Медицина • 07 Қараша, 2019

Уақыты шегерілген шешелер

338 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жиырма жылдың көлемінде медицинаның экстракорпоральді ұрық­тандыру саласы айтарлықтай дамы­ға­нымен, бедеуліктің күн өткен сайын кө­кей­кестілігі көтеріліп келеді. Ендігі жерде отас­қан жастардың ширекке жуық бөлігі дер кезінде өз денсаулығымен перзент сүйе алмауы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДҰ) ғана алаңдатып отырған жоқ, белсіздік пен бедеулік – медициналық қана емес, әлеуметтік мәселенің біріне айналды.

Уақыты шегерілген шешелер

Мұндай пайым жасауымызға түрткі болған – бедеулікті емдеуге байланысты әлемнің әр шалғайында өтіп жатқан ауқымды форумдар, алқалы жиындар. Мәселен, таяу күндері ғана елімізде «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. КРТ  (көмекші репродуктивті технологиялар): Қазіргі жағдайы мен болашағы» XI халықаралық конгресі ұйымдастырылды. Әрине, бұл талқыға 18 елден репродуктологияның бүкіл кедір-бұдыр жолынан жүріп өткен 600-ге тарта маман қатысты.

Мәселен, егемендік жылдары бедерінде бедеуліктің түрлі формаларын емдеуде үлкен тәжірибе жиналды. Қазіргі кезде қолданыстағы тәсілдердің бәрі дерлік Қазақстанда бар. Эндовидеохирургия, диагностикалау мен емдеудің гормоналдық әдістері заманауи деңгейде дамып, қауіпсіздігі және тиімділігі жоғары дәрілік препараттар тіркеліп жатыр. Андрология, медициналық генетика, эмбриология мен молекулярлық биология қарқынды дамып келеді. Мұның бәрі қосалқы репродуктивті технологияларды тәжірибеге белсенді түрде енгізуге жол ашты.

Қазақстанда да «құтыдан шыққан» балалардың өзі де ана атанып үлгерген жағдай бар. Сол сияқты қазір қазақстандық репродуктологтар медицинаның бұл саласына машықтанғанын мақтан тұта алады. Сөзіміз айғақты болсын, қазір балалы болу үшін әрісі АҚШ-тан, Оңтүстік Корея, Израиль, Еуропа елдерінен, берісі көрші елдерден Қазақстанға келіп, біздің мамандардың көмегіне сүйеніп, сәбилі болып жатқан жұптар баршылық. Бұл бір жағынан, аталған мемлекеттердегі ұрық донорлығы мен құрсақ ана болуға, ұрықты қатыруға заңмен тыйым салынуы мен оның діни ұстанымдарға қайшы екендігіне қатысты.

Жуырда Алматыдағы Репродуктологиялық медицина институтының директоры Тамара Жүсіпәлиева елімізде шаңырақ құрған жастардың 18 пайызы бедеуліктен шығатын жол іздеуге мәжбүр екендігін мәлімдеген еді. Өз кезегінде ДДҰ жаһан бойынша отасқан жұптардың 15-20 пайызына бала сүю бақыты оңайлықпен келмейтінін алға тартып жүр.

Қысқасы, бедеуліктің орташа жиілігі әлем бойынша 15 пайызға тең және жақын арада бұл көрсеткіш төмендемейді. Диагностикалаудың зама­науи әдістерінің дамуы бедеуліктің негіз­гі себептерін жеткілікті деңгейде дәл табуға және оны емдеудің әдістерін анықтауға мүм­кіндік береді. Бедеуліктің 40 пайызға жуығы ерлердің репродуктивті жүйесіндегі патологиямен байланысты. Ал 30 пайызы – аралас бедеулік (ерлер және әйелдер бедеулігі).

Ендігі мәселе мынада, бала сүюден үмітті ерлі-зайыптыларға отасқаннан кейін жүктілік бұйырмаса, бір жылдан кейін-ақ бедеулік диаг­нозы қойылады. Ал бала туу азайған заманда мамандар жастарға уақытты оздырмай емделуге ұмтылу керектігін көлденең тартады. 

Көзіміз көріп, өзіміз куә болып жүрген жайттарға сүйеніп айтамыз, бір перзенттің жолында барлық дүниесі мен уақытын құрбан етіп, Құдайдан балалы болуды тілейтіндер айналамыздан табылады. Мұны мамандар «уақыты шегерілген шешелер» деп те атайды.

Ендігі жерде біздің репродуктология сала­сын­дағы мамандардың арманы – мемле­кеттің бұл саладағы саясаты мен заң­на­ма­ла­рын же­тіл­діре түсу.

Ал әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған, әл-ауқаты төмен жұптардың да көксегені  осы. Мәселен, 2010 жылы 100 ғана жұпқа көмек көрсетілсе, ол біртіндеп көбейіп, 2017 жылдан бері қарай Қазақстанда 900 квота бөлінді. Бірақ бір перзентке зар болып жүрген отбасылардың мұнан әлдеқайда көп екендігін және бір рет қана берілетін ЭКҰ тәсілі бірден нәтижелі бола бермейтінін ескерсек, бұл квота көлемінің мардымсыз екенін аңғарасыз.

«Бізде мемлекеттен берілетін квотаға кезекте тұрғандар өте көп. Бізге 8 мың квота қажет. Әзірге жылына 1500 квота алып отыр­мыз», дейді Қазақстан Репродуктивті меди­цина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджеттік ЭКҰ бағдарламасы арқасында елімізде 2010-2018 жылдар аралығында 2700 бала өмірге келгенін ресми түрде мәлімдеді. Алайда уақыты шегерілген шешелер мұнан әлдеқайда көп.