Әдебиет • 04 Қараша, 2019

Жақсылық жасауда ысырап жоқ, ысырапта жақсылық жоқ

3461 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Бұл – ұят болады, жаман болады, обал болады. Ұят болады дегені – өлімнен ұят күшті, ұятты істі істеме, «жаным – арымның садағасы» дегені. Жаман болады дегені – «жақсы сөз – жарым ырыс», жамандықтан аулақ жүр дегені, жақсының шарапаты, жаманның кесапаты тиеді деп бағамдағаны. Обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар, саған түкке тұрғысыз болған бір нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін дегені, ешкімге көлеңкең түспесін деп ескерткені. Иә, бала күнімізден мұндай ескертудің талайын естіп өстік. Одан бөлек «ысырап болмасын», «ысырап қылмаңдар» дейтін қариялардың қатаң қағидалары әлі күнге жадымызда жаңғырып тұр.

Жақсылық жасауда ысырап жоқ, ысырапта жақсылық жоқ

 

Жылдар жылжып, айлар ауысқан сайын ақсақалдардың ақылы ақиқатқа айнала беретінін көз көреді, уақыт дәлелдейді. Құндылыққа құрметпен қарайтын дәуір даналарының тәрбиеге толы тәлімді тіркестері әлі күнге құ­нын жойған жоқ. Ысырап деген кезде ойымызға ең әуелі шашылып-төгіліп жатқан тамақ өнімдері келуі мүмкін. Сонда ысырап дегеніміз ас-ауқатқа байланысты ұғымды ғана білдіре ме? Әлде басқа да мағыналары бар ма?

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсететінін атап өткен болатын.

«Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», деді Елбасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өткізгенде Елбасы­ның сөзін қуаттап, бюджетті жос­пар­лаудың барлық кезеңдерінде шығыстарды оңтайландыруға, Есеп коми­тетімен өзара тығыз ықпалдастық орнатуға, сондай-ақ негізсіз имидждік және консалтингтік шығындарды қысқартуға шақырған еді.

Бүгінгі таңда тұрмысымызда кез­­де­сетін ысыраптың түрлеріне мы­налар­ды жатқызуға болады. Бұл заттай ысырап – суды, электр энергиясын шектен тыс пайдалану, тыйым са­лынған нәрселерге шашылу, оның ішінде ішімдік, құмар ойындары және т.с.с бар, сондай-ақ киімге ысырапты, мү­­лікке қалай болса солай қарау, тез тоз­дыру, қонаққа тым артық тағам дайындау, бір тауарды, затты сатып ал­ғанда артық, өз бағасынан асыра ақша төлеу, рухани ысырап немесе жан ысырабын жатқызуға болады.

Осы ретте Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Мүптіәділұлын әң­­гімеге тартып, ысыраптың шариғат шең­­беріндегі мән-маңызын білген едік.

«Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) жайлы аңызда, пайғамбар (ғ.с.) бір құ­мы­рсқадан белінің неге сонша жі­ңішк­е екенін сұрайды. Сонда құ­мырсқа: «Бұл менің қанағатшыл, үнем­­шілдігімнің белгісі» деп жа­уап береді. Оны қалай дәлелдейсің де­генде: «Бидайдың бір дәнін бір жыл азық етем», дейді. Сү­леймен пай­ғамбар әлгі құмырсқаны бір түйір бидай дәні салынған қыш құмы­раның ішіне қамап қояды. Бір жылдан кейін құмыраның аузын ашса,  құмырсқа дәннің жартысын ғана жеп­ті. Бұл қалай десе: «Мені ұмытып кет­­­сеңіз, тағы бір жылға жететіндей үнем­­шілдік жасағаным ғой» деп жауап бер­ген екен. Осы бір оқиғада исі мұ­сылман баласы үшін бүкіл өміріне же­терлік тағылым жатыр. Хикметке толы аңызда адам баласының өмірінде үнем­шілдіктің қаншалықты орын алатыны айқын көрсетілген. Қазақ халқы: «Жақ­сылық жасауда ысырап жоқ, ысырапта жақсылық жоқ» деген. Бұл нақылдағы «жақсылық жасауда ысырап жоқ» дегеннің сыры: мал дүниені жақсы амалдарға жұмсаса ысырап болмайтыны айтылған. Мысалы, мектеп, жол, көпір салу, жетім-жесірге кө­мектесу сияқты ізгі амалдар жа­сау­­да ысырап жоқ. Ал «ысырапта жақ­­сылық жоқ» деген сөздің сыры: жи­ған-тергеніңді, уақытыңды, күш-қуа­тыңды, іс-әрекетіңді шектен тыс шашу, рәсуа ету, пайдалы болмайтындай іске жұмсау деген сөз. Алла Тағала Құранның «Әнғам» сүресінің 141-ші аятында: «Ол сондай Алла аспалы және аспасыз бақшаларды, құрма ағаш­тарын, түрлі жемісті, өсімдіктерді, зәйтүн және анарды бір-біріне ұқсаған, ұқ­самаған түрде жа­ратқан. Әрбірі жеміс бер­ген кезде, жемісінен жеңдер. Оны жиып алған күнде құшырын беріңдер; Ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап ету­­шілерді жақсы көрмейді», деп ысырап етпеуге ш­а­қырады. Ислам дінін берік ұстанған хал­қымыз әр нәрсенің қадірін бағалай біл­ген. Ата-бабаларымыз: «Барға қа­нағат, жоққа сабыр» деген өсиетті өмір­­лік бұлжымас ұстаным етіп алған. Ал­ла тағаланың берген ырыздық, не­сібесін қанағат етіп, қолындағы барын аз болса уайымдамай, көп бол­са тасымай өмір сүрген. Хакім Абай: «...Еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпанды көрсеңіз...», деп ысы­рапшылдықтың дұш­­пан екенін тү­сіндіреді. Мал шашушыларды, яғни ысырапты сынай отырып, оны адам­ның бес дұшпаны деп білген. Абай атамыз ысырапшылдықты өті­рік, өсек, мақтаншақтық сияқты ең жаман әдет деп түсіндіреді. Өйткені ысы­рапшылдық ислам дініндегі ты­йым­­дардың бірі. Сондықтан  Құ­ран Кә­рім­­нің «Ағраф» сүресінің 31-ая­тында: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысы­рап қыл­маң­дар. Шындығында, Алла Тағала ысы­­­­рап қылушыларды сүймейді» деп әмір­ етілген», деді Бақытжан Өткел­баев.

Яғни, шариғаттың шартына сай келмейтін ысыраптың зияны мен келер кесапатын ескерген адамның тір­шілігі шуақты болары белгілі. 

Ал павлодарлық тұрғын Қуаныш Қазы­бекұлы адам еркінен тыс бола­тын ысыраптың қаптап кеткеніне қапалы.

«Біріншіден, күнделікті тұрмыста та­мақ ішуді алатын болсақ, молшылық, тоқ­шылық заман болғандықтан көп нәрсені жаңадан алып ішкіміз ке­ліп тұрады. Бұрынғыдай қиын-қыс­тау кез болмағасын түнгі тамақ­ты таңер­тең жегің келмей, еріксіз ысы­рапқа жол беруге мәжбүр боламыз. Одан кейін айта­тыным, қалалы жер­­дегі су мәселесі. Әсіресе көпқабатты үйде жуынған кезде суды мөлшерден тыс пайдаланатынымыз, одан қалса балалардың сумен ойнауын қадағаламауымыз қын­жылтады. Кішкентай дүние болып кө­рінгенімен мұның өзі ысырапқа алып баратын жол. Сонымен қатар киім киюде туындайтын ысыраптар. Жұмысқа барғанда, көшеге шық­қанда қатарластарың жарқырап киі­ніп жүрсе, осы киімімді киіп жүре берейін, ысырап етпейін десең де көш­тен қалмау үшін, араласатын адам­дарыңның арасында еңсең түс­пеуі үшін, киімің бар болып тұрса да, жаңа киім сатып алатын сәттеріміз жетерлік. Және бірыңғай ауа райы емес, бізде жылдың төрт мезгілі болғандықтан үнемі киім айырбастап отыру керек. Мұны еркіңнен тыс болатын ысырап деп қараймын», дейді Қ.Шарманов.

Қуаныш замандасымыздың осы бір пікіріне Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір өлеңі жауап болатын секілді.

«Қайтер еді, жігіттер,тым қымбат­ты кимесек. Мақтан үшін борышты, үсті-үстіне үймесек», деп толғайды ақын «Шаруа мен ысырап» деген өле­ңінде.

Иә, қай заманнан да жомарттық пен сараңдықтың, қанағат пен ысыраптың қатар жүретіні белгілі ғой.

Ертерек заманда өзі жомарт, ме­йірімді бір бай кісі өмір сүріпті. Бай­дың жақсылығын туған-туысы, көр­ші-қолаңы ғана емес, өткен-кеткен жо­лаушылар да көп көреді екен. Бі­рақ жұртқа қайырымдылық жасаған сайын, байдың дəулеті арта түседі. Біреуге қой берсе, қорасындағы қойы егіз туады. Байекең бір күні сапарлап жолға шығады. Қас қарайып келе жатса керек. Ат үстіндегі байекең қоржынынан нан алып жейді. Сол кезде нанның бір үзімі жерге түсіп кетеді. Құмдауыт жер екен. Байекең аттан түсе салып, жерден нан үзімін іздей бастайды. Қанша қараса да таба алмайды. Қараңғы түсіп кеткесін сол жерге белгі қойып кетеді. Ертеңіне келіп нан үзімін жарықта қарап та­уып алмақшы болады. Ертеңіне келіп қараса, белгі қойылған жерде ат басындай алтын жатыр екен. Байекең:

«Жасаған Алла, мен онсыз да баймын. Бұл алтынға мұқтаж емеспін. Неге маған бердіңіз», деген екен.

Сонда: «Сен қанша бай болсаң да ысырапшыл емессің, сараң емессің. Бір үзім нанның қиқымын обалсы­нып қайта келіп отырсың. Нан қиқымын құмыр­сқа илеуіне əкетті.  Ол құмырсқа үшін бір жылдық азық. Ал бұл сенің пейі­ліңе берген алғысым», деген екен Жасаған Ие.

Тарихқа сәл шегініс жасап көрсек. Баяғыда Қарқаралы уезінде бір басына 2600 жылқы біткен Жаманбала Құрмановқа  1894 жылы берілген ас­та 160 қой, 100 жылқы сойылып­ты.  Мұса Шормановтың асында 150 үй тігіліп, 200 жылқы, 400 қой со­йыл­ған. Ат  бәйгесіне 100 жылқы тігі­ліпті. Сы­рым батырдың асында 2500 қой, 200 жылқы сойылып, 500 саба қымыз ішілген. Ерейментауда керей Са­ғы­найдың асында үш жүз түгел шақы­рыл­ған. Осы асқа жұмсалған қаржы әйгілі Тәж Махал мавзолейін салуға жұмсалған қаржымен пара-пар түскен. Жазушы Сабыр Шариповтың айтуы бойынша, 1860 жылы Ұлытау өңірінде атақты бай Ерден Сандыбаевқа  500 үй тігіліп ас берілген екен. Оған Ақ­мо­ла, Сырдария, Торғай облысынан адамдар шақырылған. Асқа 160 жыл­қы, 200 қой сойылған. Бірінші кел­ген аттың бәйгесіне – 100 жылқы, екін­ші атқа – 50, үшінші атқа – 30, төртіншіге – 25, 5-9-шы орынға іліккен жүйріктерге – 20 жылқыдан, 10-15-ші орынға тұрақтағандарға – 7 жыл­қыдан, одан кейінгі 5 орынға – 5 жылқыдан, ас үстінде өлең-жыр айт­­қан ақын-әншілерге – 25 жылқы, бар­­лығы – 620 жылқы, 200 қой жұм­салған.

Мұндайды дәулеті тасыған жандар ғана бере алады. Ал Ахмет Байтұр­сынұлы: «Той деп шашылды, ас деп ша­шылды, ар, білім деп дәулет ша­шарға қай қазақтың қайраты жетеді?!» деп күйзелген екен. Ғұмар Қараштың «артық дүние тілеп, артық ысырап қылмаңдар – оның өтеуін төлей ал­май қаласыңдар» дейтін сөзінің салмағы да зіл-батпан. Әсілі біздің қазақ­тың өткен өміріне көз тастасаңыз, ысырап пен қанағатқа, парыз бен қарызға, құрмет пен міндетке қаншалықты мән бергеніне куә боласыз. «Өлгенін жырмен жоқтаған, тірісі сөзге тоқтаған» халқымыздың асылына ас беру, ұлысын ұлықтау, ұмытпау амалдары айрықша салтанатпен аталып өтетінін аңғару қиын емес. Бұрынғылар «Барлық жақсылық атаулы қанағатқа тоқтайды. Барлық жамандық атаулы асқандықтан, адас­қандықтан басталады» дейді. Осы ретте дәстүрлі әнші, қазіргі қазақ той­­­ларының бел ортасында жүрген беделді өнерпаздардың бірі Ерлан Рыс­қалидың бірауыз пікірін білген едік. 

«Байырғы қазақ «судың да сұрауы бар» деп ысырапқа, астамшылдыққа жол бермеген. Ал бүгінгі қазақ сол ба­баларымыздың ұстанымдарын ұмы­тып кеткендей. Қай жерге барсаңыз да бос ақша шашу, ысырапқа бой ал­дыру кездеседі. Себебі кез келген адам үнемдеуді білмейді. «Бес саусақ бір­­дей емес» қой, бірақ мен мұның сыры мынада деп ойлаймын. Ортадан қал­майын деп амалдың жоқтығынан ты­раштанып, қаражаты жетпесе де несие алып той жасайтындар бар. Осы барымды жұртқа көрсетейін деп атаққұмар, мақтанқұмарлығын паш еткісі келетіндер бар. Мысалы, тойға бір әнші шақыру үшін он мың доллар беретіндер жоқ емес. Ол әнші тойдың басынан соңына дейін болса жақсы ғой. Айналдырған 4-5 әнін айтып шығып кетеді. Тіпті шетелден әнші де, асаба да алдырып жататын тойларды көреміз. Оның бір ұшы мақтанқұмарлық болса, екінші ұшы ысырапқа әкеп соғып жатыр. Ысы­рапқа алып келетін нәрсе осы – даңғойлық. «Той – тәңірдің қазынасы» деп жатамыз. Қандай той тәңірдің қазынасы? Ол – ысырапқа жол бермей, мән-мағынасы терең, мазмұнды болса ғана тәңірдің қазы­насы болады. Бүгінгі көп тойлар бұл өлшемге сай келмей жатқаны айдан анық. Өз басым үнемшілдікті кез келген ортада ұстану керек деп есеп­теймін. Үнемшілдік адам­ды сараң­дыққа алып келмейді. Бұл адамды өзгенің еңбегін, күш-жігерін, уақы­тын құрметтеуге жетелейді. Жал­­­­­­пы ысырап деген дүниені Құдай да құп­тамайды, шариғатта да ты­йым салынған және ақыл-есі дұрыс, ойлауы қалыпты адам да оған жол бермеуі керек. Өз басым ысырапты құп­тамай­мын», дейді Е.Рысқали.

Қалай десек те ысырап пен қанағат­тың арасын ажырату кінә мен күнәдан ара­шалайтын асыл қасиеттердің қата­ры­нан болмақ.

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20