Аймақтар • 05 Қараша, 2019

ШҚО-да «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін беруде

609 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2019 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында 30 866 адам 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. 20 171 адам жұмысқа орналастырылса, оның 14 332-сі немесе 71% тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ШҚО-да «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы өз нәтижесін беруде

Шығыс Қазақстан облысында 3 746 адам еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында қамтылған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға жұмысқа орналасуда көмек көрсетеді.

Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытының негізгі міндеті азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту болып табылады. Оның шеңберінде бастапқы бизнесті іске асыратын және іске асыруды жоспарлайтын, сондай-ақ бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылай қолдау алмаған үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 100 және 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұдан басқа, ауылда және қалаларда кәсіпкерлік әлеуеті бар, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және зейнеткерлік жасына жетпеген олардың мүшелеріне, шаруа және фермер қожалықтарына микрокредиттер беріледі.

Шығыс Қазақстан облысында микрокредитпен 852 адам қамтылды. 100 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік гранттарды Мемлекеттік бағдарламаның 219 қатысушысы, 200 АЕК-ке дейін – 579 адам алды (жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар адамдар).

Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты азаматтардың жекелеген санаттарын жұмыспен қамту үшін мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын құруды қарастырады. Оны жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында 8 112 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 1 056-сы әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 264-і жастар практикасына және 5 792 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді.

Сонымен қатар еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші көп өңірлерден Шығыс Қазақстан облысына 1 128 адам (485 отбасы) қоныс аударды. Қоныс аударушыларлардың 607-сі еңбекке жарамды жаста, оның ішінде 418-і жұмысқа орналастырылды, 20-сы кәсіпкерлік қызметпен айналысады және 13-і жаңа тұрғылықты жерінде оқумен қамтылды.