялық жоспарлау департа-ментінің директоры Артур Мискарянның айтуынша, отандық көлік индустриясы Үкіметтің қолдауынсыз ішкі нарықтан алысқа ұзай алмайды. Тіпті дамыған елдердің өзінде автокөлік экспортына кеткен шығынның 30 пайызын мемлекет өтеп береді. Оған қоса сыртқы нарықты игеру отандық автонарықтың валюталық құбылуға деген тәуелсіздігін күшейтіп қана қоймай, отандық экономиканың төлем балансын күшейтуге жақсы әсер етеді.
2018 жылы көлік өндірумен және сатумен айналысатын қазақстандық кәсіпорындар қазынаға салық түрінде 54,9 млрд теңге төлеген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 24 пайызға артық. «Автоөнеркәсіптің әлеуметтік қорғауға және экономикалық қауіпсіздікке қосқан үлесін бағалау қиын. Бұл сала Қазақстандағы машина жасаудың локомотивіне айналды. Мұндай динамиканы сақтайтын болсақ, алдағы уақытта да экономиканың ең жылдам өсіп келе жатқан секторы болып қала береді. Біздің елмен салыстырғанда Өзбекстан автокөлік импортын шектеп, экспортқа қолдау білдіріп жатыр» деп атап өтті
А. Мискарян.
2021 жылы «Азия Авто – БИПЭК Авто» құрылысының алғашқы кезеңі аяқталады. Жобаның қуаты жылына 60 мың автокөлік шығаруға жетеді. Мұндай мөлшер тек ішкі нарықты қамтып, экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді. Үкімет биылдан бастап өндірістік базаны нығайтуға кірісіп кетті. 26 маусым күні Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстанның машина жасау саласын дамыту жөніндегі бес жылдық Жол картасын бекітіп, сектордың өркендеуіне септігін тигізетін құйма, ұсталық және басқа да базалық өндірістерді дамытуға тапсырма берді. «Қосымша кедергілер шығып қалмаса, біз 2022 жылға қарай жылына 150-160 мың автокөлікті саудаға шығара аламыз. Сол кезде тек көлікті құрастырумен шектелмей, қосымша бөлшектерін өзімізде шығаруды ойлануға болады» дейді Артур Мискарян.
А.Мискарян 2021 жылы «Азия Авто – БИПЭК Автода» шығатын автокөліктерді 100 пайыз болмаса да 30 пайыз өз өніміміз деп атауға болатынын айтты. Бірақ автокөліктерді қосалқы бөлшектерімен қоса өзімізде шығарсақ та оның бағасына әсер ете алмайтынын білгенде көңіліміз су сепкендей басылды. Бағаға әсер ететін басты фактор – нарықтың сыйымдылығы мен сұранысы екен. Бұл жерде жалғыз автоқұрастыру зауыттарына кінә таға беруге болмайды. Олар шикізатқа да мұқтаж. Себебі 90-жылдардағы тоқырау және қайталап соққан дағдарыстар кесірінен құйма өндірісі, ыстық қалыптау, ұсталық өндірістен өзгесі дамудан шеттеп қалды.
100 мың – жақсы нәтиже
Әлемдік деңгейдегі автокөлік экспортерлері Жапония немесе Қытайдағы автокөлік шығаратын концерндердің жылдық қуаты – 500 мың немесе 1 млн дана автокөлік. Ал Қазақстан үшін жылына 160 мың автокөлік шығару да жақсы нәтиже. Мұндай көрсеткішпен 100 пайыз өзімізде шығарсақ та бағаға әсері тым әлсіз болатын көрінеді. «Мүмкін, Өзбекстан сияқты импортты шектеп, экспортқа қолдау көрсетсек, бағаға әсер ете алатын шығармыз. Бірақ оған жету үшін 10-15 жыл керек. Біз өзіміздің автомобильді бастан-аяқ жасап шығаруымыз үшін 10-15 жыл қажет деп есептейміз. Технологиялар трансфертін жүзеге асырып, оны сатып алу арқылы қалғанын өзімізде шығару табысқа жетудің ең қысқа жолы» дейді А. Мискарян.
Оның айтуынша, 100 пайыз отандық көлік шығаруға ұзақ уақыт жұмсаған елдер бар. Мәселен, Оңтүстік Корея оған 60 жылын, Жапония 35 жылын жұмсады. Біздің елде 2010 жылға дейін автомобиль, электровоз, тепловоз өндірісі болған емес.
«Көлікке қажетті бөлшектердің 50 пайызын шығаратын өндіріс ошақтары ел ішінде болғанда Қазақстанның автомобильдері сыртқы нарықта өтімді болады. Бұл бағытта да нақты атқарылып жатқан жұмыстар бар» дейді А.Мискарян.
