100 • 01 Қараша, 2019

Қолтаңбам қалғанына қуанамын

292 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1999 жылдың көктемінде «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орын­басары Жанболат Аупбаевтың шақыруы­мен атбасын Астанаға тіредім.

Қолтаңбам қалғанына қуанамын

Ол кісі мені жауапты хатшы Жанат Елші­бектің қасына қолғабысқа қолай көріпті. Вокзалдан қарсы алған да, редакцияға жетектеп әкелген де  Жәкең­нің өзі. Редакцияның табалды­рығын аттаған сәтте есік алдында Берік Садыр, Сүлеймен Мәмет, Әлисұлтан Құланбаев үшеуі темекі шегіп тұр екен. Бәрі таныс жігіттер. Алматыда қоян-қолтық араласып кетпесек те, көрген жерде қауқылдасып сәлемдесіп тұратынбыз. Олар да көзтаныс бол­ған соң әрі Алматыға деген сағыныштары басылма­ған­дықтан бірден шұрқырасып, Алма­ты­ның жа­йын сұрас­тырып жатыр.

Аға газетке қабылданған алғашқы күннен өзімше пысықсынып, макетке өзгеріс енгізуге ты­рыстым. Бірақ жоғары жақтың нұсқауымен, қаулы-қарарлардың көп­тігінен, бас газетке шыққанды мәр­тебе көретін беделділердің телефон қоңы­рауынан кейін таңертең нобайын түсірген маке­тімнің  кешке жақын жұрыны да қалмайтын. Солай бола тұра осы уақытқа дейін бас басылым бетінен өзім енгізген қолтаңбамды көргенде мар­қайып қалатыным рас. Ол – әр мақаланың басы­на берілетін автордың ата тегі мен «Егемен Қазақ­стан» деген жазуы бар кішкентай ғана эмблема.

Обалы не керек, редакция басшылығы барған бетте қолыма екі бөлмелі пәтердің кіл­тін ұстатып, болашақта берілетін саяжай алу­шылардың тізіміне кіргізіп қойды. Берілген баспана қазіргі Жеңіс даңғылы мен ұмытпасам Ә. Жан­гелдин көшелерінің қиылысындағы өткен ғасырдың 60-шы жылдары соғылған ескілеу үй екен. Қабырға қағазы қақырап, еден сыры сүргіленіп қалған. Есігін аштым да, қайта жаптым. Кейін қалтаға ақша түскенде, қалыпқа келтіріп алармын деп ойладым. Сол кезде Жанболат Астанаға салт ба­сы көшіп барған. Оның үйіне сол кезде «Астана ақ­ша­мының» бас редакторының орынбасары болып істеп жүрген Талғат Батырхан отбасымен тұрады екен. Оларға қосарланып мен де кіріп алдым. Сөйтіп көктемі кеш келетін Арқада  бір-бірімізге дем беріп біраз күн тұрыппыз.

Астана маған жақсы таныс. Өйткені 1976 жылы ҚазМУ-дың 3-курсында оқып жүрген кезімде 3 айлық өндірістік тәжірибемді Целиноград об­лыстық «Коммунизм нұры»  газетінде өт­кізгенмін. Ал 2000 жылдары қаланың орта­лығына таяу жер­де алғашқы ғимараттар бой көтергенде тарап кеткен «Арғы жағы – Целиноград, ортасы – Астана, бергі жағы – Ақмола» деген астар­лы әзіл әлі есім­де. Қазір ара-тұра барып тұра­мын. Қа­­ла­ның келбеті өзгергенін, тұр­ғылықты халқы­ның қаза­қыланғанын көріп, «Әй, сәл шыдағанда, мен де енді­гі осы жерде жүрер ме едім» деп те ой­лап қоямын.

Енді елордада неге тұрақтамағанымды баян­дайын. Мен бір үйдің жалғыз баласымын. Әке-шешем Жамбыл облысының Құлан өңірінде тұ­рады. Қарт кісілер. Қарт кісілер болғандықтан ауыл­ға айына екі мәрте барып тұрамын. Ал Ас­танаға ауысқаннан кейін екі ортаны жол ету жайына қалды. Адам қартайған соң уайымшыл келмей ме?! Мен телефон шалған сайын әкем де, шешем де зар илейді. Сондағы айтатыны:  «Ертең біздер алай-бұлай болып кетсек, топырақ сала алмай қаласың ба? Жұрттың табасына ұшырайсың ғой.  Ал­маты болса бір жөн, Астана дегенің екі күндік жер екен» деп кемсеңдейді. Әрі бар-жоғы сегіз мың теңге жалақым не шайлығыма, не пәтерімнің коммуналдық тө­леміне жетпейтінін білдім. Оның үстіне сол кезде әйелімнің де жас баламен үйде отырған кезі еді. Жеңіс күні мерекесінде Алматыға келгенде, қабырғаммен ақылдаса келе, қайтуға бел бай­лап бардым. Жанболаттан рұқсат алып, бас редактор Ерекең – Ержұман Смайыловтың алдына бардым. Бар жағдайды айттым. Ол кісі біраз ойланып отырды да, «Жарайды, қайта бер, дегенмен дұрыс істемедің»,  деді де, өтінішімнің шетіне қол қойып берді. Пәтердің кілтін табыс­тадым да, Алматыма құстай үштым. «Ақиқат» журналының сол кездегі бас редакторы Ахат Жақсыбаев жа­уапты хатшылық орнымды әлі ешкімге бермепті. Тіпті кабинетімдегі өзім орнына қойып кеткен қағазда­рыма да тиіспепті.

Міне, содан бері де 20 жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде елорда адам танымастай өзгеріп, ертегідей күн сайын ғана емес,  сағат сайын өркендеді.  Көш басын Астанамен бірге Арқа төсіне бұрған елі­міздің бас басылымы да бүгінгі күні 100-ге жетіп отыр. Кей кездері Ерекең айтқандай «Шын­дығында дұрыс істемедім бе?! Егер сол кездері осында қала берсем, бұл күндері Нұр-Сұлтан қаласының тұрғылықты адамдарының біріне айналар ма едім?! Сөйтіп астанада өткен небір тарихи оқиғалардың басы-қасында болып, куәгері ата­нар ма едім?!» деген ой келеді. Дегенмен, 1919 жыл­дан бастап қазақтың марғасқа ұлдары, Алаш ардақ­тылары қызмет атқарған бас басылымда менің де қолтаңбам қалды ғой деген сезім тұрады көкейде.

 

Қыдырәлі ҚОЙТАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері

 

Алматы