Қоғам • 30 Қазан, 2019

Қала мен ауыл: Орта білім сапасы қай деңгейде?

2466 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде жыл сайын білім беру саласына айтарлықтай көңіл бөлініп отырғанымен, қоғамда білімнің сапасы туралы түрлі әңгімелер бар. Расында да әрбір жеткіншектің болашақтағы білім мен біліктілік деңгейі мектеп қабырғасындағы оқу үлгеріміне байланысты. Сонымен қатар халықтың арасында қала мен ауыл балаларының білім деңгейін өзара салыстыру да жиі байқалады. Сондықтан бүгінде қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасын реттеу мәселелері өзекті болып отыр.

Қала мен ауыл: Орта білім сапасы  қай деңгейде?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Жолдауында да бұл мәсе­лелерге ерекше тоқталып, «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта бі­лім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педа­гог кадрлардың тапшылығы» деп атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ Мем­лекет басшысы қала мен ауыл мек­тептері арасындағы білім сапасының ал­шақтығын жою, «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасының аясын кеңейту, оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету бағытында да нақты тапсырмалар берген еді.

Қазіргі кезде қала және ауыл мектепте­рі­нің арасындағы айырмашылық қандай, сонымен қатар ауыл мектептерінде білім бе­ру сапасы қаншалықты жоғары деген сауалдың да туындайтыны рас. Бұл ретте тиісті сала басшылары да көптің кө­кейінде жүрген мәселелерді тарқатып ай­тып берді. «Расымен де, қазіргі уақытта ауыл мектептерінің жағдайы, ондағы білім берудің сапасы көп жағдайда сын көтер­мейтіні белгілі. Облыста 442 жалпы орта білім беретін мектеп болса, оның 358-і, яғни 80 пайыздан астамы ауыл­дық жерлерде орналасқан. Ал ауыл мектептерінің 18,5 пайызы, яғни 66 мектеп саман кірпіштен салынған. Оның ішінде 32 мектептің ғимараты 60-шы жылдарға дейін салынған болса, қазір 3 білім беру оша­ғының ғимараты апатты жағдайда. Департаментіміз де өзінің құзіреті шегінде облыстағы ауыл мектептерінің жағдайын үнемі назарда ұстайды және ондағы білім берудің сапасын жақсартуға ықпал етеді», дейді Жамбыл облысы бойынша Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Өскембаева.

Сонымен қатар қазір аталған департа­ментке балалардың құқықтарын қорғау бойынша жаңа функциялар берілуде екен. Департамент басшысы өзінің жұ­­мы­сын жоспарлауда, оның ішінде про­филактикалық бақылауды жүзеге асы­руда ауыл мектептерін қамтуды көз­деп отырғанын да жеткізді. Жоспарға сәй­кес, соңғы 2 жылда 66 мектепте мем­ле­кеттік бақылау шаралары жүргізілсе, оның 75 пайызы, яғни 49 бақылау ауыл­дық мектептерді қамтыған. Меке­менің мәліметіне сүйенсек, бақылау шара­ларының нәтижелері қалалық мектептермен салыстырғанда ауылдық мек­теп­т­ердің материалдық-техникалық база­сының әлсіздігін, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуі мен интернет жыл­дамдығының, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда білім саласындағы заң­нама талаптарын сақтау деңгейінің тө­мендігін, пәндер бойынша педагог кадр­лардың тапшылығын көрсетіп отыр екен. Биылдың өзінде 22 ауылдық мектептің білім беру қызметін жүзеге асыру сапасына профилактикалық бақылау жүргізіліп, заңнама талаптарына сәйкес келмейтін бірқатар деректер анықталыпты. Мәселен, Қордай ауданындағы №34, №39, Жуалы ауданындағы №13, Меркі ауданындағы №30, Т.Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ, №4, Шу ауданындағы Ы.Алтынсарин, Мойынқұм ауданындағы Амангелді, Мыңарал орта мектептері сияқты білім нысандарында құрылтайшы құжаттарының «Білім туралы» Заңның 41-бабына сәйкес рәсімделмеуі орын алса, Жамбыл ауданындағы №2, №3, Ә.Ысмайылұлы, Байзақ ауданындағы №2, С.Сейфуллин, Қордай ауданындағы №10, №34, №39, Шу ауданындағы Ы.Алтынсарин, М.Мәметова, Меркі ауданындағы №15, №30, Т.Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ, Жуалы ауданындағы №13, №15, №16, Мойынқұм ауданындағы Мыңарал орта мектептері сияқты 17 мектепте «Күнделік» электронды журналының талапқа сәйкес толтырылмауы анықталды. Департамент берген мәліметке сүйенсек, тағы 11 мектепте балаларды 1-сыныпқа қабылдау Білім және ғылым министрінің 2018 жыл­ғы 12 қазандағы №564 бұйрығына сәйкеспеген болса 5 мектеп балаларды 10-сыныпқа қабылдау кезінде осындай қателіктерге жол берген. Өз сөзінде Дәмеш Өскембаева аудандық білім бөлім­дерінің мектептердің жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастырмауынан орын алған заң бұзушылықтардың да бар екенін атап өтті. Мәселен, өңірдегі 20 мектепте педагогтар біліктілікті арттыру курстарынан мерзімінде өтпеген бол­са, Байзақ, Жамбыл, Меркі, Қордай және Талас аудандарындағы бірқатар мектепте физика, химия, биология пәндері оқу-зертханалық жабдықтармен жабдықталмаған, технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген, аталған пәндер бойынша оқу кабинеттері де жетіспейді екен. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданындағы №4, Талас ауда­нындағы Бірлестік, Мойынқұм ауда­нындағы Амангелді, Қордай ауданындағы №10 орта мектептеріне де музыка, ағыл­шын тілі, математика, технология, химия пәндерінен педагог мамандар жетіспейді. Бүгінде бірқатар мектеп үшін аталған пән­дердің мамандарын табу қиынға со­ғуда. Жалпы, бақылауды жүргізу барысында департаменттің жауапты мамандары мен тартылған сарапшылар тарапынан педагогикалық ұжыммен кездесу өткізіліп, анықталған заң бұзушылықтарға талдау жасалады. Сонымен қатар оны жою бойынша ұсынымдар енгізіледі екен.

