Жақында Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің республикалық кеңейтілген отырысы аясында ашылған көрмеге Алтынай да самаурындарымен қатысты.Үлкенді-кішілі, ескілі-жаңалы самаурындарының бір бөлігі ғана ұзыннан ұзақ аумақты алып тұрды.
– 1976 жылы тұрмыс құрдым. Сонда анам жасауыма жап-жаңа самаурын қосып берді. Одан кейін әжемнің пайдаланған самаурыны да, анамның самаурыны да маған бұйырды. Олар өте ескі еді, аналарымның көзіндей етіп көрнекті жерге қойдым. Содан бастап менде дүкенге барсам самаурын қарайтын әдет пайда болды. Әдемі бұйымның бірі ғой, қызығушылығыма сол әсер еткен болар, бүгінге дейін жинап келемін, – дейді Алтынай Төлебайқызы.
Көрмедегі самаурындар бірін-бірі қайталамайды. Ең «кәрісі» 1870-жылдары ағайынды Баташевтардың фабрикасынан шыққан. Тейле фабрикасының самаурыны да 1900-жылға дейін жасалған көрінеді. Ең үлкен самаурынға 40 литр су кетеді, ең кішісі бір жарым литрлік, тоқпен қайнайды. Оның сыртында сыйкәде ретінде жасалған самаурындар да бар. Жинақтаумен айналысатындардың «жұмысы» да оңай емес. Алтынай да екі адаммен басы қосылса, самаурынды әңгіме етеді екен. Ол туралы бір қызық дерек естісе, ерінбей барып, соны алмай тынбайды. 2000-жылдардың басында осы ыдыстың көңіліне ұнаған біреуін 60 мың теңгеге сатып алыпты.
– Ол кезде 60 мың менің 2-3 айлық жалақым болды ғой. Қолымдағы самаурындарды екі жүзге жуық деп айтатыным, көбі ескі, бірінің құлағы жоқ, бірінің шүмегі сынған, жөндеуді қажет етеді. Сондықтан олардың біразын сақтағанмен, санаққа қоспай отырмын, – дейді Алтынай.
Бір қызығы, Алтынай тек жинамайды, самаурынның тарихын айтса да, айналасындағыларды ұйытып тастайды екен. Оның жинағы бірін-бірі қайталамайды. Оларды бір туысының жертөлесіне құлыптап сақтайды. Музей қызметкерлерінің қолқалауымен сирек те болса көрмелерге қатысып отырады екен. Өмір бойы құрылысшы болып істеген Алтынайдың өнерге, халқымыз тарихына, этнографиясына деген қызығушылығы жұртты да қызықтырғандай.
ҚОСТАНАЙ