Парламент • 07 Қараша, 2019

Қаржы ең маңызды мәселелерге жұмсалуы қажет

254 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Әкімшілік-аумақтық құрылысты, мемлекеттік бас­қару жүйесін және бюд­жет­аралық қатынастарды жетіл­діру мәселелеріне қатыс­ты заң жобасы бірін­ші оқылымда талқыланды.

Қаржы ең маңызды мәселелерге жұмсалуы қажет

 

Осы заң жобасының маңызды­лығына айрықша назар аударған Н.Нығматулин заң жобасында көрсетілген шағын және орта бизнестен түсетін корпортивтік табыс салығы түсімдерін жергілікті бюджетке беру жайына баса көңіл бөлді.

«Шын мәнінде, осы корпо­ра­тив­тік табыс салығын жергілікті бюджетке беру туралы шешім өте орынды, өте қажетті. Енді жер­гілікті атқарушы органдар түсетін барлық қаржыны халықтың ең маңызды мәселелерін шешуге жұм­сауы қажет», деді Мәжіліс Төрағасы.

Сондай-ақ қаражат түсті екен деп оңды-солды бағдарламалар ойлап таппай, қаражаттың әр­бір азаматтың игілігіне тиімді жұм­салуын қатаң бақылауға алу керектігін атап өтті.

Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге шағын және орта бизнестен түсетін кор­по­ративтік табыс салығын беру ұсынылған.

«Республикалық бюджетке ірі кәсіпкерлік субъектілерінен ғана корпоративтік табыс салығының түсімдері түседі. Облыстық мәсли­хаттарға шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын облыстық және ау­дандық бюджет арасында бөлу нор­мативін белгілеу құқығы бері­леді», деді ведомство басшысы.

Жергілікті бюджеттерге кор­по­ра­тивтік табыс салығын беру өңірлер экономикаларының, шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратын болады және жергілікті бюджеттердің табыстарын ұлғайтпақ.

«Заң жобасы бойынша шағын және орта бизнестен түсетін кор­поративтік табыс салығы толық көлемде жергілікті бюджеттерге беріледі. Қазіргі таңда бұл салық түрі толықтай республикалық бюджетке аударылуда. Бүгінде корпоративтік табыс салығының жалпы көлемі 1 трлн 600 млрд теңгені құрап отыр. Осының ішінде шағын және орта бизнес­тен түсетін корпоративтік табыс салығы 400 млрд теңгеге жуық. Бұл қаржы енді жергілікті бюджеттерге беріледі», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, бұл қадам жергілікті эко­но­миканы дамытуға, ынта­лан-
дыруға ықпал етпек. «Жер­гі­лікті бюджеттер жыл сайын 400 млрд теңгеге артады. Бұл қомақ­ты қаржы елеулі түрде әсер етеді», деді Р.Дәленов.

Бұдан бөлек, ұсынылған заң жобасы Жер, Бюджет, Қылмыстық-процестік, Азаматтық процестік кодекстеріне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті тө­лемдер туралы» кодекске жә­не 12 заңға түзетулер енгізуді көз­дейді.

«Елорда атауының өзгеруіне байланысты 4 кодекс пен 7 заңға түзетулер енгізіледі. Заң жобасында кейбір күш құрылымдарын қайта ұйымдастыру бөлігінде өзге­рістер енгізу көзделген. Осы­лайша, Қазақстан Респуб­ли­касы Мемлекеттік күзет қыз­ме­тінің қайта ұйымдастыры­луына, сондай-ақ Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетіне Қазақстан Республикасы «Сыр­бар» сыртқы барлау қызме­тінің қосылуына байланысты заң­на­малық актілерге өзгерістер ен­гізу көзделіп отыр», деді министр.

Палата Спикері Н.Нығ­ма­ту­лин атап өткендей, корпоративтік табыс салығынан түскен қаражат аймақ тынысына серпін беріп қана қоймай, шағын кәсіпкерліктің дамуына да жол ашуға тиіс. Тал­қылау соңында Мәжіліс Төрағасы бүгінгі айтылған барлық ұсыныс-пікірлер екінші оқылымға дейін жан-жақты пысықталу керектігін тапсырды.

