Саясат • 06 Қараша, 2019

Шекарашылармен ауызша келісім мәселені шешпейді

155 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресей шекаралас өңірлері ынтымақтастығының ХVI форумы жақында Омбы қаласында өтеді. Екі ел арасындағы ынтымақтас жоғары қарқынмен өрістеп келе жатқанымен, шекаралас өңірлерде түйткілді мәселелер жеткілікті. Омбыдағы жиын барысында осындай мәселелер шешімін тапса игі.

Шекарашылармен ауызша келісім мәселені шешпейді

Қарабалық ауданы мен Ресейдің Челябі облысына қарасты Троицк қаласының арасын тек Үй өзені бөліп жатыр. Екі ара таяқ тастам жер, ауылы аралас, қойы қоралас. Қашаннан өзеннің арғы жағы мен бергі жағына адамдар жиі қатынап жатады. Троицк қаласының қала мәртебесі болғанымен өзі аттас ауданның орталығы ғой. Ал тарихқа көз салсақ, өткен ғасырдың 30-40-жылдарына дейін Троицк Ресейдегі ірі сауда, мәдениет, тіпті саяси орталық болған. Тек Қарабалық ауданы ғана емес, облыстың шекара маңындағы аудандарының барлығында тұрғындардың әрі-бері қатынауы бір саябырсыған емес. Бірақ бұрынғыдай ортақ қазаны бар оттың басында емеспіз. Заңы, рәмізі, ішкі саясаты бөлек-бөлек елміз. Сондықтан көңілі жақын болғанмен, шекарадан көкаттының бәрі өте бермейді, қос көршінің де заңы, қорғаныс талаптары барынша сақталады. Дегенмен, мемлекет заңымен реттелген ережелердің күнделікті тіршілікте адамдарға әбігерлік тудыратын тұстары бар екендігін шекара аумағы саналатын Қарабалық ау­да­­нының тұрғындары жиі көтереді.

Бұл мәселе «Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдар­дың шекаралық аймаққа кіруі­не рұқсатнама қағаз беру қағи­даларын және Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің кейбір шешім­деріне енгізілетін өзгеріс­тер мен толықтыруларды бекі­ту туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің 2013 жыл­ғы 23 шілдедегі №734 Қау­лысы және оның кейінгі толықтыру­лары мен өзгерістері арқылы рет­тел­ген. Осы қаулы бекіткен Ере­жеде шекаралық аймаққа кіру­ге рұқсатнама қағаз кімге бері­летіні тайға таңба басқандай жазыл­ған. Онда рұқсатнама қаға­зы оқу, емделу, жұмыс істеу, туризм мақсатымен шекара­лық аймаққа кіретін шетел­­ді­ктер мен азаматтығы жоқ адам­­дарға берілетіні туралы жазылған.

Бірақ жұрттың барлығы Қарабалыққа жұмыс істеуге, оқуға немесе турист болып келе бермейді, адамдар өздерінің туысына, ата-анасына, достарына, құда-жекжатына жеке шаруасымен келеді. Олар келген сайын аудандық көші-қон қызметі бөлімінен рұқсатнама қағазын алу көптеген адамдар үшін кәдімгідей қиындық туғызып келген. Қарабалық ауданындағы Смирнов селолық округінен басқа елді мекендердің барлығы шекаралық аумаққа кіреді. Мысалы, Челябі облысында жұмыс істейтін ұлы немесе тұрмыстағы қызы Ресейдің азаматы болған соң ол шетелдік болып саналады да, Қазақстанға келуі үшін аудандық көші-қон орталығынан рұқсатнама қағаз алуы қажет. Ол құжат жеті күнде дайын болады. Ең қызығы, Ереже бойынша Қазақстанға келетін адам Қарабалық аудандық көші-қон бөліміне рұқсатнама қағаз үшін арызды алдын ала келіп тапсыруы тиіс. Ол құжат жеті күнде дайын болған соң, оны алу­ға қайта келеді. Егер Ресей аза­­маты рұқсатнама қағазға арыз бермей, онсыз шекаралық аумақ­қа өтті дегенше, біздің елдің заңын бұзған болып шыға келеді. Сенімді ақпарат көз­дерінен ал­ған мәліметке қарасақ, біз­дің ше­карашылар тек нау­рыз айын­да ғана рұқсатнама қағаз­сыз Қарабалық ауданында жүр­ген 10 шетел азаматын ұстаған.

