Медицина • 01 Қараша, 2019

Бақыттың кілті – балада

1114 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Елімізде жылына шамамен 150 мыңдай жұп шаңырақ көтерсе, 20 мыңдайы бір сәбиге зар болатын көрінеді. Ал олардың 10 мыңға жуығы экстракорпоральді ұрықтандыруға (ЭКҰ) мұқтаж.

Бақыттың кілті – балада

 Ұрық донорлығы текті бұзады

Қазақстанға ЭКҰ әдісі енген 24 жылда 15 мыңнан астам ерлі-зайыпты ата-ана атанған. Әлемде мұндай тәсіл­мен 8 миллионнан аса бала өмірге келді. Дегенмен, елі­міздегі денеден тыс ұрық­тандыру (ДТҰ) тәсілі төңі­регінде шешілмеген түйт­кілді мәселелер аз емес.

ЭКҰ әдісі өздігінен бала сүйе алмайтын әйел мен ер­дің ұрықтарын жасанды жол­мен денеден тыс ұрық­тан­дырып, пайда болған эм­брион­ды әйелдің жатырына орналастыру арқылы жүзеге асады. Алайда, ата­лық немесе аналық ұрығы жарам­сыз жұптар донор қолда­нуға мәж­бүр. Бейресми дерек­тер­ге сүйенсек, еліміз­де жыл сайын 500-дей жұп ұрық до­норының көме­гіне жүгінетін көрінеді. Ден­саулық сақтау министрлігінің №624 бұй­рығы бойынша бір донордан 20 баланың тууына рұқсат. Яғни бір аталық немесе ана­лық ұрықты кез келген мұқтаж пациент пайдалана алады. Тек аман-есен өмірге келген баланың саны 20-ға жеткенде донорды пайдалану тоқтатылады. Бірақ біздің елде ұрық донорының ортақ «қоймасы» жоқ және бір донор екінші ЭКҰ орталыққа барып ұрық сата алмайды деген тыйым ешбір жерде жа­зыл­маған. Қазақстанда 25 ма­­мандандырылған ЭКҰ орта­лықтың жұмыс істейті­нін ескерсек, бір биоло­гия­лық әкеден немесе шешеден тарап жатқан ұрпақ қаншама?!

«Қазақстанның территориясы үлкен болғанымен адамы аз. Бір донордан туған балалардың жиі кездесу ық­тималдығы жоғары. Сон­дық­тан бір еркектің ұрығын бес әйелден асырып пайдаланбау керек. Бұл мәселені әріптестеріміздің арасында талай рет көтердім. Алайда, заң жүзінде дұрыстайтын әлі ешкім болған жоқ», дей­ді «Экомед» клиникалар же­лі­сінің ғылыми директоры, белгілі эм­бриолог-репро­дук­толог Сал­танат Байқош­қарова.

Мысалы, Италия 2004 жылы ұрық донорлығы мен суррогат ана болуға заңмен тыйым салған. Канадада бір ғана «ұрық қоймасы» болып, онда донор ұрығын ақылы тапсыруға жол берілмейді. Ұлыбританияда бір донор тек 10 баланың ғана биологиялық әкесі бола алады. Жаңа Зеландияда бұл шектеу 4-ке дейін қысқартылған. Аустралиядағы ереже әр өңірде әртүрлі болғанымен, бір донорды 5 отбасыдан артық қолданбауы нақты белгіленген. Алайда, олар бір донорлық ұрықты бір отбасының барлық балаларына пайдалана алады. Қытайда бір ер- азаматтың донорлық ұрығы бес әйелді ғана жүкті ете алса, Америкада 800 мың тұрғыны бар аймақта бір адамның ұры­ғы 25 баланың өмірге келуіне септігін тигізетін көрінеді. Бір әкеден тараған балалардың бір-біріне үйлену қаупі аталған елдерді алаңдатып отыр. Ал жеті атаға дейін жұптаспайтын қазақ үшін заңның дұрысталуы тіпті де керек емес пе?! Бұған дініміздің ұрық донорлығын құптамайтынын қосыңыз...

