Экология • 30 Қазан, 2019

Заманауи топырақ зертханасы ашылды

1183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Ауыл шаруашылығы саласындағы еуропалық талапқа сай топырақ зерттеу зертханасы ашылды.

Заманауи топырақ зертханасы ашылды

Университет жанынан ашыл­ған мүмкіндігі мол зертхана Қазақстанның Ұлттық аккредиттеу орталығында аккре­диттелді. Мұнда 10 элемент бойынша то­­пы­рақ талдамасы жасалады. Атап айтқанда, азот, фосфор, ка­лий, күкірт, гумус және басқа да элементтер бойынша талдау жасалады. Талдау құны еуро­­палық, америкалық және отан­дық зертханаларға қарағанда төмен. Зертханаға қажетті заманауи жабдықтарды сатып алуға Гер­манияның Ганновер уни­верситеті грант бөлген.

Университет ректоры Ақыл­бек Күрішбаевтың айтуынша, қазіргі таңда мұндай зертхана еліміздің ауыл шаруашылығы саласына аса қажет екені анық. Бұған дейін диқандардың егіс алқабындағы топырақ құрамын зерттеуге мүмкіндігі болмаған. Соның салдарынан топырақтың құнары төмендеп, шығым көлемі күрт кеміп кетті. Зертхана мұн­дай келеңсіздіктің алдын алуға септігін тигізбек.

«Мұндай еуропалық талап­тарға сай зертхана елімізде тұң­­ғыш рет ашылып отыр. Ке­лешекте олардың санын көбейте беруіміз керек. Себебі оның ауыл шаруашылығы тауарын өн­­ді­рушілер үшін маңызы зор. Сон­дай-ақ университет қабыр­ғасында іске қосылғаны студенттер, магистранттар, докторанттар үшін өте үлкен жетістік», деді ректор.

Топырақты өсімдіктің қорек­тік элементтерімен қамтамасыз ету – ауылшаруашылық тауа­р өндірушінің басты міндеті. Бі­рақ оны анықтау үшін зерттеу жұмыстары қажет. Ал зерттеу жүр­гізу уақыт пен қаржылық жос­парлауға байланысты қиынға соғып отырғаны белгілі. Енді бұл олқылықтың орны толады дейді университет басшылығы.

 «Соңғы 15 жылда жаздық бидайдың өнімі Аустралияда 30-40 пайыз көбейген. Ал Ресейде 34 пайыз көбейді. Ал біздің сол­түстік өңірлерде аталған көр­­сеткіш 14 пайызға ғана ұл­ғайды. Оның бір себебі – жер құ­на­рының төмендеуі. Ал то­пырақтың құнарын жоғалтпау үшін бізге топырақты зерттейтін заманауи зертханалар қажет. Бүгін біздің оқу орнымыздың жанынан ашылып отырған зертхананың басты ерекшелігі – топырақ құрамын соңғы үлгідегі құрылғылар арқылы зерттеумен шектелмей, нарықта жұмыс істеп жатқан фермерлерге де қызмет көрсетеміз. Бұрын отандық фермерлер топырақ тал­дамасын білу үшін Америка мен Еуропаның зерханаларына жү­гінетін», дейді А.Күрішбаев.

А.Күрішбаевтың айтуын­ша, соңғы 4 жылда Қазақ агротех­никалық университеті шетелден 2 млрд теңге инвестиция тартқан. Бұл қаражат түрлі құрылғы сатып алуға және қызметкерлерді шетелде оқыту үшін алынған.