Қазақстан • 01 Қараша, 2019

Олжалы он жыл

281 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлтаралық татулық пен бейбіт келісімде өмір сүру – Тәуелсіз Қазақстанның басты ұстанымы. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны айрықша, атқарар ісі ауқымды екенін айтып өткен абзал. Екі тілде сөйлейтін халықты етене жақындастыратын орталықтың ілгері істері жетерлік. Күні кеше Ассамблеяның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің 10 жылдығына арналған «Әралуандықтағы бірлік: қазақстандық және халықаралық тәжірибе» атты ғалымдар мен сарапшылар форумы өтті.

Олжалы он жыл

Форум Ғылыми-сарапшылық кеңес­тің 10 жылдық жұмысының қорытын­дысын, көпмәдениетті қоғам, татулық пен келісімді қамтамасыз етудегі мәде­ниет­аралық диалогты нығайту феноменін, ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың әралуандықтағы бірлікті дамытуға қос­қан үлесін, этносаралық және мәдениетаралық коммуникацияларды зерттеу нәтижелерін талқылау және ой бөлісу мақсатында ұйымдастырылған.

«Ең алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелерін кеңестің құры­луының 10 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл белгілі бір меже, өткен кезеңде атқарылған жұмысты саралап, алдағы тұрған міндеттерді айқындайтын кезең. Көпэтносты қоғамда бір шаңырақтың астында сан алуан этнос пен конфессия өкілдерінің басын қосып, бейбіт өмір салтын құру – өте маңызды және жауапкершілігі үлкен мақсат. Осы мақсатты орындауда Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның Ғылыми-сарапшылық кеңесінің орны ерекше. Аймақтарда, «Достық» үйінде құрылған ғылыми-сараптамалық топтар жұмыс істейді. Университеттерде ҚХА кафедралары қауымдастығына біріктірілген 40-тан астам кафедралар мен орталықтар құрылды. Мұнда студенттер арасында патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу міндеттері шешіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінде 52 ғалым жұмыс істейді, оның ішінде 31 ғылым докторы және 12 ғылым кандидаты, ғылыми-зерттеу инс­ти­­туттарының басшылары мен қоғам қай­­раткерлері бар. Бір мақсатта жұмыс іс­тейтін 200-ге жуық ғалымдар, зерттеу­шілер, сарапшылар біріктірілген. Форум зерттеу нәтижелерімен алмасудың, қо­ғам­дық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің, жаңа жобаларын жа­сау­дың тиімді алаңы болады деп ойлай­мын», деді Қазақстан халқы Ассамб­леясы Төрағасының орынбасары – Хат­шылық меңгерушісі Жансейіт Түй­мебаев.

Сондай-ақ ол осы жылдар ішінде Ассамблеяның сараптамалық жұмыста­ры­ның зерттеу инфрақұрылымы күшейге­нін атап өтті. Екі ғылыми орталық тұрақты негізде жұмыс істейтінін жеткізді. Олар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және Экономикалық зерттеулер институтында.

Жиын барысында ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің 10 жылдығына арналған мультимедиялық таныстырылым, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың ҚХА Ғылыми-сарапшылық топтарының, ҚХА кафедраларының қызметі мен бағыттары бойынша стендтік таныстырылымдар, пленарлық отырыс, панельдік сессия­лар болды. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл Ассамблея қоғамдық тұрақтылық пен қазақстандықтардың әлеуетін жұмылдыруда және жаһандық тегеу­ріндер мен сыртқы қатерлерге қарсы тұруда, этносаралық және конфессия­аралық сипаттағы мәселелерді табысты шешетін бірден-бір институт екендігін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан әлемнің дамыған елдерімен иығын тең тірестірген елге айналды. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктері төрткүл дүниенің назарында. Біздің еліміз осындай жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Елбасының стратегиялық бағдарламалары мен халқымыздың төл тарихына арқа сүйей отырып құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Алайда өңірлік және жаһандық қатерлер мен тегеуріндерге уақтылы жауап бере білу, мемлекеттік этносаясаттың тиімді жолдарын қарастыру біздің алдымызға жаңа міндеттер қоюда. Бұл орайда қоғамда болып жатқан үдерістер мен құбылыстарды жан-жақты талдай алатын ғылыми-сараптамалық қызметке деген сұраныс күн санап артуда. Осыны жете түсіне білген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен 2011 жылы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудағы мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылуын ғылыми-тәжірибелік және сараптамалық қолдау жасау. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ғылыми және сарапшылық тұрғыда сүйемелдеу», деді Ерлан Әбіл.

Сонымен қатар ол мемлекеттік этносая­саттың негізгі тетіктерін, механизмдерін іске асырушы – мемлекеттік қызметшілер екенін алға тарта отырып, осы тұрғыда Академия тұрақты түрде арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеп іске қосқанын, сол бағдарламаларын бойынша соңғы
8 жылдың ішінде жалпы 3 949 адам, соның ішінде 2714 мемлекеттік қызметші, 1235 ҚХА мүшелері біліктілігін арттырғанын жеткізді.

Шара соңында этносаралық бірлік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге үлес қосқан ғалымдар марапатталды.