Ол ол ма?! Бүгінде қазақ қыздарының аналық ұрығына шетелдіктердің араны ашылып тұрған сыңайлы. Жақында танысыма Қытайдан бір азамат хабар­ласып, қазақ қызының аналық ұрығы керек екенін, мүмкіндік болса құрсақ (суррогат) ана  жалдағысы келетінін айтады. Мәселе осы жерден басталды. Интернетті аштық тура осындай қажеттіліктегі іздеулерден көз сүрін­ді. Бірде кейіпкеріңнің ныспысын жа­сы­рсаң, кейде журналист екеніңді айтпай ақпарат жинауға тура келеді. Сонымен донорға сұранысы артып тұрған жақын маңдағы «Геном-Астана» ЭКҰ орталығына бас сұқтық. Ұрық донорлығы және құрсақ ана бойынша жауапты маманмен жолығып, сөйлескеннен кейін бұл «сауданың» қызып тұрғанына көзімізді жеткізе бастадық. Әңгімеміз орталықтың заңгерімен жалғасты. «Біз ше­телдіктерге жасырын (анонимді) до­нор­ларды ұсынамыз. Оларға донор­дың бала кезіндегі суреттері ғана көр­сетіледі. Білімі, бойы, түрі туралы ақ­па­рат беріледі. Орталығымызға ке­летін шетелдіктер көп. Италиядан, Мек­сикадан, Қытайдан бар. Аталық ұрық доноры да беріледі. Қытайда арнайы өкіліміз жұмыс істейді. Құжаттар заң жүзінде сол арқылы жасалады», деген заңгер дайын эмбрионның да сатылып жатқанын жеткізген еді, екінші бір қыз­меткер оны жоққа шығарып, эмбрион әзірге тек Қазақстан азамат­тарына ғана сатылатынын айтты. Қысқасы, заң түзелмейінше қазақтың биологиялық баласы қай елге, қандай ұлттың құрсағында кетіп жатқанын болжаудың өзі де қор­қынышты көрінді...

Көбінесе донордың көмегіне отасқан­дарына ұзақ жыл бойы шыр еткен шақа­лаққа зар болған отбасылар шара­сыздан жүгі­неді екен. Сондықтан да ма­ман­дар ер­лі-зайыптыларға уақыт жо­ғалт­пай, бір­ден репродуктологқа баруға кеңес береді.

Бедеулік диагнозы бір жылдан соң қойылады

Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ата-ананың ендігі жердегі арманы не­мере, жиен сүйіп, ұрпақтарының қы­зығын көру екені анық. Алайда бола­шаққа үлкен үміт артып бас құраған жас жұбайлардың барлығы бірден бұл қызыққа жете бермейтіні тағы бар. Осын­дайда ең алдымен келінді кінә­лайтын біздің қазақ тәуіп іздеп тентіреп, емші іздеп есі шығып кетеді. Ал медицинада оның жауабы дайын. Егер үйленген жұп бір жылдың ішінде балалы болмаса, оларға ресми түрде бедеулік диагнозы қойылады. Демек ерлі-зайыптылар бір жылдан соң өздері тіркелген емханаға барып қаралып, Отбасын жоспарлау орталығына жолдама алуы тиіс. Онда бір уақытта ер мен әйелдің денсаулығы тек­серіліп, қажетті ем-домдар жасалады. Бұл басқышта да өздігінен бала көтере алма­ғандар квота кезегіне қойылып, ЭКҰ жасатуға кеңестер беріледі.

«Қазіргі кезде балалы болмауға ер мен әйелдің үлесі тең. Біздің менталитет бойынша ер-азаматтар жыныстық қа­рым-қатынасқа түсе алса, дені сау деп ой­лайды. Бұл – өте қате ұғым. Ерлердің ұрық әлсіздігі өте көп кездеседі. Бұған көз­ді жұмып қарауға болмайды. Қазір тек еркектің белсіздігінен бала сүйе алмау 40 пайызға жетті. Сондықтан біз бірінші кезекте ерлердің ұрығын тексереміз», дейді «Экомед Астана» кли­никасының медициналық директоры Алмаз Ибрагимов. Оның айтуын­ша, бұған көп жағдайда өмір сал­ты­ның өзгеруі, дұрыс тамақтанбау, эко­логияның бұзылуы сияқты көптеген фак­тор себеп болатын көрінеді. 

«Мен 23 жасымда тұрмысқа шық­тым. 2-3 айдан соң толық тексеруден өтіп, сау балалы болуды жоспарлай бас­тадық. Бір жылға жетпейтін уақыт өт­кенде тағы да гинекологтарды іздей бас­тадым. Маған бастапқы бедеулік, күйеуіме қуықасты безінің қабынуы, ұрық әлсіз деген диагноз қойылып, Нұр-Сұл­тандағы жеке клиникада жарты жылдай ақылы кешенді ем қабылдадық. Одан көтермеген соң диагностикалық лапароскопия да жасаттым. Нәтижесінде жатыр түтікшелері ашық болып шықты. Емхана мені 3 жылдан соң ғана Отбасын жоспарлау орталығына жіберді. Ондай орталықтың барын білмедім, гинекологтар да айтпаған. Өкінішке қарай, ондағы ем-домдар да бізге көмектеспеді. Текке уақытымызды жоғалтып жатқанымды білдім. Сөйтіп 6 жыл өткеннен кейін ғана ЭКҰ жасату ойына келіп, «Экомед» орталығындағы репродуктолог-дәрігер Алмаз Ибрагимовке бардық. Аллаға шүкір, ЭКҰ бірден сәтті болып, шаңырақ көтергенімізге 7 жыл толғанда ата-ана атан­дық», дейді елордалық Шолпан (өзгертілді) есімді 31 жастағы келіншек.

