Қазақстан • 04 Қараша, 2019

Қысқа дайындық жұмыстары жалғасуда

767 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақавтодор» ЖШС республикалық маңызы бар жолдарды 2019-2020 жылғы қысқы кезеңге дайындау аясында көліктің қауіпсіз және кедергісіз қозғалуына ықпал ететін қажетті жұмыстарды жүргізуде. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қысқа дайындық жұмыстары жалғасуда

Биыл қысқы кезеңде күтіп ұстау жұмыстарымен халықаралық және республикалық жолдардың 24,9 мың шақырымы қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Жолдардың 21,1 мың шақырымы «Қазақавтодор» компаниясының балансында. Ал 3,4 мың шақырым жол нысандарда қайта жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігерлік ұйымдардың күтіміне алынатын болады.  Сонымен қатар жолдардың 422 шақырымы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ауыспалы нысандарға жатады.

Қысқы кезеңге дайындық жұмыстары ағымдағы жылдың мамырында басталған болатын. Шілде және тамыз айларының аралығында жол шаруашылығы объектілерінің қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігі тексерілді.

Бүгінгі таңда өндірістік базаларды, қазандықтарды, жылыну пунктері мен қоймаларды жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде. Мұнымен қоса, техниканы қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Қысқы кезеңде жұмыс істейтін техниканың жалпы саны 1085 бірлікті құраса, олардың 123 бірлігі жөнделуде. Техника дайындығы 91%-дан асады.

Жолдарды қысқы кезеңге дайындау шаралары кешенінің маңызды бөлігі болып  пайда болатын көктайғақ сияқты құбылыстарға жедел ден қою үшін қажетті материалдарды дайындау саналады. Тайғаққа қарсы материалдар дөңдері, бұрылыстары және еңістері бар аса қауіпті жолдарға шығарылады. Кәсіпорынның күшімен еңістер мен резервтерді ағаштар мен бұталардан, жол жиектерін шөптен тазарту жұмыстары жүргізілді. Жолшылар уақытша «Тайғақ жол», «Жылдамдықты шектеу» сияқты белгілерді, сондай-ақ, қардан қорғау қалқандарын дайындады. Өңірлердің климаттық жағдайларына сәйкес су өткізгіш құбырлардың тесіктерін жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.