Спорт • 01 Қараша, 2019

Теннис: Денис Евсеев ширек финалға шықты

167 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың Шэньчжен қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық теннисші  Денис Евсеев ширек финалға жолдама алды.

Теннис: Денис Евсеев ширек финалға шықты

1/8 финалда жерлесіміз ресейлік Теймұраз Габашвилимен күш сынасты. 34 жастағы Мәскеудің тумасы кезінде әлемдік рейтингте «ТОП-50» ойыншының қатарына енген. Ролан Гарростың төртінші айналымына шығып, АҚШ пен Австралияның ашық біріншіліктерінің үшінші кезеңінде өнер көрсетті. Дүниежүзілік Универсиадада күміс медальді иеленді. Қазіргі кезде ол АТР тізімінде 288 орынды қанағат тұтуда.

Әрине, Денис Евсеев ондай табыстарымен мақтана алмайды. Десек те әлемдік рейтингте 311 орында тұрған отандасымыз бұл бәсекеде тәжірибелі қарсыласын 6:4, 5:7, 7:6 есебімен қапы қалдырды. Енді ол мысырлық Мұхаммед Сафватмен шеберлік байқасады.