Аймақтар • 04 Қараша, 2019

«Ұлттық басылым – ұлттық тіл»

509 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі тарихы тереңнен тамыр тартатын іргелі басылымдардың бірегейі, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатқаны белгілі. Естеріңізге сала кетейік, газетіміздің ғасырлық тойы жыл басында, нақтырақ айтсақ, ақпан айында қасиетті Абай елінен, алаштың рухани астанасы Семей шаһарынан, ұлылар туған топыраққа, ұлт қайраткерлерінің ізі қалған қастерлі өлкеге тағзым етуден басталған еді. Екі күнге созылған шара аясында Алаш Орданың астанасы болған Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің әкімшілік ғимаратында басылымның 100 жылдығына орай «WORLD OF EGEMEN KAZAKHSTAN» ақпараттық-интеллектуалдық онлайн бұрышы ашылып, оқу орнындағы «АКМЕ» халықаралық клубының отырысы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған-ды.

«Ұлттық басылым – ұлттық тіл»

 

Жақында Өскемен қаласындағы драма театр ғимаратында бас басылымның 100 жылдығына орай «Ұлттық басылым – ұлттық тіл» атты облыстық байқау өтті. Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен сайысқа өңіріміздегі бес оқу орнының студенттері қатысып, «Таныстыру», «Тағылымды тарих», «Егемен Қазақстан болашақта», «Ұлттық басылым – ұлттық тіл» кезеңдері бойынша бақтарын сынады. Ерекше атап өтерлігі, Семей медицина университеті мен Өскемендегі Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері бірінің мамандығы дәрігер, екіншісі инженерлер болса да, өздерінің шығармашылыққа бейім, руханияттан хабары мол екендігін көрсетіп, газетке қатысты сан алуан сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Бес команда арасында өткен сайыста еліміздің 100 жылдық жылнамасы – «Egemen Qazaqstan» газетінің арғы-бергі тарихы кеңінен қамтылып, басылымда әр кезеңде басшылық жасаған, қызмет еткен Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Садуақасов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза сынды тұлғалар туралы да тұщымды мағлұматтар берілді. Сайыстың «Тағылымды тарих» деп аталатын екінші кезеңінде команда көшбасшыларына қойылған «Газеттің алғашқы атауы қандай?», «Басылым 1920 жылы қандай атаумен шықты?», «Газет кімнің ұсынысымен қазіргі атауына ие болды?», «Редакция қай жылы елордаға қоныс аударды?», «Газеттің қазіргі басшысы кім?», «Газет қай жылдан бастап жаңа дизайнмен шығарыла бастады?» деген сауалдар студенттерді ғана емес, залға жиналған көрермендерді де қызықтырып, танымдарын, ой-өрістерінің көкжиегін кеңейте түскені рас. Байқаудың «Егемен Қазақстан болашақта», «Ұлттық басылым – ұлттық тіл» кезеңдерінде студенттер басылымның болашағы жайында ой толғады, ізгі тілектерін жеткізді.

Сонымен, сайыс қорытындысында:

«Қазағым бұлай деген: «Ақыл жастан»,

Қымбат маған сенің бағаң асыл тастан.

Алдыңда бағындырар асулар көп,

Өркендей бер, «Egemen Qazaqstan» деп жыр жолдарымен газетке лебізін арнаған Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Көк түрік» командасы Алғыс хатпен марапатталды. Семей медицина университетінің «Достар» командасы 3 орынды иеленді. Жүлделі 2 орын Семейдегі М.Әуезов атындағы педагикалық колледждің «Руханият» командасына бұйырса, 1 орынды Қазақстан-Америка Еркін университетінің «Ұшқын» командасы қанжығасына байлады. Ал бас жүлдені барлық кезеңде білгірлік танытып қана қоймай, заманға сай креативтілігін көрсетіп:

«Egemen Qazaqstan» – ел газеті,

Жазылатын қоғамның ең қажеті, – деп басылымның мақсат-мұрат, бағыт-бағдарын өлеңге арқау еткен Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінің «Алтай ақпарат» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығына басқарма атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды. «Байқаудың аты айтып тұрғандай, ұлттық басылым мен ұлттық тіл егіз ұғымдар. «Egemen Qazaqstan» газеті мен ана тіліміз де егіз ұғым десек артық айтпаспыз. Басылым тіл тазалығына әрдайым мән береді. Көп газеттер осы басылымға қарап бой түзейді. Газеттің ғасырлық тарихы – үлкен, мағыналы, мәнді тарих. Облыстағы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырып отырған басқарма болғандықтан мерейлі датаны ескерусіз қалдыруды жөн көрмедік. Шараны Жастар жылы аясында студент жастардың арасында ұйымдастыруды ұйғардық», деді сайыстың жабылу салтанатында сөз алған басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.

 

ӨСКЕМЕН