Соңғы жылдары АҚШ долларының қымбаттап кетуіне байланысты халықтың сұранысы төмендеп кеткені туралы жиі айтылып жүр. Артур Мискарян осы тұста жыл соңына дейін 70-75 мың автокөлік сатылады деп жоспарланып отырғанын айтып өтті. Салыстыра кету үшін айтсақ, бұл 2014-2015 жылдардағы деңгейдің жартысы ғана екен. Бұл көрсеткіштің өзі автокөлік нарығының сауығып келе жатқанын білдіреді.
Сарапшылардың айтуынша, көлеңкелі автокөлік импорты жылына 130 млн долларды немесе 50 млрд теңгені құрайды. Соңғы 4 жылда оның көлемі 5 есе қысқарған. А.Мискарянның түсіндіруінше, ресми импортты саны жағынан да, сапа тұрғысынан да бағалай алсақ, бұл жылына – 242 млрд теңге, ал «көлеңкелі» импорт көлемін дөп басып айту қиын. 2015 жылдары жаңа көліктердің 24 пайызы заңсыз кіргізілетін. Бұл санатқа нарықтың басым бөлігін алып тұрған (44 пайыз) ескі көліктерді қосыңыз.
Қазіргі кезде кедендік салықтың нәтижесінде жаңа көліктердің көлеңкелі импорты 8 пайызға дейін азайыпты.
«Біздің болжамымыз бойынша, Қазақстанға жылына жалпы құны 130 млн долларды құрайтын көліктер заңсыз кіргізіледі. Бірақ соған қарамастан 2019 жылдың 9 айында 29 мың адам Қазақстанда құрастырылған көліктерді таңдаған, бұл – жалпы нарықтың 56 пайызы. 21 мыңнан аса отандасымыз шетелдік көлікке басымдық берген. Соның ішінде, Ресейден келетін көліктердің үлесі 15-17 пайызды құрайды», деді Артур Мискарян.
Биыл мемлекеттік сатып алу бойынша 2824 бірлік жеңіл көлікке тапсырыс түскен, бұл 18 млрд теңгенің өнімі екен. Осы тұста, А.Мискарян көліктерді жеткізушілер тарапынан заңбұзушылықтар болғанын айтып өтті. Қазақстандағы ведомстволық мекемелердің бірі биыл Ресейде жасалған УАЗ көліктеріне тапсырыс берген. Тура сондай көліктер өзіміздің Өскемен қаласында да құрастырылады. «Тендер жариялаған комиссия оны қалай мақұлдағанын білмеймін. Бірақ кейін біздің араласуымызбен мұндай олқылықтар түзетілді», дейді Артур Мискарян.
Отандық автоның шетелдікінен айырмасы жоқ
...Бағасы да бір деңгейде. Артықшылығы, өзімізде өндірілген көлікті халық жеңілдетілген несиемен ала алады. Ал импорттық көлікке мұндай жеңілдіктер жоқ. Өткен аптадан бері Ұлттық банк автокөлікті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына қосылды.
«Бұған дейін екінші деңгейлі банктер арасында 14,5 млрд теңгенің траншы бөлінген болатын, жыл соңына дейін тағы 5,5 млрд теңге бағытталмақ. Бұл нарықта отандық көліктердің сатылымын тұрақтандырып, оның сатылымын бұрынғы қалпына келтіруге әсер етіп отыр» дейді А.Мискарян.
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» өкілдері болса, жергілікті құрастыру деңгейін арттыру мен компоненттер базасын кеңейту отандық автозауыттардың валюталық құбылмалыққа тәуелді болуын төмендетуге мүмкіндік береді деп отыр. Осыған дейін «автодиллерлердің саудасы биыл жыл соңына қарай 20-25 пайызға дейін өседі» деген болжамдар батылырақ айтылып келген болатын. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» одағының директорлар кеңесінің төрағасы Олег Алфёров бағамның қазіргі құбылмалығы тек шикізат бағасына тәуелді емес екенін айтады.
Автокөлік нарығы – қазақстандық ритейлдің ең бір тұрақсыз сегменттерінің бірі. Сол себепті алдағы уақытта импорттық көліктер бағасы қайта қаралуы мүмкіндігін сала өкілдері жоққа шығармайды. Жоғарыда айтып өткендей, автокөлік нарығы макроэкономикалық және геосаяси факторлардың әсеріне тәуелді. Шетел валютасының тұрақсыздығынан диллерлер шетелдік брендтердің бағасын қайта қарауы мүмкін. Сондай-ақ автокөлік нарығының сарапшылары бағаның бұрынғы деңгейде сақталып қалуына қоймалардағы автокөліктердің 80 пайызы ескі бағамен сатып алынғаны себеп болып отырғанын айтады.
Алматы