Қоғам • 05 Қараша, 2019

10 миллион теңгені қайырымдылыққа жұмсайды

663 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Алты ұл тапқан ананы ханым десе болады» дегендей, биыл бірінші рет елімізде көп балалы әйелдер арасында «Қазақ ханымы» халықаралық байқауы өтті. Тұңғыш рет Алматыдағы Республика сарайының төріне шыққан алтын құрсақты келіншектердің ішінен талдықорғандық Маржан Алтыбаева топ жарып, 10 миллион теңгеге ие болды. «Қазақ ханымы» байқауының тәжін киген 31 жастағы Маржан – үш баланың анасы.

10 миллион теңгені қайырымдылыққа жұмсайды

Алғашқы байқауды халықаралық деңгейге көтерген оның ауқымын ұлғайтуға деген ұмтылыс еді. Байқауға іріктеу шаралары жүріп жатқан кезде Қырғызстан, Түркия, Ресей, Моңғолия елдеріндегі қазақ диаспораларының өкілдері байланысқа шығып, қатысуға өтінімдер берген. Өңір-өңірлерде өткен іріктеу байқауларын қоса алғанда, «Қазақ ханымы» жарысына 4036 келіншек қатысқан. Олардың арасында он балалы аналар да бар. Алайда, ақтық бай­қауға жолдама алғандардың арасынан Қырғызстаннан Жазгүл Эстебаеваның ғана Қазақстанға жолы түсіпті.

Осылайша, жексенбінің кешінде Алматы­дағы Республика сарайының төрінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 25 келіншек өнер­лерін ортаға салды. Өмірдің көркі, шаңырақтың шаттығы, отбасының берекесімін деп келген аналардың барлығы да өздерінің таланттарын көрсетті. Түн ортасына ұласқан байқауда алдымен өнер жарысқа түсті. Бұл – ұлттық дәстүр мен дарынға салтанат құрғызып, бүтін отбасын, қазақ әйелінің бойына жасырынған сұлулықты жарнамалаған жарыс еді.

Салтанатты оқиғаны қазылар алқасы­ның мүшесі, Парламент Мәжілісі­нің депутаты, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комис­сияның мүшесі Бақытбек Смағұл мына бір өлең жолдарымен ашып берді:

Ақ алмастай жарқылдаған жанары,

Әрбір істің алтын кілтін табады.

Бүгін міне, арулары қазақтың,

Тәуелсіздік көшін бастап барады.

Аңыздар көп ару қыздар хақында,

Ұлылық бар Ана деген атыңда.

Сендерсіңдер Ұлы Дала ұрпағын

Тербететін мынау алтын ғасырда.

Мәңгілік ел етем десең қазақты,

Өзгеге емес, өзіңе қой талапты.

Әйел – қазық, Еркек – азық, әр үйде,

Отбасына ер-азамат жауапты.

 

Шуақ шашып, мейірім тұнған ізгі арың,

Жырлағанмен жеткізе алмас жүз дарын.

Құрмет тұтып, құттықтаймын мен бүгін,

Азат елдің ай дидарлы қыздарын!

Сонымен әулетінің абыройын асырып, мына әлемді сәбидің былдырымен базарға бөлеген замана келіншектері ән салып, би билеп, музыкалық аспаптардың құлағында ойнады. Түрлі театралдық қойылымдар арқылы жанкүйер қауымның жүрегіне жол іздеді.

Жоғарыда атап өткендей, үш турдан тұратын жарыста Жетісудің сұлуы Маржан Алтыбаева «Қазақ ханымы» атанды.

– Мен әлі де өзімнің жеңіске жет­кеніме сенбей тұрмын. Кәдімгі түс сияқ­ты. Шынымды айтсам, жеңемін деп ойла­ған жоқпын, бірақ байқауға барым­ды салып дайындалдым. Байқауды ұйым­­дас­тырғандарға да, маған қолдау көр­сеткен қалың көпшілікке де алғысым шексіз. Байқау өте жақсы өтті. Бұл менің ғана жеңісім емес, отбасымыздың жеңісі. Бұл  жеңіс маған үлкен жауапкершілік жүк­тейді. «Қазақ ханымы» атағын абырой­мен алып жүруге тиістімін. Ал маған бұйыр­ған қаржылай жүлдеген келетін болсақ, барлық соманы қайырымдылыққа, көп балалы отбасыларға көмек ретінде таратамын, – дейді Маржан Алтыбаева.

Сондай-ақ бірінші орын алматылық Баян Мұсаеваға бұйырса, екінші орынға Атыраудан келген 7 баланың анасы Жанар Қадырова, үшін­ші орынға Ақтау ха­ны­мы Гүлнар Жайық ла­йық­ты деп табыл­ды. Жүлделі орындардан көрінген ханым­­дардың барлығы да қомақ­ты қара­жат пен бағалы сыйлықтардан құр қал­ған жоқ. Ал интернет-дауыс берудің арқа­сын­­да арнаулы жүлдені Жанар Қадырова алды.

Қазылар алқасына Қазақстан Прези­денті­нің «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада жетекшілік еткен алғашқы «Қазақ ханымы» байқауына баға беруге жазушы Зейнеп Ахметова, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Бақыт­бек Смағұл, Толқын Забирова, Алма Аман­жолова, Клара Қабылғазина, Секен Тұрысбеков, Марлен Көлбаев, Дари­ға Тұран­құлова, «Қазақ ханымы» халық­аралық бай­қауы жобасының директоры Ержан Айт­қали сынды өнер адамдары мен қоғам қайраткерлері қосылды.

Бір сөзбен айтқанда, «Қазақ ханымы» – өте қажетті де тәрбиесі терең жоба. Өзі­нің кә­­сі­бімен қоса, аналық міндетін де ат­қар­ып, отбасының тату­лы­ғын сақтаған, заманға сай білімі мен пара­сат-пайымы бар, көркін сақтаған көп бала­лы аналардың орны төрде болу керек, дейді ал­ғаш­қы байқауды мәреге жеткізген ұйымдастырушылар.

 

Алматы