Қоғам • 06 Қараша, 2019

Озық идеялар – ортақ игілік

519 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен екі күнге жоспарланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы кешенді шаралар Сырдария ауданында жалғасын тапты.

Озық идеялар – ортақ игілік

«Қазақтану» республикалық ғылыми-ағартушылық жобасы аясындағы алғаш­қы лекцияны «Сыр дидары» газетінің бас редакторы, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми сараптамалық топ мүшесі Сәкен Алдашбаев бастады. Ол лекция барысында «Рухани қазынаны жастардың бойына дарыту» – қазақ халқының рухани құндылықтары, ел тарихында болған елеулі оқиғалар мен жетістікке жеткен тұлғалар туралы, олардың оң тәжірибесі мен жастарды тәрбиелеудегі амалдары жайында айтып өтті.

Келесі баяндаманы «Өрлеу» педагоги­калық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бөлім басшысы, философия ғылымдарының докторы, профессор, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми сараптамалық топ мүшесі Баймырза Қожамберлиев оқыды. Ол руха­ни құндылықтардың қоғамдық өмір­дегі қатынастарға әсері – қазақ халқы­ның құрылуы, мәдени және тарихи құнды­лықтары мен қоғам ретінде даму сатылары туралы, жастарға тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жайлы сөз қозғады.

Семинарда келелі ойлар айтылып, аудан тұрғындары тарапынан сұрақтар қо­йы­лып, тұшымды жауаптар берілді.

Бақытты отбасы болудың қағидат­тары айтылды

Аналар кеңесінің мүшелері Сырда­рия ауданының әйелдеріне арнап семинар өткізді. Облыстық ішкі саясат бас­қармасының «Тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры, облыстық ҚХА жанын­дағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева, «Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Рахима Ахметова бақытты отбасы болудың қағидаттары, ажырасудың алдын алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі, жасөс­пірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады.

Сонымен бірге жастардың қоғам тірлігі үшін материалдық өндіріс саласында еңбек етуге даяр болуын, білімге, өнер­ге ынтасын үнемі жетілдіруге жұ­мыс істеуі, қоғамдағы өміршең өзге­ріс­терге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға араласуы туралы айтып өтті. Бұл мәселелерді Аналар кеңесінің мүм­кіндіктерімен үйлестіру табысты тәрбиенің тағы бір негізі екендігіне тоқтала кетті.

Аналар тарапынан ұтымды ұсыныс-пікірлер айтылып, өмірлік тәжірибелер ортаға салынды.

Тиімді тренинг

Сырдарияда өткен жастар тренингіне 30 ауыл жасы белсенді түрде қатысты. Тре­нингті Қызылорда облысы әкімі аппа­ра­ты Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Қанат Ботжанов жүргізді.

Жастар ортасында жағымды психоло­гия­лық климатты қалыптастыру, тиімді өзара қарым-қатынас құру жолдарын бағамдады. Ұйымшылдық арқылы биік шыңдар мен жеңістерге жету жолдарын зерделеді. Алдағы мақсаттарын айқындай отырып, ұжымдық жұмыстың ерекшелігімен танысты.

Қызықты әрі пайдалы тренингтен жастар көтеріңкі көңіл күймен қайтты.

Кешенді шара этномәдени бірлестік­тер жанындағы шығармашылық ұжым­дар­дың концертімен қорытынды­ланды. Ауыл тұрғындарына арналған кон­церт­тік бағдарламада әсем ән де, әдемі би де орындалды. Шығармашылық ұжымның өнеріне көрермендердің қошеметі толассыз болды.