Спорт • 31 Қазан, 2019

Кәсіпқой бокс: Олег Маскаев былғары қолғабын шегеге ілді

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстан аса ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, Қазақстанның тумасы Олег Маскаев үлкен спортпен қош айтысатынын ресми түрде мәлімдеді. 

Кәсіпқой бокс: Олег Маскаев былғары қолғабын шегеге ілді

Биылғы жылдың көктемінде 50 жасқа толған Олег Александрұлы өзінің соңғы жекпе-жегін осыдан алты жыл бұрын өткізді. Алайда ол кезде оның осындай қадамға баратыны жайында ойы жоқ еді. Айтулы спортшы әлі де жұдырықтасқысы келді. Алайда белді промоутерлік компаниялар мен белді менеджерлерден көңілінен шығатындай ұсыныс түспеді. Осылайша, Маскаев түрлі кәсіптің басын шалып, «ертең немесе бүрсігіні бәзбіреулер шақырып қалар» деген үміттің жетегінде жүрді. Бірақ ешкімнен ешқандай ұсыныс болмады. Содан Олег күні кеше былғары қолғабын шегеге ілетінін ресми түрде жария етті.

Олег Маскаев Қарағанды облысының Абай қаласында туып-өсті. Әуесқойлар арасында елеулі табыстарға қол жеткізді. Тоқсаныншы жылдардың басында Өзбекстанның азаматтығын алып, Азия ойындарының жеңімпазы және әлем кубогының иегері атанды. Көп ұзамай кәсіпқой рингте күш сынасуға бел буды. Өзінің тұсаукесер кездесуінде Олег қазақстандық Александр Мирошниченконы нокатпен ұтты. Кейіннен тағы бір отандасымыз Николай Кульпинді де жеңгені есімізде. Сол аралықта Ресей азаматтығын алып та үлгерді.

Кәсіпқой рингте барлығы 46 кездесу өткізген Маскаев 39 мәрте жеңіс тойын тойлап, 28 қарсыласын есінен тандырды. Айтулы боксшы кезінде Алекс Стюарт, Хасим Рахман, Дэвид Дефиагбон, Синан Шәміл Сан, Дэнни Уильямс сынды саңлақтарға сан соқтырды. 2006-2008 жылдар аралығында WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Әуесқой рингте Маскаев даңқты Виталий Кличконың өзін айқын басымдықпен жеңгені де жанкүйерлердің жадында.