Конференция жұмысына еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми және клиникалық орталықтарының жетекшілері, Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Израиль, Испания, Италия, Үндістан, Қырғыз Республикасы, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Түркіменстан, Чехия мен Жапонияның репродуктивті технология саласындағы жетекші мамандары – акушер-гинеколог дәрігерлер, ЭКҰ орталықтарының өкілдері, андрологтар, эндокринологтар, бедеулікті емдейтін мамандар, эмбриологтар, генетиктер мен молекулярлық биологтар келді.
Форумның ашылуында Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басымдықтары ұсынылды.
Екікүндік конференция аясында Үндістан, Израиль, Испания, Италия, Германия, Ресей, Украина, Жапония мен Қазақстанның мамандарының қатысуымен ҚРТ-дағы эмбриология, акушерлік және гинекологияның ең өзекті мәселелері бойынша шеберлік сыныптары өтеді.
Бедеуліктің дамуына әкелетін аурулардың алдын алу мәселелері, бедеу некені диагностикалау мен емдеудегі АМСК рөліне басты назар бөлінеді.
Ауқымды жиынның күн тәртібінде ҚРТ орталықтарының клиникалар және жалпы тәжірибелі дәрігерлермен, уролог-андрологтармен, генетиктармен өзара жұмыс істеу мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Аталмыш мәселе бедеулікке шалдыққан ерлі-зайыпты жұптарды ерте диагностикалау мен оңтайлы емдеу бойынша кешенді жұмысты ұйымдастыру үшін анықтаушы мәнге ие.
Әлеуметтік әділдікті және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуді есепке ала отырып, ТМККК шеңберінде бағдарламаларды бөлу мәселелеріне ерекше назар бөлу жоспарда бар.
Конгресс холлдарында репродуктивті медицинаға арналған көрме ашылып, оған дәрілік құралдар мен медициналық техниканың 40-тай өндірушілері, сонымен бірге ҚР-да танымал ҚРТ клиникалары қатысып отыр.
Конференция тақырыбының өзектілігі сонда – бедеу неке мәселесінің шешілуі елдегі демографиялық жағдайды жақсартуға және түрлі себептерге байланысты бала сүйе алмайтын жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін медициналық-әлеуметтік мәселе екендігінде болып тұр. Бедеуліктің жиілігі орташа алғанда 15 пайызға тең және жақын арада бұл көрсеткіш төмендемейді. Диагностикалаудың заманауи әдістерінің дамуы бедеуліктің негізгі себептерін жеткілікті деңгейде дәл табуға және оны емдеудің әдістерін анықтауға мүмкіндік береді. Жағдайлардың 40 пайызына жуығында бедеулік ерлердің репродуктивті жүйесіндегі патологиямен байланысты. Ал 30 пайызы – аралас бедеулік (ерлер және әйелдер бедеулігі).
Соңғы ондаған жылда әлемде бедеуліктің түрлі формаларын емдеуде үлкен тәжірибе жиналды. Қазіргі кезде бар тәсілдердің көбі Қазақстанда ойдағыдай енгізілген. Эндовидеохирургия, диагностикалау мен емдеудің гормоналдық әдістері заманауи деңгейде дамып, қауіпсіздігі және тиімділігі жоғары дәрілік препараттар тіркеліп жатыр. Андрология, медициналық генетика, эмбриология мен молекулярлық биология қарқынды дамып келеді. Бұның бәрі қосалқы репродуктивті технологияларды тәжірибеге белсенді түрде енгізуге жол ашты.
Конференцияны Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығы ұйымдастырып отыр.
АЛМАТЫ