Бірнеше жылдан бері Қазақстанның халық жиі орна­лас­қан аудан, қала­ларында тегін қабыл­дау өткізіп жүрген Ал­ма­ты қа­ла­сын­­дағы Репро­дук­тив­ті меди­ци­на инс­­ти­ту­­ты­ның гине­ко­лог-репродук­то­логы Ләззат Айт­қожина он­дағы жағ­дай­лардың демо­гра­фия­ға кері ық­пал етіп отыр­ғанын айтады. «Аймақтарды ара­­лап кеңес берген кезде, ең алдымен ер­лі-зайыптылардың сауатсыздығына куә болдым. 10 жыл баласы болмаса да үйінің жанындағы гинекологқа барып жүре беретін әйелдер бар. Екінші мәселе – қаржының жоқтығы. Олардың үлкен қалаларға келіп тексерілуге материал­дық мүмкіндіктері мүлде жоқ», дейді ол.

Әйелдің аналық ұрығы шектеулі. Сон­дықтан 35 жастан кейін ЭКҰ да  нәтижелі бола бермейтінін айтқан репродуктологтар уақыт жоғалтпай себептерін анықтауды ескертеді. «Отбасын құрға­ны­мызға 8 жыл болды. Бір жыл өтер-өтпесте өзім тіркелген емханадан жол­да­ма алып,  Отбасын жос­парлау орта­лығына бар­дым. Онда күйеуім екеуімізді де тек­серді. Жолдасыма қуық- асты безі­нің қа­бынуы және инфекция бар деп жарты жыл емдеді. Маған жатыр түтікшесі жар­тылай бітелген деп диагноз қойып, лапар­оскопия жасады. Көп ойланбай екі жылдан соң Қытайға ЭКҰ жасатуға бар­дық. Қыруар қаражат жұмсадық. Сәтсіз болды. Қазір есептеп қарасам, бұл елімізде 5 рет ЭКҰ жасатуға болатын ақша екен. Осыдан кейін дәрігерлер екі жатыр түтікшесін де кесіп тастауға мәж­бүр болды. Содан кейін ғана мем­лекет­тен квота алып, өзіміздегі ЭКҰ орта­лықтардың біріне бардық. Ол да сәтсіз аяқталды. Үшінші рет өткен жылы қайта ақылы ЭКҰ-ға бардық. Барлық көрсеткіштер жақсы болса да бала сүю ба­қыты бұйырмады. Кейде қанша уақыт пен қаражатты, күш-жігеріңді жұмсасаң да Алла бұйыртпаса ешкім көмектесе алмайды екен. Бірақ күдер үзгеніміз жоқ. Алда тағы да бағдарламадан қайта өтуді жоспарлап отырмыз», дейді астаналық 33 жастағы Жұлдыз (өзгертілді) есімді келіншек.     

МӘМС квота мәселесін шеше ме?

2010 жылдан бастап ДТҰ технологиясына республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберіне енгізілді. Сөйтіп 2010 жылы – 100, 2011 жылы – 350 квота, 2012-2014 жылдарға жеке-жеке 600 квота бөлінді. 2015 жылға – 820, 2016 жылға 813 квота қарастырылса, 2017 жылдан биылға дейін жыл сайын 900 квотадан берілді. Бірақ бұл біз сөз басында айтқан бала сүйе алмаған жұптардың санына тіптен маңайламайтыны анық. Квотаның мар­дымсыздығы бұқаралық ақпарат құрал­дарында талай рет көтерілсе де көбейе­тін түрі жоқ.

Репродуктолог мамандардың кейбірі бізде де Израильдегі сияқты алғашқы ЭКҰ мемлекеттің қаржысымен жасал­са дегенді айтса, кейбірі міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандырудан үл­кен үміт күтеді. «Квотамен көп мәсе­ле ше­шілмеуі мүмкін, өйткені бұл қым­бат тех­нология. Мысалы, Ресейде медици­налық сақтандыру арқылы бір әйел екі рет тегін ЭКҰ жасатып жатыр. Біз де сон­дай­ға жетеміз деп ойлаймын», дейді С.Байқошқарова.

«Әлеуметтік медициналық сақтан­дыру қоры» КеАҚ Талдау және болжау департаментінің директоры Марина Фалееваның сөзіне сүйенсек, бұл әлі бола­шақ­тың еншісіндегі шаруа. «ЭКҰ МӘМС жүйесінде жүргізіледі. Квоталар­ды көбейту жоспарланып отыр. Бірақ нақты санын айта алмаймыз», дейді ол.

