Президент Жолдауы – барша қазақстандықтардың өміріне, болашағына қатысты тарихи құжат: стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған. Жасампаздыққа жетелеген биылғы Жолдау еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығармақ. Мемлекет басшысы қайнаған тіршіліктің бәрі елдің экономикасына қатысты екенін баса айтты. Өйткені елдің дамуы экономикамен тығыз, тікелей байланысты. Бәсекелестік кеңістікте дамыған ел ғана алдыңғы орынға шығатынына көзіміз жетті.
Ертеңгі бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің қандай жеңістерге жеткенін тарихтан білеміз. Еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, енді жүрісін дұрыстап, тынысын жөндеп алғанда сындарлы мұраттарды алға қойды. Сындарлы мұрат деген халықтың жағдайы, елдің өрлеуі, жарқын өмір.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отырғанын жеткізді.
«Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», деді Президент.
Сондай-ақ Президент халыққа Жолдауында Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді және қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеу туралы айтты.
«Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: ел бірлігі – оның әралуандығында!» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырғанын айта келіп: «Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», деді.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – азаматтық қоғамға қолдау көрсету қажеттігі. Президент: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсету керек, халықты жалпымемлекеттік өзекті тапсырмаларды талқылауға тарту керек. Сол үшін де Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды», дей келіп, ол келелі мәселелер көшеде емес, Парламентте шешілуі тиіс екенін қадап айтты.
Сондай-ақ «Алда болатын Мәжіліс және мәслихат сайлауы елді көппартиялы жүйеге әкелуі тиіс», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесі туралы да сөз қозғады. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келетінін, бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз қажеттігін баса айтты.
Мемлекет басшысы ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артатынын жеткізді.
«Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын! Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі», деді ол.
Халық «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Президенттің елімізді жауапкершілікке шақыра отырып, жасампаздыққа жетелеген сындарлы Жолдауы мемлекетімізді баянды белестерге бастайды деп сенеміз.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі