Жуырда ҰҚК Шекара қызметі академиясының ұжымы мен Алматы қаласындағы «Жаңа ғасыр» №175 гимназиясының әкімшілігі бірлесе отырып, әскери патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту үшін гимназияда «Жас шекарашы» мамандандырылған сыныбын ашты.
Бүгінде аталған сыныпқа 5 сыныпта оқитын 25 бала қабылданды. Өз еркімен қабылданған оқушыларды бұдан кейін шекарашы курсанттар қамқорлығына алып, алғашқы әскери дайындық сабақтарын кестеге сай жүргізіп отыратын болады. Шекара қызметі академиясының офицері,
майор Рүстем Сейсембековтің айтуынша, «Жас шекарашы» мамандандырылған сыныбына сайдың тасындай іріктелген, дене пішіндері нық, тұла бойы сымбатты, сөздері нақты, әскери киімдері өздеріне құйып қойғандай оқушылар алынды. Енді жас шекарашыларға академияның 4-курс курсанттары аптасына үш рет алғашқы әскери дайындық сабақтарын жүргізеді.
Бұл сыныпқа 4-сыныпты бітірген оқушы жайдан-жай қабылдана салмайды. Арнайы медициналық тексеруден өтіп, тиісті анықтамаларын тапсырады. Бастауыш сыныпта қалай оқығаны да ескеріледі. Белгіленген пәндерден сынақ тапсыра алғандар ғана оқиды. Одан бөлек іріктеу комиссиясының сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін мамандандырылған сыныпқа іріктеу өткізу және дайындау бойынша жұмыс жоспары бекітілген. Шара барысында мамандандырылған сыныпқа қабылданған оқушылар барша ұстаздар мен оқушылар алдында ант қабылдап, алғашқы әскери сабақтарына дайындықтарын көрсетті. Гимназия ұжымының алдында ант берді. Енді кішкентай жас шекарашылар шекарашы ағаларының үйреткен әскери сабақтарын жетік меңгеріп, гимназия бағдарламасын жақсы оқып, өзіне жүктелген жауапты міндетті дер кезінде орындауға тырысатын болады. Іс-шара кезінде 4-курс курсанттары қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетіп, қарумен орындалатын әскери дефилені көпшілік назарына ұсынса, академияның үрлемелі әскери оркестрінің ұжымы бірнеше шығарманы нақышына келтіре орындады. Ал гимназия ұжымының атынан «Ерке нұр» би ансамблінің өнерпаздары би билеп, гимназия триосы әуелете ән шырқады. Гимназия директоры Гауһар Мәнекеева қатысушыларды өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін «Жас шекарашы» мамандандырылған сыныбының құрылуымен құттықтап, ұлттық рухты қалыптастырып, ел тарихын терең зерттеудің маңызын атап өтті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Тұрсынова «Жас шекарашы» мамандандырылған сыныбының болашағы зор, гимназия оқушыларын тәрбиелеуде маңызды қадам екенін жеткізді. Осы ретте Елбасы тапсырмасымен аталған сынып қаладағы ең үздік деп танылған гимназияда дер кезінде ашылып отырғанын тілге тиек етті.
Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,
ҰҚК Шекара қызметі академиясының баспасөз хатшысы