Технология • 31 Қазан, 2019

Жаңа жүйенің жетістіктері тұрмысты жеңілдетті

599 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Облыста «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында бүгінгі күн талаптарына жауап беретін қыруар жұмыс атқарылуда. Ауқымды жоба өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жүзеге асырыла бастады.

Жаңа жүйенің жетістіктері  тұрмысты жеңілдетті

Облыстағы барлық саланы цифрландыру бағытында кең ауқымды жұмыс қолға алынып, өңірдің барлық ақпараттық жүйесін қамтитын бір терезе принципіндегі жұмыс жүзеге асырылуда. «Туризм», «Ашық әкімдік», «Азаматтар өтініштері», «Ұйымдардың анықтамалығы», «Сұрау салу» тәрізді модульдер жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына орай, «Ақмола облысының геоақпараттық порталы» қолға алынды. Мұндағы басты мақсат – облыстың туристік әлеуетін жарнамалау, бұрын бейхабар адамдарға таныстыру.

Шындығын айтқанда, көз көріп, құлақ естімеген соң жер жәннаты – Көкшенің үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдерін, саф ауасын, тамылжыған табиғатын алыс-жақын елдердің бәрі бірдей етене біле бермеуі мүмкін. Туризм саласын цифрландыру Көкшетау мен Қорғалжынның арасын кең жайлаған жалпақ елдің қасиетті жерлерін, тарихи орындарын, жанға жайлы жайсаң табиғатын қолмен қойғандай көрсетіп, ұғынықты тілмен баяндап, таныс­тыруда баға жетпес мүмкіндік. Туризм геопорталы әдемі де әсер­лі дизайнмен безендірілген. Өңірдегі мұражайлар мен қонақ­үй­лерді, мейрамханалар мен туристік бағыттарды кез келген адам осы зор мүмкіндіктің арқасында тап басып таба алады. Айтқандайын, бұл өңірде Абылай хан алаңы, Баубек батыр, Бескемпір, Ботағай, Қабанбай және Олжабай батырлардың мазарлары, Кенесары үңгірі, Қосбатыр Құмайдың, Науан хазі­рет­тің жерленген жерлері бар. Мұның барлығы өлкеге сапар ше­гу­ге ниет еткен адамдарға ұғы­нықты көрсетілген. Сондай-ақ көпке түсінікті болуы үшін қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде әрбір қасиетті жердің сипаттамасы берілген. Бір сөзбен айтқанда, көне тарих көмкерген қасиетті алқаптың сиқырлы алабы, жаңа заманның жосығы өзгеше техно­логиясының арқасында жаһанға жар салып тұр.

Күнделікті тіршілікте облыс тұрғын­дарының сұранысын қанағат­тандыратын «Тұрғын үй» қоры ақпараттық жүйесі де үлкен сұ­ранысқа ие болып отыр. Онда облыстағы елді мекендердің электронды картасы жасалып, мекенжайлары көрсетілген. Бұл модуль арқылы халық өздерін толғандырып жүрген жер мәселесі, өзге де шаруашылық қамы жа­йында ақпарат алып, сауалдарын қоя алады. Жоғарыда аталған ақпа­рат­тық жүйе жергілікті атқа­ру­шы органдардың жұмысын жеңіл­детіп отыр.

2018 жылдың тамыз айынан бастап 103 жалпы білім беретін мектепті қамтитын «Балаларды мектепке қабылдауды автоматтандыру» қызметі жұмыс істей бастады. Алдымен облыс тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жүйе білім ошақтарының цифрлы формат бойынша жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Облыста білім саласын цифрландыру жос­парына сәйкес 2019 жылы барлық 457 жалпы білім беретін мектепті осы жүйеге қосу жоспарланып отыр. Әлеуметтік тиімділігі де зор.

Мәселен, мектепті таңдауға, жемқорлықты 70 пайызға азайтуға әсер етеді. Өткен жылдың тамыз айынан бастап облыстағы 148 мектепке дейінгі мекеме цифр­лы жүйеге көшірілді. Енді сәбилер өмірге келісімен, авто­матты түрде балабақша кезе­гін­е тұрғызылады. Басқа да тұр­ғын­дар­ға ыңғайлы жағы аз емес. Мәселен, балғындарын үйіне немесе жұмысына жақын мектеп­ке дейінгі мекемелерге орналас­ты­ру немесе ауыстыру да осы жүйе арқылы жүзеге асырылады. Әр баланың электронды төл­құжаты жасалады. Жоғарыда аталған жоспарға сәйкес биыл облыстағы барлық 464 мектепке дейінгі мекеме жаңа жүйе арқылы жұмыс істемек. Жүйенің шарапаты төменгі буынмен қатар, колледждерді де қамтып отыр.

Бір айта кетерлігі, заман ағы­мы­на сәйкес ұмтылыс болға­ны­мен, олқылық та жоқ емес. Мәселен, компьютерлік техникалармен қамтамасыз ету әлі де жетілдіруді қажет етеді. Мәселен, 9 оқушыға 1 компьютерден келеді. Барлық білім ошақтарында 14656 дана компьютер болса, соның 30 пайызы немесе 4406-сы ескірген, алмастыруды қажет етеді. 8220 пән кабинетінің барлығы бірдей компьютермен жабдық­талмаған, бар болғаны 56 пайызы немесе 4 622-сі ғана қамтылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2018 жылы 523 компьютер алынды. 360 мектеп Wi-Fi жүйесіне қосылу үшін бюджеттен қаржы қарастырылуда.

