Спорт • 31 Қазан, 2019

«Қақтығысқа» толы қараша

110 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қараша айында Қазақстанның бірқатар кәсіпқой боксшысы өздерінің рейтингтік және түрлі белбеулерін қорғау үшін жекпе-жектер өткізеді. Олар АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Ресей елдерінде жұдырықтасады. Жерлестеріміздің қатысуымен өтетін сол жарыстарды жанкүйерлер де тағатсыздана күтуде.

«Қақтығысқа» толы қараша

 

Төрткүл дүние жанкүйер­лері 2 қарашада ресейлік Сер­гей Ковалев пен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жек­пе-жекті тағатсыздана күтіп отырғаны анық. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы әй­гілі Мэдисон Сквер Гарден кешенінде өтетін айтулы бокс ке­шінде орта салмақтағы Мейі­рім Нұрсұлтанов Мексиканың тағы бір өрені Кристиан Оли­васпен жұдырықтасады.

Дәл сол күні Ресейдің Ека­теринбург қаласында өтетін турнирде бірінші ауыр салмақтағы Иса Ақпербаев шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – Олимпиада және әлем чемпио­ны, Еуропа біріншілігінің екі дүр­кін жеңімпазы, ресейлік Евгений Тищенко. Рио Олим­пиа­дасының финалында дәл осы боксшы біздің Василий Ле­витті алтыннан айырған болатын. Ақтық айқастың ақыры дау-дамайға ұласып, сол бәсе­кеде төрешілер әділетсіз шешім шығарғаны жайындағы әңгіме әлі күнге дейін өрбуде. 

9 қарашада үш бірдей отандасымыз жарыс көрігін қыз­дырады. Атап айтсақ, АҚШ-тың Фресно қаласында орта сал­мақтағы аса дарынды боксшымыз Жәнібек Әлімханұлы Нигерияда туып-өсіп, кейіннен Канаданың аза­маттығын ал­ған Альберт Онолуносемен айқасады. Лос-Анджелестегі кеште бірінші орта салмақтағы Мадияр Әш­кеев мексикалық Фернандо Кастанедомен күш сынасады. Ал Германияның Гамбург қаласында өтетін жарыста аса ауыр салмақтағы Жан Ко­со­буцкий өнер көрсетеді. Не­міс жерінде ол хорватиялық Агрон Смакицимен шеберлік байқасады.

22 қарашада Жанқош Тұ­ра­ровқа жанкүйер боламыз. Жартылай орта салмақ дәре­жесінде бақ сынайтын қан­да­сымыз Лондонда MTK Global ком­паниясының ұйым­дастырумен өтетін Golden Contract турниріндегі өзінің тұсаукесер кездесуін өткізеді. Айтулы ұйымның белгілеген шарты мен талабына сай ол өзінің қарсыласын жарыстың өтуіне тек бір апта ғана уақыт қалғанда біле алады.

Міне, қараша айында кә­сіп­қой рингте күш сынасып жүрген Қазақстанның былғары қолғап шеберлерін осындай қызықты жекпе-жектер күтіп тұр. Алдағы бәсекелерде біздің жігіттер өрелі өнерлерімен өз жанкүйерлерін қуантады деген ойдамыз.

Соңғы жаңалықтар