Жалпы отырыста «1994 жыл­ғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Хаттамаға 2017 жылы қара­шада Челябі қаласында екі ел пре­зиденттерінің қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңірлік ынтымақтастық жөніндегі форум аясында қол қойылды. Хаттамамен «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартының №2 қосымшасына өзгеріс енгізілді.

«Шарттың екінші қосым­ша­сында «Байқоңыр» кешенінің технологиялық және техникалық нысандарының, тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөлік­тер құлаған аудандарының коор­динаттары көрсетілген. Хатта­мамен оған жалпы алаңы 11,6 мың гектар төрт жер учаскесі жалдан шығарылады. Жалпы алаңы 1 740 гектар екі учаске Қармақшы ауданы Төретам кентін кеңейту үшін, сондай-ақ 9 950 гектар екі учаске «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін, «Ал­маты – Мәскеу» темір жолын салу және «Бейнеу – Шымкент» газ құ­бырының желілік бөлігі үшін алынып отыр», деді Ауыл ша­руашылығы министрі Сапархан Омаров.

Оның сөзіне қарағанда, көр­се­тілген жер телімдері Қызылорда облысының дамуы үшін қажет. Осы шаралар өңірдің әлеуметтік жағдайына және экономикасына оң әсерін тигізеді.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру мақсатында әзірленді.

«Заң жобасына сәйкес ендігі жерде тарихи-мұра объектісіне тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі бұрынғыдай сол
объект ашыла салысымен беріл­мейді. Бұл мәртебе енді оның тари­хи маңыздылығын айқын­дай­тын тарихи-мәдени сараптама жасалғаннан кейін ғана бері­леді. Әйтпесе бір кезде ашыл­ған мұраның талайы әлі күнге зерттелмеген, қазылмаған, рес­тав­рацияланбаған күйінде жатыр, яғни тек тізімде тұр. Алдағы кезде үш жылдың ішінде, кей жағдайда бес жылдың ішінде олардың құндылығының басы ашылады да, жұмыс жоспарлы түрде басымдық бойынша жүргізіледі. Кім көрінген қолына күрек алып, «қара археологиямен» айналыса бермейтін болуы үшін алдағы кезде археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды өкілетті органның жоспарлауы әрі берген лицензия­сы бойынша жүргізу міндеттілігі де заңдастырылғалы отыр», деді Мәжіліс депутаты Сауытбек Аб­драх­манов.

Сонымен қатар жиында «Қа­зақстан Республикасы Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

«Атап айтқанда, депутаттар та­рапынан жекелеген құқық­бұзушылықтар қысқартылып, кодекстен алынып тасталды. Өйткені мұндай даулар сотта азаматтық талап қою тәртібімен азаматтарды әкімшілік жауаптылыққа тартпай шешілуі мүмкін. Бірқатар құқықбұзушылықтар бойынша айыппұл санкцияларының мөл­шері төмендетілді, сондай-ақ қол­даныстағы әкімшілік жазалар әлдеқайда жеңіл жазаларға ауыс­тырылды», деді Мәжілістің Заң­нама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин.

Депутаттардың ұсынысы бо­йынша жол жүрісі саласындағы же­ке­леген бұзушылықтар үшін айып­­пұл санкциялары ұлғай­тылды.

«Жүргізуші құқығынан айы­рылған адамға көлік құралын жүргізгені үшін 50 АЕК айыппұл салынады. Қазір мұндай айыппұл 10 АЕК-ті құрап отыр. Сондай-ақ осындай тәртіп бұзушылықты қай­талап жасағаны үшін айып­пұл 20-дан 70 АЕК-ке дейін ұлғай­тылды. Бұл түзету қазақстан­дықтардың жолдағы қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету үшін қабыл­данған», деді Қ.Мусин.

Жалпы, отырыс соңында бір­қа­тар депутаттық сауал жолдан­ды.