Қоғам • 05 Қараша, 2019

Ұлт үлгісі

458 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлт – ұлы ұғым. Ұлтсызданамыз деп жүріп, мәңгірген мәңгүрт күйін кешуге сәл қалғанда, армандаған азаттыққа қол жеткізіп, бақ пен бақытымыздың зор екенін байқатып, соның жеңісін сезіп, жемісін жеп отырмыз. Қолдағы матау, аяқтағы тұсау үзілді. Төрткүл дүниенің мықтыларымен иықтаса тұрып, қатар отырып сөйлесетін дәрежеге жеттік.

Ұлт үлгісі

Дегенмен еркіндік деп еркелікке бой алдырып, ұрпаққа керек ұлт үлгісін, бабалар тағы­лымын бағамдай алмай, көрінгеннің қы­зылын қызықтап жүргеніміз де рас. Кейбір үлкен-кішілеріміз өзімізде жоқтай, басқаның салт-санасының, киім үлгісінің соңында шұбы­рып жүр. Бұл қалай десең, заманға сілтеп, сілең­ді қатырады. Заман қымбат па, ел қымбат па?

Тіпті өзім білемін, ешкімнің ақылының қажеті жоқ, дамыған елдер осылай өмір сүреді дейтіндер де бар. Иә, оны жоққа шығармаймыз. Сол өркениетті елдердің жаһандану «селінен» аман қалу тәсілдерінің қамында жүргенін кім жоққа шығара алар екен? Ол өз алдына мәселе десек, халқының азайып, бір шоғырының ашық-шашық жүруі (бізде де жоқ емес), эми­гранттардың тынысты тарылтып, тыпырлата түскенін білсек керек еді. Бұл да сабақ емес пе?

Ұлттық үлгіден көз жазғандар адаспай қалмайды. Оның салдары мен кесірі халық­қа тән ерекшелікті жойып, тобырлыққа ұрын­дыруы да мүмкін. Одан аман қалатын: рухы мықты ұлт, намысы бар, не болса соған есі кетіп, көзі бақырайып еліктемейтін жұрт қана. Бізге қазір осындай болат қадір-қасиет керек болып тұр. Жалған намысқа еріп, сөз бен іс алшақ кетсе, құлқын озса, ар тозса ұлтты ұрын­дырады, ұрпақ сенімнен қалады. Мұның кейбір белгілерінің барын кім жоққа шығара алады.

Қазақ атам заманнан үлгіні үлкеннен үйренген. Тал бесікті тербеткен ананың ақылы, екі сөйлемейтін, айтса бітіріп, кессе үзетін атаның айбыны бөлек болған. Сол қасиет сұйылып бара жатқанда, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Алдымен ел ағалары, сендер қателеспеңдер. Сендер қателессеңдер соңдарыңнан ерген ел қателеседі», деген екен. Қазір сол үрдісті жалғайтын үлкендерді, ақсақалдарды, абыз дәрежесіндегі айтулыларды зейнеткер, ардагер деп «құнын» құлдыратып алдық. Осылай кете берсек, ардагер бірте-бірте тобырға дейін төмендеуі мүмкін. Бұған тағы заманды кінәлай саламыз ба? Жоқ. Жалбақтап жүріп оның құнын түсірген өзіміз-ау, өзгеден көріп қайтеміз. Түскен беделді қайта қалпына келтіруді ойластырсақ, қане? Ойластырмасақ ардагерді бәріміз бірдей малданып жүре берсек, жұрт кісісі болудан қалып қою қаупі бар. Бұл бүгінгі ардагерге сәл ауыр тигенмен, кейін­гі ардагерлер от басынан озбайтын болады. Үлкен­дерінің үлгісі жойылған басқалардың кебін киіп қаларымыз хақ.

Бұрынғылар ұлына «тәйт!»деп ер жеткізген. Қызына қырық үйден тыйым қойған. Үлкені тұрғанда кішісі сыпсыңдамапты. Ал ақылы асқан кіші топ жарып шықса алдын кеспепті. «Тай дегенім тұлпар, бала дегенім сұңқар екен», деп жол беріпті. Оған Қазыбек бидің: «Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат!» деуі сөзімізге дәлел. Сөйтіп таудың тағысын қолға үйреткен аталарымыз қолдағы баласын тау қыранындай түлетіп шығаратын болған.

Бұл күндері дос деген ұғым бар. Оны бұрын тамыр деп атаған. Тамыр сөзі қандай қасиетті, қандай тағылымды десеңізші. Ұлттық киім үлгісі, оны үлкен- кішінің таңдаудағы талғамы қандай еді. Қазір қырғыз бен қытайда тігілген олпы-солпы шапанды әр жерге тықпалап, «шапанизацияны» өрістетіп барамыз. Әйел, еркек, ұл мен қыз заманды желеу етіп шалбарланып алатын болды. Тіпті ол шалбарларының бұта арасынан шыққандай жалбыр-жалбыры шығып, денесі көрініп жүретіні және бар. Тіпті әйел мен еркекті ажыратудан қалып барамыз. Бұрын қыздар сирағын сиди­тып, тобығын көрсетіп жүрсе, енді оған ерлер қосылды. Былайғы кезді айтпағанда, көп телміріп отырған теледидарда балағын түріп, сирағын сидитып хабар жүргізетін жігіттер қаншама? Бұрын Еуропаға еліктесек, мынау Шығыстан шыққан «мода» көрінеді. Бұл аңқау жұртымызды өздеріне тартудың жолы екені де белгілі.

Мұны тізудегі себеп, елімізді қойып, әр отбасына дендеп еніп бара жатқан жаһандануға қазақ төтеп бере ала ма, әлде бір замандары жұтылып кетіп жүрмей ме, дегендіктен қаузап отырған жай бар. Жағаластырып тұрған жаһанданудан сақтайтын құдіретті күш – ұлттық үлгі, тіл, діл, ұлт болмысы, салт-сана, әдет-ғұрып екені айдай ақиқат. Оның құнын білмесек, әркімге бір еліктеп далақтай берсек, тіліміз тынып, үлгіміздің үңірейіп орны қалмақ. Отыз жылда оңала қоймаған тіл шатқаяқтаудан құтылу былай тұрсын, жаһанданудың қанжығасында кету қаупін жоққа шығара алмасақ керек. Өйткені ұлт ісі ауызда бар да, істе ала-құла. Жаһандану жалмап кете ме деп мықты елдер елеңдей бастағанда, біз де етек-жеңімізді жинамасақ ұтыламыз. Басқа қонған бақ пен тақтың бүгін бағасына жетпесек, ұрпақтың наласы мен жаласына қалуымыз мүмкін. Ендеше, ұлтты қорғайтын ауқымы алып ұлттық үлгінің құнын құлдыратпай, төңірегін түлете берейік.