Қорғаныс ведомствосының делегациясы әскери бөлімдер орналасқан жерде болып, жас офицерлердің, мерзімді және келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жағдайларымен танысты. Генерал-майор Мұхамеджан Таласов жеке құраммен, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің ата-аналарымен кездесіп, барлық сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар ол әскери бөлімдер мен мекемелер командирлерінің тәртіптің жай-күйі, әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық және тұрғын үй жағдайы, бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуал, түйткілді мәселелер туралы баяндамаларын тыңдады, сондай-ақ Президент Жолдауының негізгі ережелерін түсіндірді.
Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қажетті заңгерлік көмек көрсетіліп, әскери қызметке, тұрғын үй және зейнетақымен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер бойынша кеңестер берілді.
Іс-шаралар Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әртістерінің концерттерімен сүйемелденді. Сонымен қатар АОСК қоян-қолтық ұрыс және қазақ күресі бойынша әскери спортшыларының өнерлері қойылды.
Сарыөзек гарнизонына бару әскери бөлім күнімен тұспа-тұс келді. Осы бойынша әскери жарыста үздік болған әскери қызметшілер марапатталды. Оларды Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары жеке құттықтады.
«Барлық әскери қызметшілерге әскери борышқа адалдығы, қызметі мен Отан қорғау ісіне қосқан зор үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің тамаша қызметтеріңіз абырой, әскери ерлік пен патриотизмнің айқын дәлелі», – деді ол.
Гарнизондармен танысу барысында запасқа шығарылатын мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді құттықтау және осы күзде Қарулы Күштерге қызметке жіберілетін әскерге шақырылушыларды шығарып салу ұйымдастырылды. Жас патриоттар да шетте қалмады. «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері салтанатты түрде ант қабылдады.
Айта кету керек, ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыс мақсаты – әскери қызметшілермен, олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары мен өзекті мәселелерін зерделеу, гарнизондардың әскери бөлімдері қолбасшылығының қызметін талдау, қолданыстағы заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіру және Президенттің Жолдауын жүзеге асыру, сондай-ақ әскери бөлімдер мен мекемелерге ақпараттық-тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері бойынша әдістемелік және практикалық көмек көрсету.