Ер азаматтардың өздері тәуекел етіп, бара бермейтін қоғам тыныштығын сақтау, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында талмай қызмет атқарып, қазақ әйелдеріне тән ақылына көркі сай аруларды көргенде ризашылығыңды жасыра алмайсың. Нар жүгіндей үлкен сенім артылған жауапкершілік міндеті мен ұрпақ өсіру секілді аналық парызына қылау түсірмей қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Иығына полковник погонын таққан, жеті жылдан бері облыстық полиция департаментінің штаб бастығы секілді аса жауапты лауазымды мінсіз атқарып келе жатқан Сәуле Андағұлова – тал бойына мейірімділік, қайраткерлік, ізденімпаздық, білімділік қасиеттерді тоғыстырған ерекше жан. Ол мәуелі шаңырақтағы екі ұл, екі қыздың тұлабойы тұңғышы болғандықтан ба, жастайынан ата-ананың қолғанатына айналып, ерте есейді. Әкесі Тыныштық Дүйсекин саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнады. Еңбек жолын қатардағы тәртіп сақшысынан бастап, отыз жылға жуық ыстық-суығын бірдей көрді. Өмірден көрген-түйгені мол қария «адал болыңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар. Маңдай термен тапқан нанның қадірін біліңдер» деген көшелі мінезінен айныған емес. Әлі күнге дейін балалары мен келіндерін, немерелерін жақсылыққа, имандылыққа үндеп, жаман дағдылардан сақтандырып отырады.
Сәуле мектеп бітіргеннен кейін әке жолын жалғастыру туралы ішке бүккен сыры, түпкілікті таңдауы туралы ешкімге тіс жармады. Тергеуші болсам деген асқақ арманмен Ресейдің Том заң институтына құжат тапсырды. Алайда, жолы оңғарылмай елге оралды. Тумысынан жігерлі, мақсатшыл қыздың одан тауы шағылып, тауаны қайтпады. Бір жылдай аға пионер вожатый болып істеп әрі білімін толықтырып, Петропавл қаласындағы пединститутқа түсті. Қостанай облысы, Наурызым аудандық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекция бөлімінің есігін имене ашқаны әлі күнгідей есінде. Ондағылар жас маманды кәнігі көз танысындай құшақ жая қарсы алды. Тәжірибесіздігіне, тіпті басқа мамандық иесі екендігіне қарамастан өзіне лайық қызмет ұсынылып, ұршықша үйіріп әкетті. Одан кейінгі өмір жолы Қызылжар өңірімен тығыз байланысты. Тергеуші, аға тергеуші, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары секілді шыңдалу баспалдақтарынан өтті. Мол тәжірибе жинақтағаны ескеріліп, 2012 жылы теріскейлік бұрымдылар арасынан алғаш болып облыстық полиция департаментінің штаб бастығына тағайындалды.
– Біз отбасында төрт баламыз. Асқар тау әкеме мәңгілік қарыздармын. Бәрімізді тәртіпке, жауапкершілікке, бастаған істі аяқсыз қалдырмауға, өтірік айтпауға, шыншыл болуға үйретті. Осындай дәрежеге жетуіме үлкен ықпал еткен Хайдар Кәшенов, Ерсайын Сарқұлов, Абай Ғалиев секілді ағаларыма алғысым шексіз. Мазасыз қызметтің ерте кетіп, кеш келетін қиындығын жолдасым Серік, болашақ заңгер ұлым Мірболат та түсініп, қолдан келген көмектерін аямайды. Қарап отырсам, жарты ғұмырымды ішкі істер саласына арнаппын. Аз ба, көп пе – оған уақыт төреші, –деген сұхбаттасымыздың сөз саптасынан жұмыс пен отбасы тізгінін қатар ұстай жүріп Алматы заң академиясын сырттай бітіріп алғанын білдік. Департаменттің барлық ұйымдастыру, ағымдық жұмыстарын жоспарлау, бақылау, қадағалау штаб арқылы жүзеге асатындықтан, кез келген іске алдымен өзі тікелей атсалысады. Қарамағындағы 31 қызметкерден де жауапкершілік пен жеделділікті бірінші кезекте талап етіп отырады. Бұған оның қоғамдық негізде атқаратын іс-шараларын қоссақ, жұмыс жетіп артылады.
Әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде тұрмысы төмен, асырауында мүгедек балалар бар 13 отбасын өз қамқорлықтарына алған. Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстары ішкі істер министрліктері өкілдерімен бірлесіп өткізген үйлестіру тобының отырысында «Көрші бақылауы» бағдарламасы жайлы салиқалы баяндама жасап, екі ел полицейлерінің қоян-қолтық араласуына ұйытқы болған. Жуырда тікелей эфирдегі көрсетілім бойынша кезекті «қауырт желі» байланысы ұйымдастырылып, штаб бастығы екі сағаттық онлайн-конференция барысында қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы өтініштерге, қабылдау, тіркеу, кезекші бөлімдерге жүгіну, оқиға орындарына жедел топтар мен нарядтардың шығу тәртібі, тағы басқа көптеген мәселелерге нақты жауап берді. Оның әр сөзінен полицей мамандығы өте жауапты, қоғам тыныштығы жіті бақылауда екені анық аңғарылып тұрады.
Сәуле Тыныштыққызының інісі Алмат, сіңлісі Гүлмира әкелерінің, апаларының жолын қуып, әулет атына кір келтірмеуді басты мұрат санайды.
Солтүстік Қазақстан облысы