Аймақтар • 30 Қазан, 2019

Дәстүрлі қолөнерді дәріптеуде

1511 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өнердің, соның ішінде қолөнердің түрі көп, тіпті заман ағымына сай бұл сала жаңғырып-жетіліп келеді десе де болады. Алайда қазақтың дәстүрлі өнерін, соның ішінде киіз үй жабдықтарына қатысты төлөнерді тасада қалдыру мүмкін емес.

Дәстүрлі қолөнерді дәріптеуде

 

Өкініштісі, қазір ақ, қара түсті өре киіздер мен талдырма басып, оны ойната ойып, мың құбылған оюлы текемет басу, даладан баппен ши суырып, оны еппен аршып, мың бояулы жүнге орап оюлы ши тоқу, ұршық иіру, құрақ құрау, бау-басқұр тоқып, сыр­ғалақ айналдыру, шашақ дайын­дау – өзге де бағзыдан міні құ­рымай жеткен ұлттық қолөнер­мен айналысатындардың жасы қазір 70-тен асып барады. Жас­тардың бұл дүниелерді жасауға қызығушылығы жоқ емес, тек жалықпай үйрететін жасқа да, өнерге де жанашыр жан болса...

Маңғыстауда бұл жауапкер­шілікті хас шебер Әуес Сағынаева бастаған аналар өз қолдарына алды. Қаршадайынан ел ішіндегі қолы шебер ана-апалардан іс істеудің қыр-сырына қанығып, ерінбей үйренумен өскен ол өмірін осы салаға арнады. Тынымсыз ұзақ жылғы еңбектің жемісі де аз болмады. Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Қолөнер шебер­лері одағының мүшесі, Маңғыс­тау облысы қолөнер шеберлері одағы­ның президенті, «Алтын оймақ» қолөнерді қолдау қоры­ның жетекшісі Ә.Сағынаева жақын­да Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қолөнер шеберлерінің форумына барып, арнайы шеберлік сағатын өткізді.

Қазақстан Республикасы Мә­дениет және спорт министр­лігі­нің және Маңғыстау облыс­тық мәдениет басқармасы­ның қол­­дауымен, Маңғыстау аудан­дық кә­сіп­керлер палатасы­ның ұйым­­дас­тыруымен Әуес ал­­ғаш болып шеберлік саға­тын Шетпе ауылынан бастап, қызы­ғ­у­­шылық танытқан және өз кә­сібін ашқысы келген шетпе­лік 20 қыз-келіншекке тегін ке­ңес беріп, іс жасауды үйретті. Олар алдымен кереге таңғыш то­қып үйренді, киіз басып ма­шық­­танды. Маңғыстау облысын­да ұмытылып бара жатқан қазақ­тың дәстүрлі қол өнерін жаң­ғырту және кәсіпкерлікке баулу ая­сында өткен шараға Әуес Сағы­наевамен бірге Маңғыстау ауданында киіз үй жабдықтарын жасау, ескі қолөнер бұйымдарын қайта жаң­ғыртумен айналысып жүрген «Асыл қазына» жеке кәсіпк­ерлі­гінің басшысы Күміс Қос­бай және өңірге белгілі киіз үй жаб­дық­тарын, қазақтың қолөнерін да­мытуға зор үлес қосып жүрген шеб­ер Шарқат Төлемісова да қа­тыс­ты. Үйренгендеріне дән риза бол­ған қыз-келіншектер шебер­лерге және Маңғыстау ауда­ндық «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкер­лер па­латасына шексіз алғысын білдірді.

Жеке кәсіпкер Жанна Аман­құлова­ның айтуынша, Әуес апа­ның өзінен қолөнер бұйым­дары­ның қыр-сырын үйрену үлкен мәртебе. Өйткені Маңғыстауда одан өткен хас шебер жоқтың қасы. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үлкен игі іс.

– Ұлттық қолөнеріміз – мәде­ниеті­міздің, салт-дәстүріміз­дің бір бөлігі. Оны кейінгі ұрпаққа мұра етіп үйретіп кету парызымыз деп санаймыз. Өйткені саф өнер­ді жіті білетін шеберлердің жасы 70-ті алқымдап қалды. Білгені­міз­ді, бойымыздағы шеберлікті жастарға сіңіріп жатқан жайымыз бар. Туризмді дамытқымыз келсе, мәдениетті де ұмытпауымыз керек. Елге келген турист тарих пен мәдениетпен танысқысы келеді. Былтыр жапониялық турист қолөнер шеберлерін аралағысы келді. Енді арнайы орталық құрылса құба-құп, дейді жақсы іске бастамашы болып жүрген шебер Әуес Сағынаева.

Шебердің мақсаты – аналары­мыздың шебер ой-қиялының, дүние­таным көкжиегінің кеңді­гінің дәлеліндей болған теңдесі жоқ ұлттық қолөнерді жастарға үйрету болса, арманы – арнайы Қолөнер шеберлерінің орталығын құру. Ұрпақтың, ұлттық мұраның қамын ойлап қарбаласқан шебер­лердің бұл арманы орындалса, орта­лықтың халқымызға тән ұлт­тық өнерді үйретушілер мен үйрену­шілердің, әсіресе жастар­дың қызығушылықпен бас қосып, ішінен қазақылықтың иісі аңқып, қолөнер бұйымдарымен жасанған нағыз ұлттық орын болатынына сөз жоқ.

Шетпедегі шеберлік сағатында қаты­сушылар текемет, алаша тоқу, киіз басу, бау-басқұр, киіз үй жаб­дықтарын тоқудың жолдарын үй­ренді. Шара соңында оларға ар­найы сертификаттар табысталды. Енді олар өз кәсіптерін ашып, ұлт­тық өнерімізді дәріптеуіне болады.

Әуес Сағынаева мұндай шебер­лік сағаттарын Маңғыстаудың барлық ауылдарында өткізуді жос­парлап отыр.

 

Маңғыстау облысы