Спорт • 06 Қараша, 2019

Волейбол: Ардагерлерді еске алды

553 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің қол­дауы­мен «ҚР ҰҚК Сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласында волейболдан жарыс ұйымдастырды. Айтулы шара осы салада еңбек етіп, спорттық сайыстарда елеулі табыстарға қол жеткізген ардагер барлаушыларды еске түсіруге арналды.  

Волейбол: Ардагерлерді еске алды

Егемен ел­дің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ. Сондықтан жас жеткіншек­терді еңбекке баулу, рухани-адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу – аға буынға жүк­телген міндеттердің бірі. Ұзақ жылдар бойы сыртқы барлау қызметінің ардагерлері жас ұрпақтың са­лауатты өмір сүруін қалыптастыру бағытында кө­п­теген игі істер атқаруда.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде «ҚР ҰҚК ар­да­герлері» қоғамдық бір­лестігі Алматы филиалының төрағасы Әбдімәлік Райымқұлов пен «ҚР ҰҚК Сыртқы барлау ар­да­герлері» қоғамдық бір­лестігі төрағасының орынбасары Бердіхан Сәрсенбаев құттықтау сөз сөйледі. Ал бәсекелер ҰҚК-нің Сыртқы барлау қыз­ме­ті­ мен Шекара қызметі, ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті, ҰҚК Академия­сы­ мен ҰҚК Арнайы ақпараттық қызме­ті командалары арасында өтті.

Сыртқы барлау ардагерлерінің волейбол командасы ТМД аумағындағы жа­рыстарда сан мәрте атой салған. Бұл ұжымға ұзақ жылдар бойы «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы ҰҚК Сыртқы бар­лау ардагерлері» қоғамдық бірлестік төра­ға­сының орынбасары міндетін атқарған, ел­ден тыс жерлерде арнайы операцияларды орын­дап, екі мәрте Қызыл Жұлдыз, Ауғанстанның «Бі­рінші дәрежелі Жұл­ды­зы» және «Ба­тылдығы үшін» ордендері және көп­те­ген жауын­гер­лік медальдармен мара­патталған полковник Әбдіғапар Мир­манов жетекшілік етті. Айтулы азамат 2017 жылы көктемде қайтыс бол­ды. Қазір жыл сайын спортшы ардагерлерімізді еске алып осындай турнирлерді өткізу дәстүрге айналырдық. Сондай-ақ, осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет ет­кен марқұм – полковниктер Тұрлыбек Ниязқұлов пен Анатолий Пушкарев дәл осы команда сапында ойнаған. «ҚР ҰҚК ар­да­герлері» қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалын басқарған марқұм Марат Шабанбаев та спорттың осы түрін әбден меңгерген, – деді өз сөзінде Бердіхан Сәрсенбаев.

Аса шиеленісті өткен жарыста жеңімпаз атанған ҰҚК Шекара қызметі ака­де­мия­сының командасы ауыспалы кубокқа ие бол­ды. Екінші орынды Сыртқы барлау ардагерлері жеңіп алса, жүлделі үшінші орынды шекарашы ардагерлер иеленді. Жүлде алған командаларға ақшалай сыйлықтар табысталды. Жарысқа қатысқан барлық ойыншыларға «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің сим­во­ли­калары бар вымпелдер мен кәдесыйлар та­ратылды.

 

АЛМАТЫ