Әлем • 30 Қазан, 2019

«Қазақтың Моцарты» оқуын тәмамдады

315 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Топқа салса тоқтамайтын, сөз сөйлесе сүрінбейтін өне бойы өнерге толы өрендер көп­шіліктің батасымен көгеретіні белгілі. Елден алған батасын екі еселеп қайтарып жатқан же­тіс­­тігіне жұрт сүйсінген оғыландарымыз же­тер­­лік. Бүгінгі кейіпкеріміздің де тұла бойы тұн­ған өнер. Сол өнерінің арқасында Қазақ­стан­ның мәдени мәртебесін әлем алдында асқақ­татып жүр.

«Қазақтың Моцарты» оқуын тәмамдады

 

Ол небәрі 13 жасында студент атанып, 17 жасында магистрант болып, 18 жасында магистрлік диссертациясын қор­ғап, өнертану ғылымының док­торанты атанды. Ол – «Дарын» мемлекеттік сыйлығының ең жас иегері. Тәуелсіз Қазақстан тари­хын­дағы 17 жасында ТМД Парламентаралық Ассамблея­сының «Мәдениет пен өнерді да­мытудағы ерен еңбегі үшін» құр­мет белгісімен марапатталған ең жас және жалғыз мәдениет қайраткері. Ол – Бах, Моцарт, Гай­дннан бастап, қазіргі клас­сиктерге дейінгі әлемдік клас­сикалық шедеврлерді жинай­тын Оңтүстік Иллинойс универ­ситетінің (АҚШ) «Discography» оркестрімен фортепианоға ар­нал­ған туындыларды орындайтын әлемдік қордың қоржы­ны­на туындылары енген Қа­зақ­­стандағы ең жас әрі жал­ғыз композитор. Ол – заманауи музыкаларды орындаушы­лар мен композиторлардың халық­аралық академиясының ең жас қатысушысы.

Қарапайым отбасынан шы­ғып, қарақұрым халықты аузына қаратқан ерекше талант иесінің есімі – Әбдісағин Рахат-Би Төлегенұлы. Жас компози­тор, пианист, халықаралық конкурс­тардың лауреаты Рахат-Биді еліміз түгілі әлем жұртшылығы да танып үлгерді. Біздің кейіп­ке­ріміздің шығармаларын Еуро­па, Азия және Американың сим­фониялық оркестрлері мен камералы ансамбльдері, атақты солистер орындайды. Оның музыкасы Азия мен Еуропа елдерінің белгілі концерттік залдарында жиі қойылады. Шы­ғармаларының әлемдік премье­расы Прага, Лондон, Вена, Па­риж, Берлин, Сеул, Анкара, Ыстан­­бұл, Мәскеу, Рогашке-Сла­­тине, Бергамо, Аркейе, Али­­­канте, Алматы және Нұр-Сұл­­тан қалаларында өтті. Ше­тел­дік сыншылар Рахат-Би­ге «қазақтың нағыз ғажайып құ­бы­­лысы, мінезінде амбиция­сы, қолында ерекше күші бар асқан шебер пианист» деген баға берген. Ол – математиканы зерттеуге қызыққан, жан-жақ­ты интеллектуал. 14 жасында «Математика және қазіргі заманғы музыка» (Алматы, 2013) және «Mathematics and Contemporary Music» (Almaty, 2013) ғылыми еңбектерін жа­риялад­ы. «Гармонияның шет­тері» атты шығармашылық жұ­мыс­тар жинағының авторы.

Жақында Италияның Ми­лан қаласында Рахат-Би Әбді­сағиннің «Сезілмейтін жұл­дыз­дар серенадасы» туындысының әлем­дік тұсаукесері өтті деген сү­йінші хабар жеткен болатын. Еске сала кетсек, Рахат-Би Италияның үш бірдей атақ­­ты жоғары оқу орнына докто­рантураға қабылданған болатын. Олар – Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясына Master di II Livello (композиция), Чезаре Поллини атындағы Падуя консерваториясына Master di II Livello (фортепиано) және Рим қаласындағы Санта-Чечилия академиясына Corso di Perfezionamento (композиция). Осы жылы ол аталған оқу орындарын небәрі 20 жасында тәмамдады.

Өнер жолында өзіндік қол­таң­басын қалдырып үлгер­ген жас дарынды барлығы «Қазақ­тың Моцарты» деп атайды. Он екі жасынан музыка жаза бас­таған ол көптеген беделді ха­лық­аралық жарыстардың лау­реа­ты атанды. 100-ден астам му­­зы­калық шығарманың ав­то­ры, соның ішінде кең ауқым­­ды симфониялық және әр­­түр­лі камералық шығарма­лар­дың авторы. Рахат-Би осы­дан екі жыл бұрын наурыз айын­да П.И.Чайковский атын­да­ғы ММК-ден бір айлық тә­жі­рибеден өткен болатын. Мәс­­кеу қаласындағы аты аңызға ай­нал­ған «Композитор» баспа үйі­нен Рахат-Би Әбдісағиннің «God’s dwelling» («Жилище Бога») мен «Over the vault of depth» («Над сводом глубины») атты симфониялық карти­на­ларының партитуралары шық­ты. Дәл қазіргі уақытта Рахат-Би Әбдісағин әр жыл сайын 24 елден 200-ге жуық әлемге әйгі­лі музыканттар мен педагогтар қатысатын П.И.Чайковский атын­дағы жасөспірімдер конкур­сының әділқазылар мүшесі болып табылады.

Сонымен бірге Р.Әбдісағин – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауының жеңімпазы.