Спорт • 06 Қараша, 2019

Шайбалы хоккей: «Барыс» өз қатарын фин қорғаушысымен күшейтті

202 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Нұр-Сұлтанның «Барыс» клубының қатарына күні кеше финляндиялық қорғаушы Атте Охтамаа қабылданды.

Шайбалы хоккей: «Барыс» өз қатарын фин қорғаушысымен күшейтті

31 жастағы Нивала қалашығының тумасы 10 жылғы жуық уақыт өз елінің «Кярпят» пен «Йокерит» клубтарында ойнады. 2016-2018 жылдар аралығында Қазанның «Ақ Барсында» өнер көрсетті. Татарстанның командасымен бірге Гагарин кубогын олжалады. ҚХЛ-ба барлығы 264 рет мұз айдынына шығып, 48 (13 гол+35 пас) ұпайды еншіледі.

Биылғы маусымды Атте Охтамаа Швейцарияның «Луганосында» өткізді. Бойы – 188 сантиметр, салмағы – 92 кило. Финляндияның ұлттық құрамасы сапында 2014 және 2016 жылдары әлем біріншіліктерінде күміс медалін иеленсе, 2019 жылы дүниежүзі чемпионы атанды. Міне, енді Суоми елінің өкілі «Барыстың» жейдесін киді.

Жоғарыдағы жаңалықты қазақстандық жанкүйерлер жылы қабылдады. Себебі, биылғы маусымды қарқынды бастаған «Барыс» соңғы турлар тым сүреңсіз өнер көрсетуде. Олар қатарынан бес кездесуде ұтылып, жарыс кестесіндегі жағдайдын біраз нашарлатып алды.