Болашақта бедеулік болмауы мүмкін

Реп­ро­дукто­логтар «XIX ғасырда ғы­лымға жасалған төңкеріс» деп санайтын ДТҰ әдісін алғаш рет 1976 жы­лы Кембридж уни­верситетінің фи­зиологы Роберт Эд­вардс енгізгені бар­шаға мәлім. Екі жыл өткен соң тұң­ғыш рет осы тә­сіл­мен Лондонда Луиза Браун есім­ді қыз туған-ды. 9 жыл бо­йы ба­ла сү­йе ал­­ма­ған Лес­ли мен­ Джон Браун­дар ша­­­­­­­ңы­рағын шат­­тыққа бө­­­ле­­ген «құ­ты­­­да­ғы қыз» 28 жа­­сында өзі та­би­ғи жол­мен ана атан­ды. Осылайша ЭКҰ ар­қылы өмірге келген балалардың ден­­­саулығы табиғи жол­­мен туғандар­дан айырмашылығы бол­­­майтыны дәлел­ден­геннен кейін 32 жылдан соң ға­на Роберт Эдвардс­ке Нобел  сыйлығы бе­ріледі. Ал елі­мізде 22 жыл бұрын ЭКҰ арқылы дүниеге келген алматы­лық Алеся Шин таби­ғи жолмен бала көтеріп, 15 қазанда ұл баланың ана­сы атанды. Мамандардың айтуынша, денеден тыс ұрықтандыру әдісі, аты ай­тып тұрғандай, табиғи жолмен бір-біріне кездесе алмайтын аталық және ана­лық ұрықты дене сыртында арнайы түтікшелер арқылы қосады. Бұл әдістің ананың бойына табиғи біткен баладан айырмашылығы да осында.

Бедеулік пен белсіз­дікке бетпе-бет келетін отбасы саны­ның жылдан жылға арт­қанына қара­мастан реп­родуктивті меди­­ци­наның мүм­кіндігі де жоғарылап келеді. Бүгінде елімізде генетикалық тал­дау жасау арқылы эмбриондарды жа­тырға орналастырудан бұрын бала­ның денсаулығын толық тексеруге болады. Бұл технология хромосомалық ауыт­қуларды да анықтайды. Ал әлемдегі соң­ғы жаңалықтар тіптен қызықты. Бұл туралы бізге репродуктолог-дәрігер Алмаз Ибрагимов айтып берді.

«Америка, Украина сияқты бірнеше елдерде қолданысқа енгізілген «ядроны тасымалдау» деген жаңа технология бар. Көп жағдайда жасы ұлғайған әйел­дердің аналық ұрығы әлсіз немесе жа­рамсыз болып шығады. Осындайда осы сапасы төмен аналық ұрықтың ядросы жас донор әйелдің аналық ұрығына көшіріледі де, болашақ ананың аналық ұрығын жандандырады. Бұл жерде жасушадан донордың генетикалық материалы алынып тасталатындықтан туатын баланың геніне донордың ешқандай қатысы болмайды. Тағы бір озық технология – онкологияға шалдыққан адамның ұрығын химиялық емнен бұ­рын қатырып, сақтап алып, науқас сауық­қан соң ЭКҰ бағдарламасынан өтуге мүмкіндік жасау және әйелдің аналық безін алып, емделген соң қайта орнату. Негізінде онкология анықталған кезде осы ақпарат міндетті түрде пациентке ай­тылуы тиіс. Өкінішке қарай, бізде он­колог мамандардың көпшілігі бұған көңіл бөліп жүрген жоқ. Репродуктивті медицинаның соңғы бір жаңалығы – ұрығы мүлде жоқ кісілердің бағаналық жасушасын пайдаланып зертханада ұрық өсіріп шығару. Бұл әлі сынақ дең­гейінде. Қолданысқа енетін болса болашақта ешбір адам бедеулік, белсіз­дік мәселесіне тап болмайды деп айтуға әбден болады», дейді Алмаз Ибрагимов.

Бала – отбасының шатты­ғы, махаббат­тың дәнекері. Ал ден­саулық – Алладан берілген аманат. Өмір салтының дұрыс бол­мауы, экологияның бұзылуы және табиғи таза тамақ өнімдерінің азаюы сияқты көптеген факторлардан дүниені дендеген дерттің түрі де көбейгені рас. Дей тұрғанмен ойнап жүріп от басып, байқамай орға құлап жататын жас­тар да кездеседі. Біреулер бала тілеп кү­ні-түні Құдайға жалбарынса, жолдан тапқан баланы жолға тастап кетіп жат­қан көкек аналар қаншама?! Баланың жоқ­ты­ғынан шайқалған шаңырақ та аз емес. Жаратушының сынағы әртүрлі. Ешкім­ді кінәлауға келмес. Технология қаншалықты қарыштап дамыды дегенмен өз денсаулығымызға жауапты болу тек өз қолымызда сияқты...

 Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»