Мамандар ескірген станция бұрын мұндай қуатпен жұмыс істей алмайтын еді дейді. 2019 жылдың басында осы су электр станциясын жаңғырту бағдарламасының аясында әрқайсысының қуаты 31,5 МВт болатын екі жаңа су агрегаты пайдалануға берілгеннен кейін станциядағы жұмыс қыза түскен.
«Жаңа екі гидроагрегаттың жұмысынан басқа, су электр станциясының жоспарды асыра орындауына себеп болған тағы бір басты фактор – станцияның негізгі және қосалқы жабдығының апатсыз жұмысы. Оның үстіне, Сырдария өзенінде де су көлемі жеткілікті болған. 2020 жылы біз Шардара су электр станциясындағы техникалық жаңғырту жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, бұдан кейін оның қуаты артып, Түркістан облысындағы электр энергиясының тұрақты көзі болып қала береді», – дейді «Самұрық-Энерго» АҚ «Генерация және отын» департаментінің директоры Бағлан Исенов.
Айта кетейік, 2020 жылдың бірінші жартысында тағы екі гидроагрегат жоспарға сәйкес құрастырылса, Шардара станциясын жаңғырту бағдарламасы аяқталады. Жобаның жалпы құны 38 млрд теңгені құрайды. Қаржының 32% өз қаражаты есебінен, 68% несиеге алынған. Жобаның мердігері – Andritz Hydro GmbX атты Австрия-Германия компаниясы.
Жалпы, жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, Шардара СЭС-інің қуаты 126 МВт-қа дейін артпақ. Жаңа жабдық су станциясының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұлғайтып, СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырады және апаттылық деңгейін төмендетеді. «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының сөзінше, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етіп, өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие.
Тұтас алғанда, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Нарықты дамыту» департаменті әзірлеген, Қазақстанның электр энергиясы мен көмірі нарығына 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде жасалған талдауға сай, 2019 жылдың 9 айында компанияның «таза» электр энергиясын өндірудегі үлесі (КЭС, ЖЭС, шағын және ірі СЭС-тер) 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда (2 152,2 млн кВтс) 11,3% артқан (2 395 млн кВтс).