Руханият • 31 Қазан, 2019

Рухани кәмпеске

802 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көрнекті ғалым, профессор Мекем­тас Мырзахметов 2001 жылы «Парасат» журналының 9-санында жарық көр­­ген «Ру­хани кәмпеске» атты мақаласын­да: «...Аса қатерлі мәселенің бірі – қазақ ұлтын жер бетінен тұтас жоғалтып жіберіп, олар жайлаған ұлан-байтақ, бай өлкені босату үшін жоспарлы бағдар­ламалар да болған. Бұл Ресейдің жеті қат жер астында сақталатын мем­лекет­тік құпиясы. Сондықтан ол құжат­тар­­ды ешқашан қолмен ұстап, көзбен көре алмаймыз» деп жазыпты.

Рухани кәмпеске

Расында ғалым ағамыздың жоғарыда айтқан пікірімен келіспеу мүмкін емес. Кеше ғана күні батқан Кеңес дәуірінің өзінде қазақты орыстандыру саясаты патша кезіндегі «ұлттар мен ұлыстардың бірігуі» (слияние нации и народностей) атты ұранның өңін сәл өзгертіп «халықтар достығы – интернационализм» деген желеумен жалғастырды. Мысалы, 1926 жылғы санақтың қорытындысы бойынша Кеңес билігі орнағанда одақ көлемінде 194 ұлт пен ұлыс өмір сүрген болса, одақ құлағанда солардың тең жартысы жер бетінен жойылып кетіпті. Аман қалғандардың бірі – қазақ.

Десе де, қазақты жою үшін ұлтымыздың руханиятына тікелей жасалған қиянат қаншама. Мысалы, Н.С.Хрущев билікке келген соң кіші халықтардың әдебиет-өнер саласындағы жат пиғылдармен күресу жа­йында тапсырма болды. Осыны орындау үшін 1959 жылы 15-19 маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясы қазақ әдебиеті мәселелеріне арналған ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, нәтижесінде қазақ ауыз әдебиетінің 100 томға жуық құнды туындылары партия шешімімен қоғамға зиянды деп танылды. Бұдан құтылудың жолы  – қазақ руханиятының түп-тамырын өзгертіп, еуропалық мәдениетке алмастыру қажет деген шешімге келді.

Соның ішінде шығармашылық қауымды ұлттық таным, тарихи сананы жаңғыртатын тақы­рыпқа соқтырмай, тек қызыл сөзді көпір­тіп, көркем әдебиет жазуға жарыстырып қоя бер­ді. Онымен қоймай арнайы (өндіріс, ауыл ең­бек­шілері, халықтар достығы, т.б.) тақырып таң­дап беріп, мол қаламақы төлеп, жазған-сыз­ған дүниелерін қатаң бақылап отырды.

Осылай өте мәдениетті түрде бақылау­ға алынған ұлттық құндылықтар ақын-жазу­шылардың туындыларынан көрініс берген жағдайда, оларды бірінің үстінен бірі шағымдануға, яки, домалақ арыз-хат ұйым­дастыруға жағдай жасап, адам айтқысыз сат­қындықтың қазақ зиялылары арасында қалыптасуына орай туғызды. Жазушы Бекежан Тілегенов «Тұйық өмірдің құпиясы» дейтін роман-толғауында: «Кеңес заманында қазақ халқының тарихи санасына серпін берген дүние – Ілияс Есенберлиннің романдары еді. Оның кітабы шыққан сайын іле-шала Орталық Комитетке жамандап келушілер де көбейе түсетін. Ол әдейі ұйымдастырылатын»  дейді.

Мұндай келеңсіз үрдіс кадр мәселесінде де көрініс тапты. Тұлғаны талантына, қабі­летіне қарап емес, оның партиялығына, тілал­ғ­ыштығына қарап бағалау әдеті орнады. Сондықтан жоғары билікте іскер, талантты адамнан гөрі ортаңқол, жылпос, жағымпаз адамдар тез көтерілді. «Осылардың тәрбиесі негізінде туған жұртына жатбауыр жаңа бір этнографиялық топ, бәлкім, мүлде жаңа, басқа бір халық дүниеге келеді» деп жазады қаламгер Мұхтар Мағауин  «Ұлтсыздану ұраны» дейтін тың туындысында.

Кеңес кезіндегі тағы бір келеңсіз оқиға. Ел басқаруға детдомда тәрбиеленген адамдардың тартылуы. Бұл тіпті патша ағзам заманында жоспарланған екен. «Бұратана халықтарды жоюдың жолы – әке-шешесіз жетім балаларды пайдалану» депті патшалық отарлаушылар. Төңкерістің алдында Жетісу өлкесінің генерал-губернаторы Колпаковский қырғыз-қазақтың жетімектерін жинап алып Ыстықкөлде және тағы бірнеше жерде мектептер ашып, орыс рухында тәрбиелеуді бастаған болатын. Бұл саясат Кеңес Одағы орнаған алғашқы жылдары қатты қарқын алды.

Нәтижесінде, жетім қалған мыңдаған балалар мен кедейдің ұрпағын әспеттеп жүз­деген детдомдар (жетімдер үйі) ашып, қазақ балаларын орысша оқытып, өзіне қарсы тәрбиеледі. Әлбетте, көпке топырақ шашпаймыз, олардың арасында ұлтын ұмытпай, халқына қызмет еткендер де көп.

Детдомда тәрбиеленген бала үкіметтің айрықша «жақсы көретін» тұлғасы болып саналды. Тіпті осындай тексіздік мақтанышқа айналды. Детдом балалары жаппай билікке келді. Ұлт руханиятының осыншама құл­ды­рап, кәмпескеленуіне бұл адамдардың қос­қан үлесі ұшан-теңіз. Дәл осы оқиға жайлы кезінде даңғыл жазушы, ойшыл қаламгер Мұхтар Әуезов: «...қазақтың жетім балаларын оқытып «ізгілік әрекетке» пайдалану етек алды...» деп күрсіне жазыпты.