– Аудандық ішкі істер бөлі­мінің көші-қон бөліміне Ресей аза­­мат­тары мен азаматтығы жоқ адам­дардан рұқсатнама қағаз үшін күніне 20 шақты арыз түсе­ді. Ал жаз айларында бұл сан 80-ге дейін жетеді, – дей­ді Қара­ба­лық аудандық көші-қон қызме­ті бө­лімі­нің бастығы Қайрат Ыбыраев.

Күнделікті тіршілік бұл тәжі­рибенің қарапайым адамдар үшін өте қолайсыз екенін көрсетті. Өйткені өмірде түрлі жағдайлар кез­деседі. Осыны ескеріп, аудан­дық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі бөлімі шекара аума­ғын­да шекаралық режімді қада­ғалау қызметімен өзара ауыз­ша келісіп, рұқсатнама қағаз­ды беруді кейбір жағдайда жеңіл­деткен. Ресей азаматы Қара­бал­ыққа келген бетінде рұқ­сат­нама қағазға өтініш береді де, өз арызының көшірмесін ала­ды. Ол жеті күнде дайын бол­ған­ша Қарабалық ауданында жүре беруіне болады. Мем­ле­кет мүддесі тұрғысынан ойла­ған­да, бұл да мәселені түбірі­нен ше­шетін шешім емес. Рұқсат­нама қағазын дайындауға неге же­ті күн керек? Өйткені осы күн­дер ішінде Қазақстанға Ресей жағы­нан өтетін адамның кім екені тексерілмей ме?

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың шекаралық аумаққа кіруі үшін рұқсатнама қағаздың берілу Ережесі бойын­ша Қазақстанда тұратын етжақын туыстары ауырып қал­ған немесе қайтыс болған жағ­дай­да шекаралық аумаққа Ресей азаматын рұқсатнама қағаз­сыз өткізуге болады. Бірақ алдын ала мұндағы туыстары оған ме­ди­цина мекемелері куәлан­дыр­ған жеделхат салуы тиіс. Ал ауырған немесе қайтыс болған туысы жалғызілікті адам болып, оларға жеделхат салатын адам болмаса ше? Мұндай жағ­дай Қарабалық ауданында орын алған да көрінеді. «Қазақ­телеком» бөлімшелерінің мәлім­дегеніндей, қазіргідей цифрландыру, коммуникация заманында жеделхаттың күні өткен.

Боскөл селолық округінің әкімі Сапар Төлеубаевтың да ата-анасы Челябі облысының Қызыл ауданында тұрады.

– Ата-анам мен біраз ағайын-жекжатым сонда қалды. Олар­дың бізге әр келуі осындай құ­жат­­тарды реттеуден тұрады. Кел­­мей жатып рұқсатнама қағаз­ды олардың өздері келіп алуы қа­жет. Бірақ қазір сәл жеңіл­детілді. Әрине, жүріп-тұру­ға ың­­ғай­сыздық бар. Қазіргі цифр­­лан­дыру заманында соны же­ңіл­­детуге болмас па екен деп ой­лаймын, – дейді Сапар Тонуш­байұлы. Расында, рұқсатнама қағазын алуды оңайлату тек адамдар үшін қолайлы болуымен қатар, мемлекет қауіпсіздігін сақтауды да нықтай түсері сөзсіз.

Шекаралық аудандардағы өзек­ті мәселе тек рұқсатнама қа­ғаз­дың алынуы ғана емес. Мыса­лы, Боскөл селолық ок­ругін­дегі тұр­ғындар үшін Челябі облысына қатынау соң­ғы жыл­дары қиын­дап кетіпті. Өйткені 2013 жыл­ға дейін Боскөлді басып өтетін «Челябі – Қарталы» электр пойы­зы бұл стансаға тоқтайтын, ал қазір тоқтамайды. Пойызбен зуыл­­дап жетіп баратын жерді бос­к­өл­діктер тас жолмен айналады.

Жалпы, Қостанай облысында 8 аудан Ресейдің шекарасында орналасқан. Жыл басынан бергі он айда осы аудандар тұрған шекаралардан облысқа барлығы 2500 шамасында шетелдік өткен. Оның ішінде 1700-ден аса адам тек Қарабалық шекара аумағы­на келген. Мемлекет мүддесіне орай заңның барлығы да орындалуы керек. Алайда, оның адамдар игілігіне сай, қолайлылығы, уақыттан ағынынан қалмағаны да ескерілгені орынды. Оны қарабалықтықтар сезініп отыр.

 

Қостанай облысы,

Қарабалық ауаны