«Қазақтану» республикалық ғылыми-ағартушылық жобасы аясындағы алғашқы лекцияны «Сыр дидары» газетінің бас редакторы, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми сараптамалық топ мүшесі Сәкен Алдашбаев бастады. Ол лекция барысында «Рухани қазынаны жастардың бойына дарыту» – қазақ халқының рухани құндылықтары, ел тарихында болған елеулі оқиғалар мен жетістікке жеткен тұлғалар туралы, олардың оң тәжірибесі мен жастарды тәрбиелеудегі амалдары жайында айтып өтті.
Келесі баяндаманы «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бөлім басшысы, философия ғылымдарының докторы, профессор, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми сараптамалық топ мүшесі Баймырза Қожамберлиев оқыды. Ол рухани құндылықтардың қоғамдық өмірдегі қатынастарға әсері – қазақ халқының құрылуы, мәдени және тарихи құндылықтары мен қоғам ретінде даму сатылары туралы, жастарға тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жайлы сөз қозғады.
Семинарда келелі ойлар айтылып, аудан тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.
Бақытты отбасы болудың қағидаттары айтылды
Аналар кеңесінің мүшелері Сырдария ауданының әйелдеріне арнап семинар өткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева, «Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Рахима Ахметова бақытты отбасы болудың қағидаттары, ажырасудың алдын алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады.
Сонымен бірге жастардың қоғам тірлігі үшін материалдық өндіріс саласында еңбек етуге даяр болуын, білімге, өнерге ынтасын үнемі жетілдіруге жұмыс істеуі, қоғамдағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға араласуы туралы айтып өтті. Бұл мәселелерді Аналар кеңесінің мүмкіндіктерімен үйлестіру табысты тәрбиенің тағы бір негізі екендігіне тоқтала кетті.
Аналар тарапынан ұтымды ұсыныс-пікірлер айтылып, өмірлік тәжірибелер ортаға салынды.
Тиімді тренинг
Сырдарияда өткен жастар тренингіне 30 ауыл жасы белсенді түрде қатысты. Тренингті Қызылорда облысы әкімі аппараты Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Қанат Ботжанов жүргізді.
Жастар ортасында жағымды психологиялық климатты қалыптастыру, тиімді өзара қарым-қатынас құру жолдарын бағамдады. Ұйымшылдық арқылы биік шыңдар мен жеңістерге жету жолдарын зерделеді. Алдағы мақсаттарын айқындай отырып, ұжымдық жұмыстың ерекшелігімен танысты.
Қызықты әрі пайдалы тренингтен жастар көтеріңкі көңіл күймен қайтты.
Кешенді шара этномәдени бірлестіктер жанындағы шығармашылық ұжымдардың концертімен қорытындыланды. Ауыл тұрғындарына арналған концерттік бағдарламада әсем ән де, әдемі би де орындалды. Шығармашылық ұжымның өнеріне көрермендердің қошеметі толассыз болды.