«Цифрлы Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру жоспарына сәйкес тұр­ғын­дарды оқытып үйрету жайы да қарастырылуда. Ол 2019 жылы 79 000 адамды қамтуға тиіс. Ақмола облыстық білім басқармасы осы бағытта білім беру үшін 510 білім мекемесін дайындаған. Нәтижесінде, 130 934 адам оқы­тылады. Егер ойға алған ауқымды шаруа жүзеге асса, бірқы­дыру табысқа қол жеткізілер еді. Олай дейтініміз, 2018 жылы цифр­лы сауаттылыққа 76 000 адам­ды оқыту жоспарланған болатын.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру барысында облыс орталығында «Кванториум» балалар технопаркі жұмыс істей бастады. Бұл жерде 2 мыңнан астам бала физика, математика, мехатроника, алгоритмика тәрізді пән жүйелерін тереңдей игеруде. Степногор қаласында мектепаралық оқу-өндірістік комби­натында 300-ден астам бала­ны қамтыған техникалық және экономикалық бағыттағы «Smart Step» бизнес инкубаторы жұ­мыс істей бастады. 2018 жылы Көкшетау қаласында мемлекеттік тілде білім беретін 900 орындық ІТ мектеп-лицейі ашылды. Бұл мектеп-лицейде оқушылар робот­техника және бағдарламалау бағытында оқытылуда. Жоба­ның мәні еуропалық білім қалып­та­ры­на сай келеді. Негізінен жаңа технология, ғылыми инновация және математикалық модельдеу бағыттары қамтылып отыр. Үстіміздегі жылы дәл осындай 800 орындық ІТ-лицей Бурабай ауданында ашылмақ.

Білім жүйесін жетілдіруде Nur Otan партиясының да қо­мақ­ты үлесі бар. Мұнда цифр­лан­дыру бағытында үш жоба қарас­ты­рылған. Соның бірі балаларға ар­нал­ған тегін ІТ сыныптар. Өткен оқу жылынан бастап облыста 62 тегін ІТ сыныптары жұмыс істей бастады. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы барлық 560 мектепті тегін ІТ сыныптарымен қамту жоспарланып отыр.

2018 жылдың желтоқсан айынан бастап «Менің мамандығым» ұялы қосымшасы іске қосылды. Бұл жаңалық әсіресе жоғары сынып оқушылары мен та­лап­кер­лердің мамандық таң­дауына көп көмегін тигізеді. Қай оқу орнында, қандай мамандық бо­йынша маман дайындайтынын осы қосымшадан білуге  болады. Ұялы қосымша тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейді.

2018 жылы 496 негізгі және орта мектептің электронды карта­сы жа­салды. Картада мектеп туралы барлық мәлімет бар. Бұл жүйе балалармен және ата-аналармен жұмыс істеуге аса қолайлы. Ақкөл қаласында «Smart City Aqkól» жалпы білім беретін 4 мектеп «Smart-мектеп» жүйесіне қосылған.

Денсаулық сақтау саласында да жаңа жүйенің шарапаты аз емес. Кешенді медициналық ақпараттық жүйе емханалардың, дәрігерлік амбулаториялардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп отыр. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап 196 112 адам кезекке жазылған. Денсаулығы сыр берген адамдардың арасында күні бұрын кезекке тұратындардың үлесі 76,49 пайызды құрайды. Қазір 153 002 адам жеке кабинет қызметін пайда­­­­ланады. Бұл салада да цифр­лы сауаттылыққа 512 417 тұрғын оқытылған. Ақпа­раттандырудың арқасында көп­шілік қауым цифр­лан­дыру жүйе­сінің игілігін көре бастады. Адамдардың жеке кабинетті пай­далануының арқа­сын­да 3 272 үйге дәрігерлік көмек көр­се­туге шақыру жасалған. Эко­но­микалық әсері де аз емес. Бұ­рынғыға қарағанда, кеңсе тауар­ла­ры аз жұмсалатын болды. Дә­рігерлердің де, оларға қара­ла­тын сырқаттардың да уақыты шамамен 50 пайызға қысқарды.

Бүгінгі таңда тұрғын үй-ком­му­­налдық шаруашылық саласы­на цифрландыру жүйесі кең ауқым­да енгізілуде. Осы қызмет жүйе­сіне арыз-шағымның жиі түсетіні бар. Бүгінгі таңда 64 тұрғын үй кооперативі мен жа­уап­­кершілігі шектеулі серіктестік тір­келген. Бағдарлама халықтан жиналған қаражаттың қайда, қалай жұмсалатынын ашық көр­се­теді. Сондай-ақ өтініш-тілектер де уақ­ты­лы жеткізіледі. Алдағы уақытта саланы түбегейлі тәр­тіп­ке келтіру үшін жаңа база жү­йе­сі құрылып, бірыңғай төлем құжаттары топ­тас­тырылмақ. Бұл жүйе жеке инвестиция тарту арқылы халыққа тегін қызмет көр­сетеді. Үстіміздегі жылы тұр­ғын үй-коммуналдық қызмет сала­сын­дағы барлық мекемелер жаңа жүйе­ге көшірілмек.

Тағы бір атап көрсететін жай, электронды еңбек биржасы. 2018 жылдан бастап еңбек ресурстарын дамыту бағытында электронды биржа жұмыс істей бастады. Ендігі арада порталға тіркеу, бос жұмыс орындарын жа­риялау, басқа да толып жатқан ұсы­ныс­тар жаңа жүйе арқылы жұмыс іс­тей­тін болады.

Облыстың ауыл шаруа­шы­лы­ғы, құрылыс саласында дәл осын­дай жағымды жаңалықтар бар. Ал жекелеген елді мекендер ішін­де Ақкөл қаласы еліміздегі «ақыл­ды» қалалардың алғашқысы болып жұмыс істеуде. Бұл қалада цифр­ландыру жүйесінің барлық игіліктері бар.

 

Ақмола облысы