Спорт • 01 Қараша, 2019

Кәсіпқой бокс: Бағың жансын, Иса!

589 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертең Ресейдің Ека­теринбург қаласында кәсіпқой боксшылардың дүбірлі додасы өтеді. Сол кештің басты жекпе-жегінде бірінші ауыр салмақтағы қазақстандық Иса Ақбербаев ресейлік Евгений Тищенкомен күш сынасады.

Кәсіпқой бокс: Бағың жансын, Иса!

Бұл күндері барша қазақ жанкүйерлері өз қандастарының тілеуін тілеуде. Кәсіпқой рингте күш сынасып жүргеніне 10 жыл болған Иса Ақбербаев сол аралықта 21 кездесу өткізіп, 20 рет жеңіске жетті. 15 қарсыласын есінен тандырды. Тағы бір жекпе-жектің нәтижесі есепке алынған жоқ.

Соңғы рет жекпе-жекке Иса осыдан екі жыл бұрын шыққан еді. Нақтылап айтсақ, 2017 жылдың желтоқсан айында Босния мен Герцеговина өкілі Мирнес Денадичті төртінші раунда ұрып шығып, WBA Asia нұсқасының чемпиондық белбеуін иеленді. 

Ал Евгений Тищенконың есімі қалың көрерменге жақсы таныс. 28 жастағы Краснодар өлкесінің тумасы әуесқойлар арасында Олимпия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы, әлем және Еуропаның екі дүркін чемпионы. Дүниежүзілік доданың күміс жүлдегері. Ресей боксшысының басқа да толып жатқан атағы тағы бар. Былтырғы жылдан бері кәсіпқой рингте бақ сынап жүрген ол бес кездесудің барлығында жеңіске жетіп, үш бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. 

Дәл осы Тищенко Рио Олимпиадасының финалында біздің Василий Ле­витті алтыннан айырғаны да жанкүйерлердің жадында. Ақтық айқастың ақыры дау-дамайға ұласып, сол бәсе­кеде төрешілер әділетсіз шешім шығарғаны жайындағы әңгіме әлі күнге дейін өрбуде. Енді Левит жіберген есені Ақбербаев қайтарады деп үміттенміз. Оның үстіне 5 қарашада Исаның туған күні. Ол 36 жасқа толады. Егер қандасымыз осы жекпе-жекте жеңіске жетсе, онда ол өзінің туған күніне керемет сый жасаған болар еді.