Білім беру сапасы көрсеткіштерінің бірі – оқу жетістіктерін сырттай бағалау нәти­желері екені белгілі. Биылғы оқу жетіс­тіктерін сырттай бағалау облыстың 56 жалпы орта білім беретін мектептерінде өткізіліп, оған 4, 9 және 11-сыныптардан 8778 оқушы қатысқан. «Нәтижесі бойынша қала мектептерімен салыстырғанда ауыл мектептерінің көрсеткіштері төмен. 4-сыныптар бойынша 19 қалалық, 36 ауыл­дық мектеп қатысқан. Нәтижесінде, қала мектептері 20,5 орташа балл көрсетсе, ауыл­ мектептері 18,5, яғни 2 балға тө­мен.­ 9-сыныптар бойынша 20 қалалық, 36 ауылдық мектеп қатысқан. Қала мек­теп­тері 47,2 орташа балл көрсетсе, ауыл мек­тептері 41,7 көрсеткен, яғни 5,5 балға төмен. Ал 11-сыныптар бойын­ша 12 қалалық, 25 ауылдық мектептер қа­тысқан. Қала мектептері 64,1 орташа балл көрсетсе, ауыл мектептері 59,1­ көр­сеткен, бұл да 5 балға төмен. Сон­дық­­тан да Мемлекет басшысының Жол­дауынан туындайтын тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру, оның ішінде қа­ла мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою үшін жер­гілікті атқарушы органдар орын алған мәселелерді ескеріп, нақты шаралар қа­был­дауы қажет», дейді Дәмеш Өскем­бае­ва.

Қазір ауыл мектептерінің материал­дық-техникалық базасын күшейту, ауыл мектептеріндегі педагог кадрларға тап­шылықты жою – басты мәселе. Бұл орайда Жамбыл облыстық білім басқармасының мамандары да өзіндік жоспарларымен бөлісті. «Білім басқармасы тарапынан ауылды жерлердегі білім сапасын көтеру мақсатында қадамдық жоспар әзір­ленуде. Ауыл мен қала мектептерінде мониторинг жұмыстары жүргізіліп, ауыл мектептерінде білім сапасының төмендеу себептері анықталуда. Өңірдегі білім мекемелерінің арасында рейтинг жүргізіледі. Оларға әдістемелік көмек көрсету, жұмысын персоналды бақылауға қою шаралары ұйымдастырылуда. Да­рынды оқушыларды анықтау жұмыстары да жүргізілуде. Облыстық білім бас­қармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларын өткізетін орталықтың да атауын өзгертіп, алдағы уақытта «Дарын» мектебін ашу жос­парлануда», дейді аталған басқар­маның орта білім беру бөлімінің басшысы Айдын Досыбаева.

Білім мәселесі қай кезде де өзекті. Халқымыздың «Білімдінің күні жарық» деген ұстанымы да тектіліктен хабар беріп, рухани тұлғалыққа жетелейді. Әрине мемлекет тарапынан ауылды жерлердегі білім ошақтарына да жет­кілікті көңіл бөлініп отыр. Тек барды ұқсату тиісті сала мамандарының міндеті бол­ғаны жөн.

 

Жамбыл облысы