Қоғам • 04 Қараша, 2019

Қазақстан NEET жастар үлесін 2021 жылы 6 пайызға төмендетпек

774 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан NEET жастар үлесін 2021 жылы 6 пайызға төмендетпек. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында  Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан NEET жастар үлесін 2021 жылы 6 пайызға төмендетпек

«Белгіленген шаралар Қазақстандағы NEET жастардың үлесін азайтуда маңызды құрал болуы тиіс. Өздеріңіз білетіндей, NEЕT – бұл жұмыспен қамтылмаған және білім беру процесіне тартылмаған жастарды белгілеу үшін қолданылатын халықаралық термин. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, әлемдегі әрбір бесінші жас осы санатта», деді министр.

Оның дерегінше, 2018 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш жасөспірімдер арасында 10,5, қыздар арасында 15,6 пайызды құрады. NEET-тің Еуропа одағы елдеріндегі 2018 жылғы орташа көрсеткіші – 16,5 пайыз.

«Қазақстанда ол 7,2 пайызды құрайды. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 0,5 пайызға төмен. Жыл соңына дейін NEET үлесін 1 пайызға төмендету жоспарлануда. Біздің түпкі мақсатымыз – бұл көрсеткішті 2021 жылы 6 пайызға дейін төмендету. Әрине, 254 мың – бұл айтарлықтай көп сан. Бірақ бұл жерде кейбір деректерді нақтылау керек. Мысалы, олардың 52 мыңы – үй шаруашылығы, отбасы мүшелеріне күтім жасау себебінен жұмыс істемейтін жастар, сонымен бірге олардың ішінде жас аналар да бар. 33 мың адам-денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істемейтін адамдар. Олардың көпшілігі мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады», деді Д.Абаев.